Конькишілер маршы – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Конькишілер маршы» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Нұр ойнаған жанарында
Балғын жігіт, балғын қыздар –
Асқар таудың алабында
Ағып жүрген ақ жұлдыздар.
Қанат қағып қоңыр желмен
Ақша бұлттан әрі ұшқандай.
Жарқыраған айдын көлде
Аққу-қаздар жарысқандай.

Сары аязда елеңдер ме,
Жалын атқан жүзі балдай,
Зулап ұшқан өрендерге
Құзар шыңдар қызығардай.
Қар жамылған абат бақтар,
Тау тұрады мұнарланып,
Қыз-жігітпен қанат қаққан
Бірге шалқып, бір айналып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері