Көктен жұлдыз бір құлайды – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Көктен жұлдыз бір құлайды» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көктен жұлдыз бір құлайды.
Күндер жейді үңгіп Айды.
Көлеңкелі тірлігімнен,
Бір бақытым бұлдырайды.
Таңда жаңбыр себеледі,
Іздегенім өлең еді.
Көрінбейді неге жаздың,
Қызыл-сары көбелегі.
Жанымның бір жыртығы бар,
Арманымның сырты мұнар.
Таудың қызы тауды аңсайды,
Атсейістей жылқы құмар.
Таң шапағы шыңға асылып,
Шабыт тұрды жырға асығып.
Неге еркек боп жаралмадым,
Жалықтырды ұрғашы үміт.
Бақытымды аңсамаймын,
Азығы бар жан сарайдың.
Сонша бақыт күн кешеді,
Бар болса егер қанша қайғым.
Төзімімді тұмар етем,
Сұлулыққа құмар екем.
Өмір өтер бұлаң етіп,
Салғанымыз бір ән екен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері