Өлең, жыр, ақындар

Мектебінен қашқандар мен ертегіден қашқандар туралы ертегі

  • admin
  • 16.02.2024
  • 0
  • 0
  • 356
Дос болған адам адамға,
Осынау ғажап заманда,
Қай жерде, қашан екені
Белгісіз саған, маған да.
Қарамай таңғы тамаққа,
Асықты Қанат сабаққа.
Жолшыбай Марат кезігіп,
Өтініш айтты Қанатқа:
– Тау жақта қазір керемет,
Табасың бəрін,
Не керек!
Барайық, жуа терейік,
Ауылға алып келейік...
Көнбеуші еді ондайға,
Қанат бір мезет қалды ойға.
Деп еді сосын:
– Мектептен
Қашсақ ол ұят болмай ма?
Марат тағы да азғырды,
Өзінше досқа наз қылды:
– Білмейсің адам деп мені,
Саған да сөзім өтпеді!..

Қанат та сосын келісті,
Біріне-бірі сеністі.
«Тау жаққа кеттік онда» деп,
Екеуі түсті жолға кеп.
Белден соң тағы белді асты,
Жолдарға жол кеп жалғасты.
Тынымсыз жүру оңай ма,
Демалды келіп тоғайға.
...Ұшқандай біреу зуылдап,
Орманның іші суылдап,
Дегендей болды біреулер:
Тамаша!
Дайын қуырдақ!
Көшкендей ауыл дүрлігіп,
Жатқандай біреу шыңғырып...
Оянып кетсе екеуі,
Жезтырнақ,
Мыстан тұр күліп.
Жалғыз көз дүлей Дəу де тұр,
Жалғыз көзінде сəуле тұр.
Жезтырнақ та жүр жайраңдап,
Ал мыстан кемпір тайраңдап.
«Алда шығар-ау, пəлесі...»
Мараттың ұшты зəресі.
Жел қаққан бейне жапырақ,
Қанат та кетті қалтырап.

Қайта да, қайта тамсанып,
Үш пəле жүрді əн салып:
«Біз едік қашқан ертектен,
Сендер ме қашқан мектептен?
Тырнақты қазір саламыз,
Жейміз де тойып аламыз...»
Жезтырнақ алпыс айлалы,
Тырнағын тасқа қайрады.
Дəудің бір көзі жайнады,
Жалмауыз кемпір сайрады:
– Алда да əлі заман бар,
Ақылды келер адамдар.
Жолбасшы бола ала ма,
Екеуін сынап қараңдар?..
Содан соң қарап Маратқа,
– Қалайсың, кəне, сабаққа, –
Деді Дəу: Қайда оңтүстік,
Шығыс пен батыс, солтүстік?
Сабағын оқып жүрмейтін,
Марат түкті де білмейтін.
Тұрды да қалды мөлиіп,
Денесі кетті шөмиіп.
– Сен айт!– деді Дəу Қанатқа,
Жақсы еді Қанат сабаққа.
Күн жаққа бетін бұрды да,
Жауап берді сəл тұрды да.

Енді бұған не істесін,
– Айт, – деді, – көбейту кестесін!
Орындап Дəудің жарлығын,
Дəл айтты Қанат барлығын.
Білмеді Марат тағы да,
Қарады Дəуге жалына.
– Бүгінгі күн де болды ерек
Бізге бір жақсы жол керек.
Бақылау үшін бағытты
Ағашқа шық сен өрмелеп!
Мұғалім айтса бір ұқпай,
Жүретін Марат шынықпай.
Кеткен бе өсіп салмағы,
Ағашқа шыға алмады.
– Ештеңеге де ебі жоқ,
Сапарда бізге себі жоқ.
Жейміз!– деп, – мына баланы,
Маратқа Мыстан қарады.
Бақырып Марат жылады,
Жалынып, өмір сұрады.
– Жақсы оқимын енді, – деп,
Алдына Дəудің құлады.
Жезтырнақ алпыс айлалы,
Тырнағын тасқа қайрады.
Дəудің бір көзі жайнады,
Қосылып бəрі сайрады:

«Нашарлау екен сабаққа,
Тамаша болар тамаққа,
Жалқауды, кəне, жалмайық,
Бəріміз де құр қалмайық...»
Қанат та аяп жалынды;
– Жүрейін бастап бəріңді,
Ақылсыз мүлде демеңдер,
Досымды менің жемеңдер!
– Білім жоқ,
Əл жоқ,
Бос кеуде,
Ұялсаңшы оны дос деуге?!
Қашырып сені сабақтан,
Осы ғой бізге қаматқан! –
Деді де бəрі тамсанды,
Қосылып тағы əн салды:
«Нашарлау екен сабаққа,
Тамаша болар тамаққа.
Жалқауды, кəне, жалмайық,
Бəріміз де құр қалмайық!»
Жалынып өмір сұраған,
Талықсып Марат құлаған.
Дəл осы сəтте мылтықты
Кезіге кетті бір адам.
Дүлейлер аман қалмаққа,
Бытырай қашты жан-жаққа.
Мəз болып қалды Марат та,
Қуанып кетті Қанат та...

...Сенемін бүгін мен көпке,
Əңгіме етпес ел текке.
Екеуі аман құтылып,
Келіпті қайта мектепке.
Балалар, қорқып саспаңдар,
Жаңа ертегі бастаңдар.
Ертегі бопты қайтадан
Ертегіден де қашқандар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақиық

  • 0
  • 0

Қырандарды таниық,
Бірі олардың – ақиық.
Иығында ағы бар,
Ол жұлдыздай ағылар.

Толық

Əліппе

  • 0
  • 0

А, Ə, Б .... –
Əріп дейді бұларды.
А-Н-А –
Сөз боп əріп құралды.

Толық

Қарлығаштың ұясы

  • 0
  • 0

Біздің үйдің төбесіне
Ұя салды қарлығаш кеп.
Балапандар,
Көресің бе?!

Толық

Қарап көріңіз