Кавказ тұтқыны
А. С. ПУШКИННЕН
повесть
1820-1921
(Арнау Николай Николаевич Раевскийге)
Сөзімді құп ал, достым, езу тартып,
Еркіндік музасынан шыққан шалқып;
Арнадым қуғын керген толғау жырды,
Шабытты бос кезімде сыйқын тартып,
Кінәсіз, қуанышсыз мен өлгенде,
Жан-жақтан өсек гулеп жөнелгенде,
Дірілдеп түсі суық болат қанжар
Жүзінен опасыздық көрінгенде,
Ұйқысы махаббаттың үсте зіл боп,
Мерт қылып мені өлтіре кенелгенде,
Жанның жай тыныштығын сенен тауып,
— Сен мені, шындап сені сүйгем мен де,
Тәңірге дұға оқығам тыныштықта,
Үстімнен дауыл тұрып түнергенде:
Амалсыз айрылысар күн туғанда,
Жанымнан мұңды жырым шарқ ұрғанда,
Көңілімде көлеңкесі кетпей жүрген
Кавказдың қарт құздарын түсірді ойға.
Ауыл мен даланың зор патшасындай
Бес басты Бестау шыңы бұлт асырмай
Томсарып тұрған зеңгір тұлғасы оның
Көрінген менің жаңа Парнасымдай.
Ұмытқан шақпақ тасты тау жақпарын,
Сарқырап құздан аққан бұлақтарын;
Қу дала, аңызақ қыр, бір кез мұнда
Сырласып, есте ме, дос, тіл қатқаның?
Олжа іздеп құзынан тау қолтығының,
Жаужүрек тау ерінің жортуылын.
— Ұмытпай сол меңіреу тыныштықтан
Қанатты жырға шабыт, ой тууын.
Осыдан табарсың сен бәлкім, күйді,
Еске алып жүрегіңе қымбат күнді;
Көңілде қайшыласқан құмарлықпен
Басыңнан өткен таныс қайғы-мұңды;
Я, көрген өзіңе аян азабыммен
Жанымнан шыққан жұмбақ терең үнді:
Өмірге түрлі жолмен біздер келдік,
Тыныштық құшағында шақ гүлдендік,
Ер туған атамыздың қанды майдан
Ізімен біз де туып, өсіп-өндік.
Түнерген қара бұлттай жау оғының
Астында кеттің өліп, етіп ерлік.
Отаның еркелетті туған ұл деп
Өзімнің қасиетті құрбаным деп;
Үміттің «елер күнгі сәулесіндей,
Жарқ еткен есіл сабаз ұланым деп.
Ерте іштім қасірет уын, қуғын көріп,
Өсектің құрбаны боп жапа шегіп,
Қалмай-ақ қайда барсам қыр соңымнан,
Өксітті өмірімді сұм өшпендік.
Шыдадым, жүрегімді мен бекіттім,
Жалықпай жадыраған күнді күттім.
Жұбанып бақытымен достарымның
Медет қып, тәтті нәр ап, жан жібіттім.
Бірінші бөлім
Алдында аулының думандатып,
Черкестер отыр шалқып сез қоздатып;
Кавказдың құзында өскен ұландары
Қырғын жол жорықтарын жаңғырта айтып
Мақтасып қаз мойынды сұлу атын,
Тағы боп дарқан өскен рахатын,
Еске алып, өткен күнін, ер жорығын;
Алдағыш үздендердің қияпатын,
Қытымыр қанжарының шапқыштығын,
Садақпен мүлт еткізбей атқыштығын
Ұшырып күлін көкке көп ауылдың,
Қара көз қызын күң қып баққыштығын.
Ел тыныш, қызды әңгіме бұл ауылда,
Ай жүзді тұңғиық түн тұманында:
Сол кезде салт аттылы бір жас черкес
Отырған келді жұрттың тура алдына.
Бұғаулап бір тұтқынды өлтіргелі,
Олжалап құз қойнынан әкелгені.
«Міне, орыс!» деп, жыртқыштан шыққанда айқай,
Жүгірді жұрт топырлап, іркілмеді.
Сұп-суық үнсіз, түссіз тұтқын жатты,
Быт-шыт қып, соққы тиген басқа қатты;
Сілейіп өлген жанның сүлдесіндей
Қимылсыз қалды қатып жабырқаңқы.
Көре алмай дұшпанының тұтқын жүзін,
Жекірген есіте алмай ащы сөзін,
Үстінен оның ажал қағып қанат
Алады демін шаққа, мұздап сезім.
Қайрат жоқ шығатұғын тұтқын қостан,
Ауыр зіл жатты ұзақ үстін басқан.
Шаңқай түс тұрды аспанда күн толықсып,
Көгінен қуанышты нұрын шашқан.
Рухын өмірінің қарсы ала күн,
Аузынан шықты тұтқын шаршаған үн.
Жылытып күннің ыстық нұр сәулесі
Денесін көтертті әлсіз бишараның.
Қараса әлсіз көзбен айналасы
Асау құз, асу бермес тау қиясы,
Сол құзға дарқан черкес қамал салған
Жағалай жауынгер ел — ер ұясы.
Сөзді жас тұтқын боп зар шеккендігін,
Шошырлық дабыл түстей өткендігін,
Шалынып құлағына шынжыр даусы,
Аяққа кісен түсіп кілттенгенін
Біткенін істің — сұмдық шынжыр ашты,
Көз алдын күңгірттеніп түнек басты.
Кеше гөр! Қасиетті нұрлы еркіндік,
Ол бір құл, тұтқын болып жанталасты.
Тікенді үй артында жатыр, сезді,
Жан да жоқ, қарауылсыз жалғыз өзі;
Жұмыста черкес біткен даладағы
Тып-тыныш ауыл мүлгіп тұрған кезі.
Көлбеген көз ұшында жазық дала,
Көк майса гүлге оранған жасыл ала;
Бір жақтан қалғып орман ойға кетіп,
Телі ескен биік мұздың басын ала.
Сол құзды қудалаған жолы қандай,
Қайғылы орманға алыс жоғалғандай...
Көргенде соның бәрің жас тұтқынның
Жүрегі ауыр ойға оранғандай.
Ұзақ жол — Россия, туған елі,
Қандай шат жас өмірі думан еді!
Сол елде қуанышты тұңғыш біліп,
Жар сүйіп алғаш рет қунап еді.
Сол елде оның тұңғыш қайғысы да,
Арманы, тілегі мен алғысы да
Шат болып өткен күндер тізбегімен
Оралды осы сәтте ой ұшына,
Жақсы күн ескерткішін сақтар жері
— Сорлының жүдеу тартқан жүрегі еді.
Көп көрді ол жалғанды да, адамды да
Бұраң жол — сұрғылт өмір болғанды да.
Жүрегі достың оған алдаушы боп
Құштарлы сүю — түс боп саналды да.
Жиреніш өткен күнін сағынғандай,
Сол үшіні құрбандық боп шалынғандай.
Екі ұшты, пәтуасыз екі сөзді
Өсекті жаратпаушы еді жағынғандай.
Досы оның жаратылыс, дүние дұшпан,
Жерінен туып-өркен айрылысқан;
Қуанып еркіндіктің таңын аңсап
Қиядан қиырға алыс құстай ұшқан.
Әлемнің айы астында өмір сүрген
Ол іздеп еркіндіктің нұрын сүйген.
Жүрегін құмарлыққа қабындырып,
Шерге де, қиялға да мұздай білген.
Толғанып толқынды өлең тыңдағандай,
Жыр шаттық жанына жан жалғағандай.
Сенімді жалын атып сезімменен
Құшақтап жырдың тәжін қармағандай...
Болар іс болды үмітке сиынғанда,
Ешнәрсе көре алмады ол бұл жиһанда,
Көздеген ед ақырғы арманы еді.
Болды енді о да ғайып мына таңда.
Ол бір құл қара тасқа басын сүйеп,
Күткені таң шапағы құланиек
Құлазып батқан күнмен бірге сөнсем
— Екен деп керден сая етті тілек.
Күн батып бара жатты тау астына,
Адамның тау жаңғырығып дауысына;
Даладан жұрт ауылға қайтып келеді
Батқан күн шағылысып шалғысына.
Ауылға олар жетті, шам да жақты,
Даурыққан үн басылды шыққан қатты.
Бәрі де тұңғиық түн құшағында
Тынығып, тынышталып, дамыл тапты.
Жарқырап түн ішінде күміс бұлақ,
Күркіреп ағып жатыр таудан құлап,
Жамылып қара бұлтты қаусыра ұстап
Кавказдың ұйықтап жатты құзы сулап...
Әлдекім шағылысып ай нұрына,
Тып-тыныш тұңғиық түн қойынында,
Аяғын ұрлап басып келе жатты
Дыбысқа тұтқын орыс тұрды ояна.
Қарады бір қараны көзі көріп,
Сүйткенше нақ алдына жетті келіп.
Тіл қатпай, жас қара кез черкес қызы.
Әдеппен тұрды иіліп сәлем беріп.
Үндемей көз жіберді қызға қарай,
Сене алмай, түсім бе деп жаңылғандай:
Шаршаған денедегі сезімі ойнап
Сәл ғана ай нұрымен жаңарғандай.
Қуана, езу тартып аяп күліп,
Жақындап келіп қана тізе бүгіп,
Ұсынды тұтқын жанға ерке сұлу,
Ақырын баяу қолмен қымыз құйып.
Балауыз жас сұлудың лебін жұтып,
Мінезін, сөз лебізін көзбен ұтып,
Жүрегі жігіттің де аласұрып
Ыдысты қымыз құйған кетті ұмытып.
Шама жоқ бөтен тілді ол түсінуге,
Беті от боп, күйіп-жанып, ісінуде...
Дірілдеп сұлу даусы: серпіл, деп ед,
Дем болды тұтқын жанға күшеюге.
Зорға деп тұтқын жігіт әлгі жинап,
Сұлудың өмірін қайт етпей жайлап,
Түрегеп, ішті-дағы шөлін басты,
Қымызын ерке жанның берген сыйлап.
Сүйеніп сонан кейін тау жартасын,
Көк тасқа ауыр тартқан қойып басын,
Сөніңкі жанарымен бала қыздың
Ентелеп қарай берді бар нұсқасын.
Отырды ұзақ уақыт қыз да тынып,
Тып-тыныш бір тұңғиық ойға шомып;
Тұтқынның жүрегінің жан жарасын
Үндемей отырса да жазбақ, болып.
Еріксіз ашылғанда еріндері,
— Аузына сөзді әкеліп төндіреді,
Күрсініп, қайта-қайта жасқа толып
Сұлудың қара кезі мөлдіреді...
Жалт берген көлеңкедей күндер өтті,
Мал бағып тауда тұтқын ерік күтті,
Ызалы қоңыр салқын құз қойнауы,
Шыжыған оны жаз да жасырды епті.
Мүйізі күміс айдың көкті жарып,
Томсарған тау астынан туса барып,
Баяғы черкес қызы тарлау жолмен
Тұтқынға келеді қымыз, шарап алып.
Тұтқын жан көріп сұлу черкес қызын,
Әкелген жүзім суын, бал уызын
Бірге ішіп, біраз уақыт еткізеді,
Ақ қардай ақ бидай мен capы қымызын.
Көресін, отырғанда жан жанарын,
Белгісіз үнмен ұғып сөздің мәнін;
Тіл қатпай терең сырдан көздері ойнап
Шырқайды толықсытып таудың әнін.
Бақытты грузиннің әнін бұлбұл,
Шырқайды шыдай алмай жанып гүл-гүл.
Айтарын ұқтырғандай ойындағы
Сездіреді түсініксіз жат қызыл тіл.
Қызға тән арнап тұңғыш сұлу жанын
Қыз сүйді, білді тәтті бақыт балын,
Бірақ та, тұтқын орыс жастық шақтың
Ертерек жоғалтып ед бал құмарын.
Бере алмай жігіт жауап жүрегімен,
Құмарлы жас махаббат тілегімен
Күрмелді, әлде ұмытқан ғашықтықтың
Қорықты көрген түстей үрейінен.
Сенбейді жастық бір күн солған гүлше,
Қызық шақ бізді тастап жөнелгенше
Біраз бар; күтпеген бір қуанышты
Бір емес, құшақтармыз әлденеше.
Әсерін қызық шақтың жоя алмайсың,
Бірінші ғашықтыққа тоя алмайсың;
Алайда жалындаған жастық құсы,
Қолға көп қайта айналып қона алмайсың.
Үзгендей тұтқын үміт болып кетті,
Өмірге жабырқаңқы үйреніпті.
Еріксіз құсалықтан тұтанған от
Жасырын жан сырында орын тепті.
Тұнжырап ол кезген шақ тау қамалы,
Соққанда жібек қанат таң самалы,
Құздардың ортасында тұрып тұтқын
Шыңына кірпік қақпай бір қарады.
Ақша қар, қызғылт шұбар, көкше мұнар
Шалынды көз ұшында тау маңайы,
Бөленген көркем сурет кербез тауы,
Мәңгі құз, ақша қардың тастан тағы;
Зеңгірдің биік шыңы көзге ілінді,
— Тіркескен ақ бұлттардан жақпарлары.
Бір алып екі басты ортасында,
Жарқырап тәждей мұзы жартасында,
Бұлт шаншып Эльбрустің шыңы тұрды
Ағарып аспан көктің алқасында.
Соғылса көк қамшысы шарт-шұрт етіп,
Күркіреп от найзағай жарқ-жұрқ етіп,
Тұтқын жан талай рет тау үстінде
Отырған қозғалмастан тастай бекіп!
Астында аяғының бұлттар жүзіп,
Даланы шексіз қиыр шарлап кезіп,
Тығылып жақпар тастың арасына
Жалт берген, пана іздеп аң шошып, безіп.
Қырандар құз жартастан теуіп ұшып,
Саңқылдап бұлттан асып, көкті құшып;
Кісінеген жылқы шуы, малдың даусы
Басылған күркірінен күннің шошып.
Кенетте көк бұршақтап, жаңбыр құйып,
Ойнайды найзағайы бұлтты қиып,
Бұрқырап тасқын атып толқын тасып,
Тастарды не заманғы айдап қуып.
Жападан жалғыз тұтқын тауда тұрып,
Көз салып атырапқа мойын бұрып,
— Артынан күркіреген көк бұлттың
Келуін тосты күннің қайта туып.
Күркірін найзағайдың көріп күшті,
Екпінсіз дауылдан да бір елесті
Көз көріп, жаны сезіп аласұрып,
Әлдене, қуанышты тұтқын құшты.
Алайда Европа жас адамын,
Ел салты қызықтырды осы араның,
Тұтқын жан таулықтардың арасында
Білді әбден өзіне жат халық заңын.
Әмірін сүйді олардың қарапайым,
Қонақ жай, қырқысуға және дайын.
Сайыскер, қимылы еркін, әрі шапшаң
Олардың күшке толы алақанын.
Көз алмай сағат сайын дүркін-дүркін,
Қарады черкестердің сымбат-көркін:
Толқынды, таулы, тасты кең далада
Бұрқасын, қара бұйра киіп беркін.
Шіреніп үзенгіге, жалдан құшып,
Жүйріктің пәрменімен құстай ұшып,
Үйренген соғысқа ерте сол елдердің
Ұнатты, ғажап сұлу реңдерін.
Жортуыл жорыққа арнап киім киіп,
Бес қару белге асынып жүргендерін.
Тағынып оқшантайын, сауыт киген,
Қыл арқан, қобан садақ, қанжар ілген,
Наркескен алмас қылыш мәңгі досы
Еңбегі бос уақытта осы білген.
Басқа зат қызықтырмайды, ешнәрсе үшін,
Мейлі атты, мейлі олар жаяу жүрсін,
— Баяғы бір қалпында қайда көрсең,
Бас имес, жеңу бермес ерлік мүсін.
Шошытқан бейқам қазақты оның даңқы,
Тек барлық байлығы оның —жүйрік аты
Төлі өскен асыр салып тау жылқысы
— Олардың жан жолдасы — ер қанаты.
Айлакер қарақшысы жолда тұрып,
Меңіреу сай-салада бағып жүріп,
Бейсеуат жолаушы өтсе ұмтылады,
Қиядан қырандайын кенет көріп.
Көзді ашып-жұмғанша тез соғыс бастап,
Шартта-мұрт қиқу салып араласса-ақ
Соғысып таудың сайлы жылғасында,
— Сүйрете жөнеледі арқан тастап.
Аста аты аласұрып жұлқынады,
Арындап алға қарай ұмтылады;
Жолында жатсын батпақ ор да, сор да,
Атылып таудан, тастан құтылады.
Қанды ізі шапқан сайын жосылады,
Жаңғырып шабысқа тау қосылады;
Гүрілдеп көбік шашқан тасқын суға
Шолп етіп жоғалады, түсіп әрі;
Жолаушы лақтырылған суға тәні,
Жатады жұтып лай толқындарын,
Өлдім, тез өлсем екен, деп көреді
Өлімнің көз алдында тақалғанын...
Иесін суға жүзіп алып қашқан,
Қуатты ат толқындармен арпалысқан
Шығарады садақша ойнап кемеріне
Өзеннің ақ бураша көбік шашқан!
Я, қармап күміс көбік су еркесі,
Өзенге айбат шегіп сұрғылт кеші,
Жөргектей жоталардың жонын жауып
— Түнерсе айсыз түннің көлеңкесі,
— Ер черкес қалқан, телпек сауыттарын,
Оқшантай, сұр жебелі садақтарын
Ағаштың мың жасаған бұтағына
Қояды іліп, сүйеп жарақтарын.
Сонан соң ағыны асау толқын суға,
- Кетеді сүңгіп, жүзіп ұсап қуға.
Үн-түнсіз тұңғиықта малтыса да
Кірмейді шаршап, талып қажу ойға.
Тынық түн өзен тасып арпасына
Күркіреп, алып ұшады оны асыға,
Оңаша құлазыған сол арада
Өзеннің өрлей біткен жалғасында,
Басында биік қорған қазақ тұрады
Сүйеніп қолындағы найзасына.
Ағысын түнгі өзеннің көзбен сүзіп,
Қараса су бетінде қалқып жүзіп,
Қараңдайды дұшпанының қарулары,
— Өмірден жан тапсырып кеткен безіп...
Толғанып қазақ нені ойланасың?
Түн қатып өткен жорықты ойға аласың?
Ажалдың даласында жалбарынып,
Елдегі еске алдың ба ер дұғасын.
Кеше гөр! Дарқан өскен өз мекені,
Ен жайлау, ата қоныс, Дон өзені,
Оқ жауған, қанды майдан, қамал алған,
Сұлу қыз сылаңдаған жан өзегі!
Өзеннің жағасынан аңдып қарап,
Сұм дұшпан сүр жебеден тартса садақ
Оқ тиіп қазақ мұрттай ұшып түсіп,
Құлайды қу қорғанды қанға бояп...
Черкестер үй ішімен отырғанда,
Өзінің ата қоныс қотанында,
Жайланған жайбарақат күндерінде
Тұратын қоздап жанып от алдында,
— Ат соққан алыс жолдан шаршап, арып,
Жолаушы келе жатқан кешке қалып,
— Сондай бір үйге кіріп келіп қана,
Отыратын от алдына жайлап барып.
Орнынан үй қожасы сонда тұрып,
Сәлеммен жылы шырай құрмет қылып,
Қонағы жайғасқан соң бергізуші ед
Чыйхардай тәтті жүзім суын құйып.
Дымқылдау түтін шалған лашық үйде,
Жолаушы тәтті ұйқыға еніп түнде,
Оянып таң атқан соң қош айтысып,
Жорытып жөнелуші ед өз жөніне.
Болғанда талай мейрам той күндері,
Желкілдеп жиналысып жігіттері,
Туғызып бір ойыннан бір ойынды
Жарасқан садақ атқан көріктері.
Садақпен — құс қанатты, ұландары,
Бұлтта ұшқан құстың байлап қырандарын,
Асықпай сап-сабымен биік жардан
Көргенде жан шошырлық құлауларын.
Шығарып аспан-көкке жердің шаңын
Топталып атты, жаяу шұбауларын.
Ерлік пен туған жанның майдан үшін,
Пыстырып біркелкі өмір кетеді ішін;
Сондықтан, айт-тойдағы ойынында,
Сайысады шыннан бетер салып күшін.
Жай тойды қызық жасап Ду қылады.
Қит етсе қылыш жарқ-жұрқ суырылады.
Жас балалар би билеп қуанысып,
Қыршынынан құлдың басы қиылады.
Қан төккен ермек үшін қайсар елді
Күнбе-күн көз алдында орыс керді;
Басында ойын салтын сүйсе дағы
Соңынан өлімді ойлап жаны күйді...
Шыққанда ел жекпе-жекке түсі суып,
Бір жанын көк қорғасын оққа ұсынып,
Кешікпей өмірінің сөнетінін
Еріксіз жүрген тұтқын тұрды біліп...
Кім біледі, оның не ой ойлағанын,
Өткен бір қызық күнін ойға алғанын,
Думандап достарының ортасында
Еске алған шығар, бәлкім, тойлағанын...
Кім біледі өткен күнге екінді ме?
Үзілген үмітінен секінді ме?
Бірге өсіп, біте қайнап я болмаса,
Долы елдің түрін түйіп жетілді ме?
Жабайы надан жұрттың әдет-ғұрпын
Айнаға түсіргендей секілді ме?
Әйтеуір, үнсіз терең ойға батты,
Соғысын жүрегінің баяулатты;
Әйтсе де, оның айқын маңдайынан
Өзгерген байқамаймыз ешбір затты.
Бейхабар батылдығына оның оңды,
— Айбатты черкес біткен аң-таң қалды.
Жалынды жас өмірін аяп оның,
Өзара күбірлесіп айтып алды;
Сонан соң судай тасып, масайрасып,
Өзді-өзі олжасына масаттанды.
Екінші бөлім
Сен білдің, таудың қызы, соның бәрін,
Жүректің шаттануын, өмір балын;
Күнәсіз, от ойнаған көз қарасың
Айтып тұр, қуанышты сүю мәнін.
Тұңғиық түн ішінде сені досың,
Тіл қатпай аймалаған, өзің сосын,
Нұрына рахаттың балқып, тілеп,
Ұмыттың жер әлемін толқып тосын.
Деп едің сонда тұрып: «Сәулем тұтқын,
Көңіл аш, қайғысын жой қапалықтың,
Керіліп көкірегіме басың қойып,
Ерікті, туып-өскен жерді ұмытқын.
Кең дала құшағына кел сүңгиік!
Жанымның падишасы — сенсің биік.
Сүй мені, қыз болғалы өмірімде
Көрген жоқ нәркес көзден ешкім сүйіп.
Черкестің солқылдаған бозбаласы,
Қиылған нәркес көзді, қара қасы,
— Жаныма көрпемді ашып енген емес,
Түн қатып бола жүріп түп баласы.
Tic жарып жауап қатпас берік қыз боп
Даңқы асқан мен сұлудың бір дарасы.
Боларын бір сұмдықтың мен аңғарам,
Қатаңдау әкем менен туған-ағам,
— Сүймейтін адамыма сатқалы тұр
Жат елге алтынменен қойып бағам.
Сатпа деп әке, ағама жалынамын,
Болмаса, у ішем я жарыламын...
Жан шөлін басқандай «үш саған тартты,
Тұтқын жан, сүйем сені, сен арманым...»
Тұтқын тіл қатпады тым аяса да,
Сұлуға күйіп-жанған қараса да,
— Тұңғиғы ауыр ойға тұрды батып,
Ғашықтық сөзін тыңдап құп алса да.
Ұмытты ол өзін өзі ойлар түсіп,
Толқыны өткен күннің кернеп қысып,
Тіпті, оның бір уақытта шыдай алмай,
Көзінен бұршақтап жас кетті ыршып.
Құйылған қорғасындай болып қатты,
Жүректе махаббаттың дерті жатты.
Ақыры алдындағы жас сұлуға:
Зар шеккен көңілінен шерді ағытты:
«Ұмыт мені, тұрмаймын мен сүюде,
Мен үшін от боп шалқып күюіңе,
Өткізбе баға жетпес күніңді алтын,
Басқа бір теңіңді тап жүруіңе.
Мен үшін сонан бал сор махаббаттан,
Мұң шалып менің жаным салқын тартқан,
Ондай жар алдамайды, бағалайды
Айдындай ай нұрыңды шалқып жатқан.
Сәбидей ерке тоты от боп жанған,
Сүйеді ол сөздеріңді жалындаған,
Үмітсіз, я тілексіз гүлдей солып,
Құмарлық құрбандығы мен шалынған.
Көремісің, бақытсыз ғашықтықтан,
— Жанымнан менің сұмдық дауыл соққан.
Көремісің, сен ізді, босат мені;
Жанымды ая менің мұңға батқан!
Бақытсыз сұлу досым, ару жаным,
Көзіме не ғып бұрын шалынбадың.
Үміттің жұлдызына ол күндерде
Зор сеніп, арманыма ағындадым.
Кеш қалдың: бақыт жолында өлген жанмын,
Өшті үміт елесіндей ұшты жанның;
Қол үзді сенін досың тәтті өмірден
Тас болған сезімі үшін ыстық қанның...
Өлі ерін қатып қалған суық ызғар
Тірінің бал сүйісін қалай құндар?!
Мөлдіреп жасқа толы тұрған көзді,
Жымиып қабылдаудан не қиын бар?
Қызғаныш арқалаған азап сыйын,
Селт етпей сезімсіз бой соқса құйын.
Жатқан жан ұйып ғашық құшағында
Өзгені тағы да ойлау қандай қиын!
Соншалық әрі ақырын, әрі әдеппен,
Жан күшін жұтқанда сен еркелеткен,
Сен үшін тыныштықта көз жас алып,
Сүюдің шапшаң соғып сағаты өткен.
Сол кезде абдыраңқы, көңілің өспей,
Сипатын, мұңайыңқы боп елестей,
— Пішінің сенің мәңгі сүп-сүйкімді
Көрінді көз алдыма көрген түстей.
Шақырып сол елеске ұмтыламын,
Үндемей, көрмей, білмей жұлқынамын.
Өзімді ұмытып, саған берілгендей
Құшақтап сыр жұмбағын құлшынамын.
Сол үшін жапан түзде жасым төгем,
Өзіммен қайда барсам соны көрем:
— Әкеледі жабырқаңқы ол бір мұңды
Жанымның сезіміне менің терең.
Салынған қол-аяқта темірімді
Оңаша таста арманда өмірімді,
Ойымды, мұңымды да, көз жасымды
Қамыққан баса алмайсың көңілімді.
Жүректің бас ұрғанын сездің бе, көр,
Кеш мені, қоштасалық қолыңды бер.
Әйелдің махаббатын тым ұзаққа
Мұңайтпас салқын тартып айрылысар жер.
Құмарлық етіп, қайта құса болып,
Біреуді ерке сұлу тағы сүйер».
Жас сұлу ашып аузын, сыңсып, даусын
Шығармай жылап отыр көзден жасын,
Күңгірттеу, үнсіз тұйық көз қарасы
Сездірген өкпелі-наз ишарасын.
Қолында жігіттің қыз талпынады,
Көгеріп көлеңкедей қалтырады;
Суынып қыздың қолы, сөзі мұңды
Құсасы құмарлықтың айтылады:
«Ойпырым-ай! Сенің орыс тілегіңді,
Біле алмай, қыз неліктен жүрегіңді
Беріліп мәңгі саған, бауырыңда аз күн,
Тыныстап өзін ұмытып жүре білді.
Аз ғана қуанышты бір түндерді
Еншің деп қызға тағдыр жіберген-ді.
Қалайша қуанышым мәңгі сөнді?
Айналып қонар ма екен қолға енді?..
Қолыңнан алдау тұтқын келетін ед
Өмірден көргені аз жас жанымды.
Жалғыз-ақ ең болмаса, ая біліп,
Тіл қатпай ерке назбен ойнап күліп.
Бөлеген болар едім рахатқа
Бағынып әдеппенен басымды иіп.
Бір минут кезі ұйқыға ілінгенін,
Мұңды дос тыныштыққа бөленгенін
Тілеуші ем, құп көрмедің амалым не,
Кім еді ол, қай сұлу ед сүйгендегін?!
Орыс қой! Сүйдің ғой сен, әм сүйікті?
Азабың шеккен енді түсінікті...
Ғафу ет!
Сен де менің өксігімді
Ментартқан күлкі қылма қасіретті».
Деді, үнін тоқтатты, жас тамып кетті,
- Кеудесін кернеп құса алып кетті.
Аузынан сөз сөйленбей көбік атып,
Ешнәрсе сезбей естен танып кетті.
Құшақтап құр тізесін тұтқын жанның,
Дем алып, шаққа сұлу талып кетті.
Бақытсыз сұлу қызға тұтқын жігіт,
Ақырын басын сүйеп айтты үгіт:
«Жылама!— менің-дағы жүрегімде
Зар толы, келген жанмын тағдыр қуып.
Өзімді сүйген жанды сүю деген
Менде жоқ, жалғыз сүйіп, жалғыз күйгем.
Мен қалған жапан түзде жалғыз-жалын,
Шоғымнан күлге айналып өзім сөнем.
Өлермін судың алыс жиегінде,
Көр болар осы дала өлгенімде.
Тот басып осы жерде бірге шірір,
Зілдей боп темір кісен сүйегімде...»
Сәулесін нұрлы түннің түнек басты,
Алыста аспанмен тау араласты...
Қадалып қарасысып, бас иісіп,
Тіл қатпай ғашық жарлар ажырасты.
Зарланып сонан бері тұтқын жүрді,
Тентіреп жалғыз өзі ел қыдырды;
Нұр сеуіп дөң үстіне алтын шапақ
Күн батып, күн артынан күндер туды.
Қараңғы түн артынам түн айналып,
Ол — босқа еркіндікті аңсап тұрды.
Кейде, ағаш арасында киік ойнап,
Ымыртта секірсе де яки сайғақ;
Жасырынып әлде қазақ жатыр ма деп
Шынжырын шылдырлатады жұлқып жайлап.
Қазақтар түн жортатын ауыл талап,
Құтқарып құлды ер жүрек, елді тонап:
Дауыстайды... еш дыбыс жоқ айналада
Гүрілдеп жатыр жалғыз толқын тулап.
Сезгендей адам исін қараңғыда
Жорытқан түн жамыла тек аң зулап.
Есітті бір уақытта тұтқын орыс,
Тау жақтан жауынгерлік шықты дауыс,
«Жылқыға, жылқыға!» деп аттан салған,
Жүгеннен шылдыраған шықты дабыс.
Қараңдап үсте бурка сауыт жайнап,
Қаршылдап ауыздығын аттар шайнап,
Тұрды әзір шабуылға барлық, ауыл,
Соғыспен өскен ұрпақ біте қайнап.
Өзендей шыңнан шыға ақтарылып
Кубаның бойын өрлеп аттанды жұрт.
Қайтуға әлдекімді олжа қылып.
Мұнартып тыныштыққа ауыл батты;
Шуақта сақ төбеттер ұйықтап жатты.
Жалаңаш, қара торы жас балалар
Еркіндеп, мәз-мейрам боп шулап бақты
Отырып бабалары шылым тартып,
Түтінін трубкадан бұрқыратты.
Сызылтып жас қыздары ән салғанда,
Білетін ескі сазын тыңдап жатты;
Қандырып құлағының құрыштарын
Жүрегін кәрілердің ән жасартты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі