Таба алмадым маңайымнан бір ізгі ән – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Таба алмадым маңайымнан бір ізгі ән» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таба алмадым маңайымнан бір ізгі ән,
Менің бүгін көңілімде көп күдік.
Маңдайыма бұйырған сол ғұмырдан
Жүрегіме келем, тек мұң өптіріп.
Ащы өмірдің кермектігін сезініп,
Сезген сайын онан мүлде безініп.
Алдарқатып тым тәттілеу арманмен
Меніменен күн кешіп жүр ез үміт.
Алдамшы өмір, сен де бір күн өтерсің,
Кірпігімнен тамшы болып үзіліп.
Бар күнәмді арым ғана көтерсін,
Қара жерге сіңіп жатса сүзіліп.
Мұң екеуміз дос болғанбыз бұл күні,
Жүректегі ашып кірді ол құлпыны.
Өзіме аян, тек өзіме қайтейін,
Қырық жамау жүрегімнің жыртығы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері