Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық музейге экскурсия

  • admin
  • 04.02.2024
  • 1
  • 1
  • 800
Қарсы алу. Табалдырық

Неше заман бар мұнда,
Қилы тарих, тағдыр да.
Жинақтаған барлығын,
Ұлттық музей – алдыңда.

Өткеніңді танитын,
Рухыңды жанитын.
Қасиетті мекенің –
Ұлттық музей – тарихың.

Болма бекер әбігер,
Таныстырам, жаныма ер.
Әйгілейді әлемге,
Екі жүз мың жәдігер.

Жемісі ғып бұл күннің,
Төбесіне туды ілдім.
Қатарында әйгілі,
Эрмитаж бен Луврдың.

Субұрқақта сақ батыр,
Сауыт киіп сапта тұр.
Елді қорғап осылай,
Болу керек сақ, батыл.

Мән бердің бе сен осы,
Неге ұқсайды теңеші?
Жүзіп бара жатқандай,
Ұлы тарих кемесі.

Енді ішіне енелік,
Ғажайыпты көрелік.
Шашырамай жүреміз,
Бір-біріңе тең еріп.

Қанат жайған қыраны,
Көкте қалқып тұр әні.
Сағат сайын шоу жасап,
Таң-тамаша қылады.

Жәдігерлер шетінен,
Шыныларда бекіген.
Аралаймыз бар залды,
Танысамыз ретімен.

* * * * * * * * *
Ежелгі және орта ғасырлар тарихы залы

Айшықталған атауы,
Әріден үн қатады.
Жәдігерлер ең көне,
Тас ғасырға жатады.

Көне сурет қашаннан,
Тасқа таспен қашалған.
Қару-жарақ құралдар,
Бәрі тастан жасалған.

Ботай жері – сый көптен,
Көп зерттелді бейнетпен.
Сол мекенде жылқыны,
Алғаш қолға үйреткен.

Жағып үміт алауын,
Бұзып дәуір қамалын.
Ат үстінен басталған,
Өркениеті даланың.

Шығайық бұл отаудан,
Қалып қойма қатардан.
Тас ғасырдан кейінгі,
Қола дәуір атанған.

Ауыр затты апарған,
Жасалыпты ат-арбаң.
Қару, құрал жасалды,
Түрлі-түсті металлдан.

Әбзел, бұйым, зақпаны,
Зерттеушілер тапқаны.
Мына көне темірлер –
Темір дәуір заттары.

Кезің емес налитын,
Ал қайсың бар танитын:
Балбал тастар
Бойына
Жиған түркі тарихын.

Түркілердің сөз басы,
Ерлік жолы, көз жасы –
Тасқа жырмен жазылған,
Күлтегіннің жазбасы.

Қыш, құмыра, тиыны,
Бабалардың киімі.
Міне, осының барлығы –
Орта ғасыр бұйымы.

Көш жалғаған қара нар,
Ой мен қырды аралар.
Жібек жолы бойында,
Сап түзеген қалалар.

Ойларыңа ал түйіп,
Сыр жасырар әр тұйық.
Тірі тарих көзі тұр,
Кесенелер қалқиып.

* * * * * * * * *
Тарих залы

Жүрген қанша жолың бар,
Із қалдырған нар ұлдар.
Әр затына бұл залдың,
Мұқият зер салыңдар.

Еске мықтап ал мұны,
Тарамдалған тағдыры.
Бұл көрменің бастауы –
Ұлы Қазақ хандығы.

Көздеріңде көп сұрақ,
Білім деген – нақ шырақ.
Сол заманды көргендей,
Танысыңдар жақсылап.

Елге қорған болған кім?
Жерді сақтап қалған кім?
Санаға нық түйіңдер,
Шежіресін хандардың.

Тарих білмеу – осы мін,
Болмас оған кешірім.
Батырлардың біліңдер,
Ерлігі мен есімін.

Тартпай тумас тегіне,
Қорған болған еліне.
Таңбасы әне тарихтың,
Хан-сұлтанның мөрі де.

Құлағыңа құй бәрін,
Көргендей боп дидарын.
– Мәшһүр Жүсіп шапаны,
– Домбырасы Динаның.

Құты болған талайдың,
Құтысы анау Абайдың.
Абылай хан шапанын,
Қастерлім деп санай біл.

Жәдігері көп залдың,
Секілді анау ақжал құм.
Іші толған өлеңдей,
Портфелі Мағжанның.

Замананың қиыны,
Жанның шер мен күйігі –
Мынау көрме сыр айтар,
"Алашорда" ұйымы.

Қасіреті әлемнің,
Қанды кезі әр елдің –
Аралаңдар макетін,
"Карлаг", "Алжир" лагердің.

Азаматтың зор ісі –
Елді қорғау борышы.
Бізді айналып өткен жоқ,
Дүниежүзі соғысы.

Киімдері солдаттың,
Дәрежесі мандаттың.
Сақталып тұр сездіріп,
Ауырлығын салмақтың.

Босап соғыс отынан,
Заман туды оқыған.
Ғарыш, тыңды игеру –
Көрсетіп тұр экран.

Елді намыс көп әлі,
Тік көтерер жоғары –
Музейде де сақталар,
Желтоқсанның алаңы.

* * * * * * * * *
Этнография залы

Көне түркі қалдығы,
Баба мүлкі – тағдыры.
Күллі әлемге жаңалық,
Киіз үй мен жабдығы.

Киіз үймен ел қонған,
Ойланыңдар енді оңнан:
"Шаңырағы биік боп,
Керегесі кең болған".

Күбі, келсап, келімен,
Өзек жалғап өніп ем.
Жасалды көп құралдар,
Ағаш, сүйек, теріден.

Танытатын түркіні,
Аспаптардың түр-түрі.
Даласына қазақтың,
Ән салдырған күн-түні.

Малшылардың тұрағы,
Балықшының құралы.
Талай-талай тарихты,
Сөйлетеді бұл әлі.

Бақ-ырысы ұлтының,
Бағалысы мүлкінің.
Қане, қайсың білесің,
Әбзелдерін жылқының?

Келушілер көп сұрар,
Әшекейлер – жақсылар.
Бұл қазақтан асатын,
Зергер халық жоқ шығар.

Мынау ою біл, қандай,
Жарқырайды күнді арбай.
Ажарына әлемнің,
Өрнек қосып тұрғандай.

Құрт, ірімшік, айрандай,
Аспен ырыс жайғандай.
Дастарханы қазақтың,
Қараңдаршы, бай қандай!

Бал қымыз бен қаймағы,
Ет-қазысы жаймалы.
Осы дәмдер фаст-футдан,
Әлдеқайда пайдалы.

Тәлімді алып бүгінгі,
Болу үшін ілімді.
Санаға нақ түйіңдер,
"Ұлттық" деген ұғымды.

* * * * * * * * *
Алтын залы

Қызық мұнда, кел бері,
Сырсандық бұл төрдегі.
Алтын залдан шыға алмас,
Келушінің ең көбі.

Алтын қалай өңделген,
Зергер қалай өң берген?!
Іс қиынын ұғынар,
Макетіне мән берген.

Жылқыларын Берелдің,
Зор байлыққа теңермін.
Алтынменен апталған,
Мақтанышы ол елдің.

Мына жаққа қараңдар,
Зер салып көр, дәл аңғар.
Ал қанеки, санайық,
Қанша Алтын адам бар?!

Қанша архивті шаң басты,
Қанша ғасыр жалғасты.
Табылды Есік қорымнан,
Алтын адам алғашқы.

Жаздық қанша хат бүктеп,
Көкке бөрік аттық кеп.
Қуанды елім тағы да,
"Алтын адам таптық" деп.

Аралтөбе кешеге,
Өркениеттің көші еді.
Семсер соққан болаттан,
Сарматтардың көсемі.

Шығыс жері – Шілікті,
Үміт тоңын жібітті.
Алтынды адам мініпті,
Алтын зерлі күлікті.

Талды деген қорымнан,
Тағы бірі табылған.
Жәдігердің бәрі де,
Кілең алтын тағынған.

"Тақсай ханшайымы" да,
"Үржар ханшайымы" да,
Кезекті Алтын адамдар,
Тізімге қос мұны да.

Әшекейлер мына әйбат,
Қараңдаршы, шырайлы-ақ.
Зергер-шебер қазіргі,
Жасар ма екен бұлай нақ.

Мұнда тарих, бар тұлғаң,
Зерттейді әлі әр қырдан.
Ғылым үшін бұлардың,
Құны қымбат алтыннан.

* * * * * * * * *
Тәуелсіз Қазақстан залы

Тәуелсіздік – бұл жақұт!
Ғасырлардан үн қатып,
Тарих жолын шиырлап,
Саған жеттім –
Шын бақыт!

Осы залды тегісің,
Аралаңдар, кең іші.
Тәуелсіздік тартуы –
Әр қазақтың жеңісі.

Арманыңды айт, ақтарыл,
Жар болсын деп Хақ Тәңір.
Егемендік белгісі –
"Ата Заңды" жатқа біл.

Армандадың әрбірің,
Ғарышкердің тағдырын.
Мынау макет – Kazsat-тық,
Тұңғыш ғарыш жабдығы.

Ерлік қанда алаулар,
Ал мынаны дәл аңғар –
Кімге, неге беріпті,
"Отан", "Даңқ" медальдар?!

Ғұмырындай бәдіздің,
Тарихы бар әр іздің.
Қандай сырды тұр айтып,
Өрнектері рәміздің?!

Азат күннің ұраны,
Мәңгі шырқап тұрады.
Еңсе тіктеп жүрсе әркез,
Еркін елдің ұланы!

* * * * * * * * *
Шығарып салу. Түйін сөз

Ақтарылса ой легі,
Сөзге айналар бейнелі.
Алдарыңда қаншама,
Тірі тарих сөйледі.

Ғылым, білім ошағы –
Музей бәрін тосады.
Әлі қанша жәдігер,
Жаңалығын ашады.

Талай қорым қазылар,
Жаңа тарих жазылар.
Музей – елдік қазына,
деген жұрттың сөзі бар.

Бабаң берген мұра ғып,
Музей – тарих бұл алып.
Мұнда жиі кел-дағы,
Тарихыңды біл анық.



Пікірлер (1)

BuraNaiman

Тамаша , балалар әдебиеті екен! Мұражайға барғадай әсер алдым. 

Пікір қалдырыңыз

Ахмет жолы

  • 1
  • 0

Араласаң аз-ақ күн,
Көз жеткізбес заңғарлар.
Даласында қазақтың,
Иір-қиыр жолдар бар.

Толық

Ұят-ай

  • 1
  • 0

Ұртында тұр құрт міне,
Ішіп отыр сүтті де.
Бауырсаққа қол созды,
Қысылмайды тіпті де.

Толық

«П» әрпі бар сөз

  • 1
  • 0

Тұр мұғалім «күшінде»,
Сұрақ қояр кез келді:
– Айтыңдаршы, ішінде,
«П» әрпі бар сөздерді.

Толық

Қарап көріңіз