Өлең, жыр, ақындар

Ролланға

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 381
Реке, шықтың, міне, алты белге,
Барады керуен­-көшің тартып өрге.
Жасыңнан найзағайдай жарқ-­жұрқ етіп,
Жайылған азаматсың даңқың елге!
Алдырмай алысқанда аңдығанға,
Ешкімге дес бермедің самбодан да.
Семейдің сан бұзығын сабадың сен,
Бірақ та батырмадың қолды қанға.
Ер жігіт төске өрлемей тұра алған ба?
Қол создың бір арманнан бір арманға.
Талай қыз төсегінде аунақшыды,
Ғашық боп Сейсенбаев Ролланға!
Өткеріп соның бәрін бастан, аға,
Жол тарттың Мәскеу деген тас қалаға.
Мүйізі қарағайдай жазушы боп,
Іздедің басқаны емес, баспа ғана.
Кітабың шығып жатты қалың­-қалың,
Алаулап, жазған сайын жалындадың.
Лондоннан аштың­-дағы Абай үйін,
Шақырдың достарыңның сағынғанын.
Шығысты, батысты да кеулесең де,
Жарасар Сіз десем де, сен десем де.
Діннің де ауылына барып қайттың,
Абайдай медресе көрмесең де...
Басыңнан талай­талай өткеріп ой,
Жүресің жалғыз жортып көк бөрідей.
Әйгілі жазушы еткен сені алдымен,
Данышпан қара шалдың мектебі ғой.
Алдыңда сайрап жатыр жолдың бәрі,
Атыңның жолда қалды болдырғаны.
Қай қала, жүрсең­-дағы қай қиырда,
Әйтеуір ойлайтының елдің қамы.
Бір ұлсың туа қалған қазақ үшін,
Байқасам, жазушының ғажабысың.
Оралмай айлар бойы жортып кетсең,
Үйдегі жеңгеміздің азабысың.
Күнің жоқ Құлагердей құйғытпаған,
Түспесін қолыңнан тек жүйрік қалам.
Тойыңа өлеңімді тарту еттім,
Мен қайтып бұдан артық сыйлық табам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аяғыңның астында

  • 0
  • 0

Айналайын, бата берме мұңға құр,
Іздегенің алыста емес, мұнда жүр.
Бақыт деген басы жұмыр пенденің
Маңдайына бұйырады мың да бір.

Толық

Ақ бесік

  • 0
  • 0

Тербелесің тынымсыз, тербелесің,
Тербетумен өмірді сен келесің, ақ бесік.
Сылдырмаққа айналып ай мен жұлдыз,
Күннің өзі үстіңде дөңгелесін, ақ бесік!

Толық

Үміттің сынық кесесі

  • 0
  • 0

Суынған жүрек сыр төкпес,
Сарқылған көздің жасындай.
Безерген тағдыр бүлк етпес,
Қайғының қара тасындай.

Толық