Жарқын күннің бәрі де кетіп іште – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Жарқын күннің бәрі де кетіп іште» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жарқын күннің бәрі де кетіп іште
Мен сен үшін айналдым өкінішке.
Біліп ең ғой әйтеу тап боларыңды
Бет қаратпас бетпақтау бекініске?!

Біліп ең ғой сол жолға түскеніңді,
Біліп ең ғой тәп-тәтті у ішкеніңді.
Мен отырмын сыртым сау, ішім дүлей,
Жегі құрттай жиып ап ішке мұңды.

Ойы бекем, қадамы нық деп едім,
Көлбеңдетті өмір көп нүктелерін.
Қалқаным да жоқ менің қорғанатын,
Қауқарым да жетпейді түкке менің.

Мен өйткені өзіңді тау көріп ем,
Сағым көшті көзімнен әлде кілең.
Әлде ұшып кетсем бе құс легімен
Әлде тарап кетсем бе таң демімен.

Сені бірақ демеймін өкінішім,
Өкініш деп атамашы – өтінішім.
Мүмкін келген болармын бұл фәниге
Сені өлердей шын сүйіп кету үшін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері