Өлең, жыр, ақындар

Сәйгүлігім

  • admin
  • 31.08.2024
  • 0
  • 0
  • 271
Алғандай құшағына аспанды қыр,
Шығарып арғымақтар тастан дүбір.
Әп-сәтте жер мен көкті көшіргендей,
Аламан ұлы бәйге басталды бір.
Ал, бас, сілте, сәйгүлігім!
Асырып қазекеңнің айбын үнін,
Біржола ұмытылған қайғы бүгін.
Жатты да, жақынды да сүйсіндірген,
Оқтаудай жаратылған сәйгүлігім.
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!
Қуырып жер апшысын қиялымен,
«Уай», – деген жалғыз сөзге сияды дем.
Айызын көрген елдің бір қандырып,
Күй тартып барады аттар тұяғымен.
Тарт, жібер, сілте, сәйгүлігім!

Қайырмасы:
Құмай десе нанасың,
Қолтығында бар қанат.
Осы ма деп қаласың,
Тарғын мінген Тарлан ат.
Қара ма, әлде қасқа ма,
Құлагер ме, басқа ма?
Жүйріктер-ай жел берген,
Кәріге де, жасқа да.
Бір дүрлігер күн қайда?
Ойхой, сондай күн қайда?
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!

Ойпаңнан орғып өтіп барлық абат,
Жұлдыздай зымырайды арғымақ ат.
Қара үзіп шықты бірі жеке дара,
Қадалып бар қазағың қалды қарап.
Тарт, жібер, сілте, сәйгүлігім!
Айырылды ажар беттен қан шырайлы,
Аты озбай, көзден жасы тамшылайды.
Бәйгеден қап қойғанын қорлық көріп,
Бір бала көк мәстегін қамшылайды.
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!
Ашудан баран атын зорға айдайды,
Жетсем деп, оңды, солды борбайлайды.
Көргендер кеңірдегі үзілгенше,
«Апыр-ай», «бассаңшы!», – деп ойбайлайды.
Тарт, жібер, сілте, сәйгүлігім!

Қайырмасы

Жүйрікпен егіз екі ел мұрасы,
Бәйгесіз өткен емес ердің асы.
Тайбурыл, Байшұбарлар, Құлагерлер,
Келгендей Кендебайдың Керқұласы,
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!
Жүйріктер өтіп еді осылардай,
Дос құптап, жау жүрегі шошынғандай.
Борбайлап Көкшолағын кеуде тұстан,
Кеу-кеулеп Кенен ақын қосылардай.
Тарт, жібер, сілте, сәйгүлігім!
Тұлпардан кенде болған далам қай күн?
Ат десе, әлі күнге алаңдаймын.
Алысып ауыздықпен шабатындай,
Қубасы Қаракерей Қабанбайдың,
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!

Қайырмасы:
Құмай десе нанасың,
Қолтығында бар қанат.
Осы ма деп қаласың,
Тарғын мінген Тарлан ат.
Қара ма, әлде қасқа ма,
Құлагер ме, басқа ма?
Жүйріктер-ай жел берген,
Кәріге де, жасқа да.
Бір дүрлігер күн қайда?
Ойхой, сондай күн қайда?
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!

Тағы, міне, той-дүбір
Төсін керіп жайды қыр.
Кісінейді күлдірлеп,
Байшұбарлар, Тайбурыл
Қамбар аты қасқа да,
Құлагер де, басқа да,
Бұрқыратып салды бір,
Сәйгүліктер самғаған,
Құмарың бір қанбаған,
Ойһой, дүние сал ғұмыр.
Тарт, бас, сілте, сәйгүлігім!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Иіп әкеп аспанды шатыр қылған

  • 0
  • 0

Иіп әкеп аспанды шатыр қылған
мойын бұрмай біз жаққа жатыр бұл маң,
қарашаның қорлығы әбден өтіп,
сән де кетіп барады ақылдыңнан.

Толық

Мұхтар Мағауин

  • 0
  • 0

Көрінгенге етпеген сөзді шығын,
Ері қайсы, білуші ем, ез кісі кім.
Ал Сен болсаң, қашанғы хас шеберсің
қашап жатқан жалықпай өз мүсінін!

Толық

Арғымақ күйші бала

  • 0
  • 0

Пай-пай, о-ой!...
Екпіні үйді жығып, жар құлатқан,
Селтиіп, соңындағы ел шанды қапқан,
Қарадай қалтырайды

Толық

Қарап көріңіз