Тұрса да әлі сағынышы басылмай – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Тұрса да әлі сағынышы басылмай» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тұрса да әлі сағынышы басылмай,
Сілкілеген сілбі шаққа бас ұрмай,
Құс қанаты суылынан шашылған
жапырақтар –күздің селдір шашындай.
Қыркүйектің құшағында сарғайған
Сары қыздың көкейінде сарнайды ән –
Самайына ақ түсіріп, ертең-ақ
Сорап жолдан күтеді деп сан майдан.
Шаңырақтың тоғынындай толған Ай,
Үркер неге үрпиеді? Тоңғаны-ай.
Керекпін деп күпісі жоқ жандарға,
Теректің кеп бұтағына қонды арай.
Жер бауырлап жатып алды сұр тұман,
Қажет болса, мақтасынан жыртып ал.
Қыс қарақшы қалт жібермей торып жүр
Қамсыз көшкен күз-керуен сыртынан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері