Күлдім-ай, кеп – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Күлдім-ай, кеп» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қызығарлық ақылы мен зердесі,
Қашан көрсең алаң–ашық кеудесі.
(Бір күні түсте, жалаң аяқ, жалаң бас)
Кіріп келді көршіміздің кенжесі.
Атасы мен әжесіне қырдағы,
Бауыр басып, көп тұрған-ды бұл дағы.
Енді міне беп-белгілі қойнына,
Қуанышын сиғыза алмай тұрғаны.
Әкесінің жолдасы да, «туысы».
Біз дейді ғой, бір болғасын жүрісі.
Сол үшін де сұра дедім балама,
Немене екен келген оның жұмысы?
Өзі кепті, жібермепті тәтесі,
Дегендей-ақ тіл қататын сәт осы.
Кетті сөйлеп, кеше түсте реңді
Телевизор әкеліпті әкесі.
Баламыз бар, жасымыз бар, кәріміз,
«Құтты болсын!» дестік тегіс бәріміз.
– Жудыңдар ма?
– Жудырамыз соңыра!
Көрші-қолаң,
– Жуғамыз жоқ әлі біз.
Жуғамыз жоқ, жуғамыз жоқ суменен,
Жап-жаңа екен, еш жері жоқ кірлеген.
Сол үшін де тәтем кеше, бүгін де,
Сүртіп қойды бетін жұмсақ бұлменен.
Деді бала, бұзбай тұрып түс-өңін,
Енді орынсыз «жуыңдар» деп күшеуім.
Бірақтағы жауабына баланың,
Күлдім-ай, кеп, түйілгенше ішегім...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері