Өлең, жыр, ақындар

Қарындасқа

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 0
  • 2231
Жібек мінез, жігері мол қарындас,
Жүрегіңде у менен бал аралас.
Дүние өзгерді, көрмегелі көп болды,
Тәңірі берсін ашық бақыт, ұзын жас.
Қасиетті мақсат алып көңілге,
Таудай талаппен кіріп ең өмірге.
Ұзын жолда ор да, сор да кез келер,
Қарындасым, жасыма да түңілме!
Өмір – өзен, аға бермек сылдырап,
Тұрып болмас жағасында жөн сұрап.
Қамыс бол да, бетінде қалқып аға бер,
Аға алмасақ, бір уақытта дерміз: «Қап!»
Сұм өмірде алданармыз, сүйерміз,
Айрылармыз сүйген жардан, күйерміз.
Қасірет басар, сарғаярмыз, өлерміз,
Көр құшақтап, бір күн кебін киерміз...
Аз өмірде ойын-қырын, көрдім жар,
Талай жандар дос та болды, болды жар.
Асты үс болып, топан неге баспайды,
Өзгеріссіз өмірде не қызық бар?!
Өзгеріссіз өмір сорға айналмақ,
Жүйрік жүрек сұр өмірде байланбақ.
Шын адам сол – ылғи шаттық жырымен
Жүрек қалай қуса, солай айдалмақ.
Мен – жыршы ағаң ешбір уайым білмейтін,
Қажу білмей, қолды көкке сермейтін,
Жігері мол қарындасқа өзіңдей:
«Іс істелік, қане, қолың бер»,– дейтін.
Өкпе сөзің қатты тиді жүрекке,
Бұдан былай есімде боп жүред те.
Аз өмірде ащыласу деген іс,
Ойла, Күнім, келе ме екен ретке?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алатауда

  • 1
  • 2

Иір-иір Алатау
Бұйра-бұйра жал ма екен?
Қарасам көзім талады-ау
Қияңа, асқар Алатау.

Толық

Түркістан

  • 2
  • 52

Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.

Толық

Шын сорлы

  • 1
  • 2

Күн суық, қатты аяз, шыдар емес,
Қар борап соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсіп-тоңып, дір қалтырар,
Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес.

Толық

Қарап көріңіз