Жалғыздық жамылған күз – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Жалғыздық жамылған күз» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған табиғат туралы өлең берілген.

Көшені кезеді ақ тұман
Ажалдың күпісін киініп.
Жапырақ құлайды сыбдырлап,
Самалмен үзілген күй іліп.
Күн батып барады қарашы,
Қып-қызыл мұңдарға құйынып.
Мен тұрмын жанымды ұға алмай,
Белгісіз күйікке күйініп...
Сұп-суық, тым суық бұл қала,
Бұлттар жүр тәкәппар, кекейіп.
Бәрінен тығылып батыста
Жабырқап барады от бейіт.
Құстар да жып-жылы аймаққа
Ұшуда... Тоқтаңдар, жетейік!
Жауратты бұл қала,
жүректер...
Құстармен ілесіп кетейік.
Самалға еріп-ап жапырақ,
Елес мұң кезуде көшені.
Ызғарлы бұл күзде мен жалғыз...
Жапырақ қыздардың өсегі.
Тұманға адастық бәріміз,
Көктемді ұмытып кешегі.
Мәңгілік көктемді іздеумен,
Бұл жалғыз бұл күзден көшеді.
Қоп-қоңыр көшені кескілеп,
Бір сұлу жүгіред асығып.
Қоп-қоңыр даладай шашынан,
Бұл күздің жұпары шашылып.

Мен сені бұл күзге қимадым,
Көктемгі шоқ гүлді жасырып.
Жапырақ жылады, құлады...
ақ моншақ мөп-мөлдір жас үміт.
Шаштарын тарады тағы да,
Сәулесін түсіріп Айым ақ.
Шомылып сәулеге ағарған,
Мұңайды тағы да қайың-ақ.
Сен басқан жапырақ жүректі
Әкетсе өзендер шайып-ап.
Қоңыр шаш бұл күзден мен кеттім,
Құстармен қанатты жайып-ап.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері