Әкесіз қалу – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Әкесіз қалу» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Әкесіз қалу –
Арманның қию қанатын,
Әкесіз қалу –
Адасу жолда баратын.
Әкесіз сүру өмірді сондай күрделі
Әкесіз жарық
Секілді кейде қара түн.

Әкесіз қалу,
Өмірді сүру күдікпен,
Бастамап па едім,
Жалғанды мен де үмітпен.
Маңдайдан иіскеп, енді жоқ ешкім,
Әкесіз дүние
Бос қалатынын біліп пе ем.

Әкесі жоқтар
Түсінер оны түсінсе,
Әкесі барлар
Көңілді кейде түсірсе…
Алақан жайып Тәңірден дұға тіледік,
Әкелерге арнап
Жеті нан анам пісірсе.

Бітетін емес,
Әкеге деген сағыныш,
Өкініш ылғи,
Ішіңде дүмпу, жарылыс.
Әкесі жоқты жылыта қоймас көктемдер,
Ол жүрген жердің
Бәрі қыс әттең, бәрі қыс.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері