Бұл қалай, шыныменен ұмытқаның? – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Бұл қалай, шыныменен ұмытқаның?» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бұл қалай, шыныменен ұмытқаның?
Жалған ба, құшағымды жылытқаның?!
Айрылғаным рас екен, қайрылмадың...
Көз алдыңа келмей ме қылықтарым?..
Көз алдыңнан күндердің көшкені ме?
Мен жақтан сағыныш жел еспеді ме?
Менің кінәм – үмітім үсіп өлген,
Сенің кінәң – сезімнің өшкені ме?
Сенің кінәң – уақыттан қорыққаның,
Менің кінәм – жазықсыз жолыққаным.
Өзімшіл көңіліңді алдау үшін,
Қиялдың қақпанына құрықтадың.
Сезімнің сыры білем, арзандады,
Азап қой ақ пейілдің алданғаны.
Сендегі көңіл шығар көнергені,
Мендегі үміт енді жалғанбады...
Өйткені жалған бәрі...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері