Ауыл таңы
Сықыр етіп сыртқы есік ашылып,
Сыртқа шықты әкем киіп етігін.
Сарай жақтан әтеш, қораз шақырып,
Сұңқылдаған құстың үнін естідім.
Мөңіреген сиыр даусы қосылып,
Мең-зең дала таңғы ұйқыдан оянды.
Маң-маң басып анам кетіп барады,
Меймілдетіп жылы суға құманды.
Жүре тартып ақ жаулығын басына,
Жеңгем жуған беті-қолын бағана.
Жаға салып сары майдан шелекке,
Желінге кеп жабысады бұзауша.
Күмп-күмп сауған сүттің даусы естіліп,
Күйсеңдеген сиырлар тұр тұз жалап.
Көгендеулі бұзаулар тұр мөңіреп,
Көбік сүттің дәмін алған сәл ғана-ақ.
Тайыншадай тарғыл төбет әупілдеп,
Тамақ сұрап жеңгем жаққа қарайды.
Толып кеткен жуындыны "ал, іш" - деп,
Табағына құя салды ағайым.
От жағылды, қи қаланып қазанға,
От салынды, самаурынға су толы.
Орта қазан сүт сүзіліп, құйылып,
Ошақ басы абыр-сабыр күйге енді.
Қой маңырап, ешкі зулап тау жаққа,
Қора босап, отар шұбап барады.
Қоңыр бала күнге күйген ақ жүзі,
Қоржын асып, қой соңына таяды.
Іркіт пісіп, сары май алып күбіден,
Ірімшікке бөлек алып айранын.
Ісі қызған жеңгеміз жүр ас үйде,
Ішіп-жемін шөпшілердің сайлап мың.
Өрік пісіп, аяқ басар жер қалмай,
Өте алмайсың, сары алтыннан бақшаға.
Өрік теруге бел құрғыры жарамай,
Өлеңдетіп "қақ жай"- дейді қарт ана.
Шелек-шелек жемістерді теріп кеп,
Шомылуға кетті ұл-қыз сұранып.
Шегірткенің шырылына үн қосып,
Шалпылдата суға түсті жиналып.
Айқай, күлкі, әзіл-қалжың су басы,
Ауыл күні қуанышпен өтуде.
Алматыда есіме алып толғанып,
Ауылымды жырлайыншы көсіле!
Гүлмекен Қасенбай
21.07.2022
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі