Аю менен мүсәпір шал
Дос болсай шынымен бол, ықыласпен
Бас тартпай қызметінен достың қосқан,
Ләззәті бір-біріне балдай болсын,
Сырттағы күйінгендей болса дұшпан,
Орнымен еткен қызмет керекті бек,
Жөнімен еткен істі көрмеймін жек,
Кейбіреу қара таудай зиян салар,
Көңілімен әжептәуір пайда еттім деп,
Жолдас бол жөн білетін адамменен
Тым артық іс істеме, шамаңменен
Қайтсе де дүниеде басын, қоспа
Жақсы-жаманды айырмайтын наданменен.
Я алла, өзің сақта жаман халдан,
Айырмай ұстаз көрген жақсылардан,
Көрген соң ғибрат үшін еттім бәйіт,
Аюмен жолдас болған байғұс шалдан.
Байғұс шал зікір етіп бір құдайды,
Көп көрген жас кезінде әрбір жайды,
Ғибадатпен көптен бері тұрады екен
Мекен қып алыстағы бір тоғайды.
Еткені күні-түні ғибадаты,
Қасында серігі жоқ қол қанаты,
Бір жерде орын қылып үй сап алып,
Шықпастан сол мекен де көп жыл жатты.
Бейшара дүниеден тірі безіп,
Ел, халық туғанынан күдер үзіп,
Бір күні серуендеп бой жазуға,
Киініп қалың, орманды кетті кезіп,
Адаммен ойнамаңдар алла деген
Бек нашар жауыз кісі халде деген
Көп жүріп қалың, тоғай арасында,
Жолықты келе жатқан аюменен.
Көрген соң мақлұқты кетті шошып,
Тағзым қып әдеппенен тұрды қорқып,
Аю да байғұс шалға зиян салмай,
Тек тұрды кішілігін білгендей боп.
Мақлұқ, тимеген соң, хоштанады,
Жаңылыс сез тастасаң бос болады,
Екеуі сол арада қол алысып,
Көңілімен ақыреттік дос болады.
Тағдырда солай шығар, болды жақын,
Аю да жолдас қылды адамзатың
Екеуі бойы үйреніп алғаннан соң,
Бірін-бірі боп алды тастамайтын.
Бірінсіз бірі тіпті тұра алмайды,
Бөлініп ешуақытта жүре алмайды,
Байғұс шал жолдас мықты болғаннан соң,
Сайран қып жүре берді әрбір жайды.
Екеуі бір күн ерте кетті шығып,
Аралап тау мен тасты тамаша қып,
Көрмеген Өзен көлдер жерге барып,
Шал байғұс тұрып қалды дымы құрып.
Аюдай шал бейшара емес мықты,
Хайуанға еремін деп жаны шықты,
Байғұстың әбден хәлі кеткеннен соң,
Осыған неге ердім деп қамығыпты.
Шалды көріп аю да кетті аяп,
Сөйлейді әдеппенен құлақ таяп.
Шаршасаң бір азырақ тынығып ал,
Тұрайын оянғанша сені қарап.
Бейшара естіген соң қалды жатып,
Ұйқыны соға берді қорылдатып.
Аю да тек тұрмады қызметсіз,
Шыбынды шалға қонған тұрды қағып,
Шыбынның біледі ғой әркім жайын,
Аюға кетіре алмай түсті уайым,
Бір ұшырса, қайтадан қона берді,
Ерегісіп үсті-үстіне қаққан сайын.
Отырып сол арада ашуланды,
Не қылсам кетеді деп ой ойланды,
Тұра тұр сыбағаңды берейін деп,
Қолына үп-үлкен бір тасты алды.
Бір масаны шекедегі қалды періп.
Таспенен пәрменінше қол көтеріп,
Быт-шыт боп сол арада шалдың басы,
Бейшара ұйықтап жатқан қалды өліп.
Кеңесі екеуінің болды тамам,
Аюдай толып жатыр надан адам,
Кісіні сол сияқты көз қылма деп,
Тілеймін күні-түні бір алладан.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі