Көріксіз әйел
Көріксіз әйел
(Анна Кирьянова әңгімесінің желісі бойынша)
Бір жігіттің болыпты,
Сұрықсыздау әйелі.
Даусы да жаман шаңқылдап,
Үнемдеп әрбір тиынды,
Шашуға қолы тар еді.
Денесі толық, ірі тым,
Балпаңдап қаздай жүрісі.
Тек үйдің қамын ойлайтын,
Бала-шағаның ырысын.
Орнымен жұмсап қаржыны,
Тақадай істеп жұмысын.
Отбасын ғана ойлайтын,
Өз ісін ғана білетін.
Күйеуінің достары,
Сыртынан сынап, күлетін.
Күйеуі де кінәлі,
Кіл еркектер қалғанда,
"Семіз әйелден жалықтым,
Сормаңдай мендей жан бар ма?
Түрі де сондай жағымсыз,
Қайдан ғана алып ем?
Ару құшар күн бар ма,
Алма мойын, қыпша бел?
Шаршаттып бітті достарым,
Мені жуан сары әйел!"
Деген еді мас кезде...
Сол-ақ екен достары,
Келемеждеп үнемі,
Жұбайын мұның сөз қыпты.
Таныстырып әр қызбен,
Шығарды жаңа былықты.
Балық аулауға шақырып,
Тойлаумен таңды атырып,
Арада біраз күн өтті...
Болғанмен қыздар қылықты,
Сұлудың сырын кім ұқты?
Ақшасын түгел шашқан соң,
Барлығы мұны ұмытты.
Бір сәттік қызық жалт етіп,
Бір күнде өте шықты да,
Мастығы тарап болған соң,
Еске алды күйбең тірлікті.
Қанша сұлу болса да,
Жаны ашымас жат әйел.
Қанша ұрысқақ болса да,
Өз жарыңа кім жетер?
Деген оймен мұңайып,
Келіп еді үйіне...
Қарсы алды дәмді ас иісі,
Берекелі өз үйі,
Күлімдеп шыққан әйелі,
Сүйретпесін ұсынды.
"Тамақ дайын, кіре ғой!
Үстің неткен кір еді?
Қане шешіп маған бер,
Машинкаға салайын.
Қаласаң тіпті өзіңді,
Шомылдырып алайын?
Көзің неге ісіңкі?
Ауырғаннан саусың ба?
Лимон қосып шай берем,
Бал да қоям алдыңа.
Сәл терлесең ертең-ақ,
Жүгіресің аттай боп.
Неге тұрсың состиып?" -
Деді әйелі еркелеп.
Ұл-қызы шықты қуанып,
Мұны көріп "әкелеп!"
Бас салып дереу әйелін,
Бауырына басты баладай.
Сәл болмағанда бақытын,
Жоғалтпақшы екен, құдай-ай!
Бір бәледен аман қап,
Жарымен қайта қауышты.
Бағаламаған қалайша,
Ең ыстық, қымбат дауысты?!
Ұрысса да,
Айқайласа да,
Жылап бір ойбайласа да.
Жарынан қымбат ешкім жоқ,
"Сұлулық" - деген далбаса!
Шын бақыт - сенің отбасың,
Жан жарың - хордың қызындай.
Абайла жігіт жастықта,
Әр нәрсеге ұрынбай!
Ренжітсең анасын,
Ұл-қызың кетер алыстап.
Отбасың ғана - нағыз бақ,
Солармен бірге бақыт тап!
Гүлмекен Қасенбайқызы
16.09.2025
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі