Көк күшік – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Көк күшік» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тістесе де уыты жоқ тісінің,
Жуас еді жуан бас көк күшігім.
Еркелеп кеп алды-артын орағытып,
Алқауын ап жататын көп кісінің.
Ала жаздай ұйқыға бөкті шырын,
Қыңқ етпес деп атанып кетті, шыным.
Жуындыға тойынып, сүйек мұжып,
Бір тәуірі етпейтін етті шығын.
Тіреп алып тұмсығын кіндігіне,
Жалғайтұғын тырп етпей түнді күнге.
Үрмек тұрғай ырылдап көрген емес,
Сегіз аяқ семірген тірлігінде.
– Жақсы үйретпей жегіздің алал асты,
Күшігіңді сондықтан қара басты! –
Десіп көрші ауылдың балалары
Мазамды алды, мазақтап табаласты.
«Айтақтадым»
Ініммен жарыстырдым,
«әу» демейді, әй, жағы қарысқырым!
Шамырқандым, өзім де намысшылмын,
Ақыл айтты бір күні таныс құрбым:
– Бақпағансың не керек баста абайлап,
«Шық!» демейсің төріңде жатса да аунап.
Сақ болады іргеңнен бақсаң аулақ,
Ашықтыр да, шынжырлап таста байлап.
Танысымның айтқанын екі етпедім,
Байлап қойдым, әредік жетектедім.
Ашықты ма, білмеймін ширықты ма
Үш күннен соң жұлынды етектерім.
Босай алмай шынжырдан жұлқынады,
Қыңсылайды,
Ұлиды, бұлқынады.
Екі көзі қанталап күндіз – түні
Тықыр еткен дыбысқа ұмтылады.
Сілекейі шұбырып жалақтайды,
Жерді тырнап, маңына жолатпайды.
Қапелімде босанып, көрші ауылдың
Дардай мықты жігітін талап та алды.
Қозы – лақтан нешеуін етті шығын,
Көкжалданып көк езу – көк күшігім.
Қыбыр еткен қимылды қалт кетірмей
Қарғысына қалды ақыр көп кісінің.
Бүліндірген бейкүнә ел тірлігін,
Тартып жүрмін итімнің дертін бүгін.
Долы болып кеткенін сезеді ішім,
Буғандығым себепті еркіндігін.
Итекешім иттігін білді ме екен?
Жуан шықса жуастан сұмдық екен.
Ұққаным сол: жақсылық, жамандық та
Үйретуден болары шындық екен! –
Сол үшін де шындыққа құлдық етем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері