Өлең, жыр, ақындар

Қарға

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1246
Жақсыдан ғибрат ал жай жүргенше,
Істеген ісін істеп шамаң, келсе.
Көңіліңді бұзықтыққа бір де бұрма,
Қашан бір әдеттеніп үйренгенше.
Жауыздың залымынан өнеге алма,
Қалып боп, жуса кетпес өле-өлгенше,
Тағы да қара таудай зияны бар,
Тиетін бассаң қадам, жөні келсе.
Оралдың ақ иығы тақтай қанат,
Аспанмен көтеріліп қағып қанат.
Бір қора қойға түсіп, арасынан
Әкетті бір қозыны, тұяқ қадап.
Бір қарға анадайдан оны көріп,
Қалыпты еліктеймін деп бұ да сорлап.
Ойлайды мен де бірін алайын деп,
Тұяқты ұшып барып салайын деп.
Құдайым жөнін берсе, соныменен
Азырақ тамақтанып қалайын деп,
Бірақ мен ұшқаннан соң, қозыны алмай,
Өзімнен төмендерге көзім салмай.
Бекер, жай тұяғымды былғамаймын,
Болмаса үлкен қой мен қошқарлардан.
Бүркіттің жаманы да болады екен
Көргенім бұрын жоқ еді бұдан бөтен.
Тұяғын әдейі барып қойға салмай,
Бәрінің ең үлкені қозы ма екен?
Бұлай деп қарға батыр қанат қомдап,
Құдайым жөн берсін деп езі оңдап,
Көп қойдың арасынан қарап жүріп,
Түсіпті бір қошқарға әдейі таңдап.
Болғанда қошқар қандай, өзі үлкең
Семіріп кеңшілікте жүрген шіркін.
Тұяғын қадап алып арқасына,
Ұшады көтерем деп дүркін-дүркін.
Бірталай әкетем деп азаптанды.
Орынсыз жоқ нәрсеге қинап жанды!
Құс жаманы қарға түгіл қасқырдағы,
Шамасы кеп әкете алмас ондай малды.
Созылып күш түскен соң тілерсегі,
Аяғын шығара алмай біздің сері,
Басына ақырында қайғы түсті,
Таянып келгеннен соң елер жері.
Осылай масқара боп батыр қарға,
Қарқылдап, байбаламдап жатыр қарға,
Қойшылар қанат-құйрығын бірдей жұлып,
Беріпті ойнаңдар деп балаларға.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қасқыр менен кісі

  • 0
  • 0

Жауызға шамаң келсе етпе рақым,
Жейтұғын жиіркенбестен кісі хақын,
Ешуақытта жақсылығыңды пайда білмес,
Артынан жамандығы тұрар жақын.

Толық

Аю менен мүсәпір шал

  • 0
  • 0

Дос болсай шынымен бол, ықыласпен
Бас тартпай қызметінен достың қосқан,
Ләззәті бір-біріне балдай болсын,
Сырттағы күйінгендей болса дұшпан,

Толық

Шымшық пен көгаршын

  • 0
  • 0

Тұзаққа түсті шымшық соры қайнап,
Шыға алмай талпынса да, көзі жайнап,
Бұлқынып уайымда жатқан жерде,
Кез болды жас көгаршын құдай айдап.

Толық

Қарап көріңіз