Екі лақтың таласы

Бұл бетте «Екі лақтың таласы» атты Шамшабану Хамзақызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жайылып жүр қоралы қой,
Отыр маған оралып ой.
Қой барады қырдан асып,
Ой келеді жырға басып.

Шықты екі лақ іріктеліп,
«Осы қойға бірікпелік».
Десіп олар бөлектеніп,
Жүрмек болды қоректеніп.

Күнделікті асын қуып,
Соны шөптің басын қуып.
Екі лақ жүгіріп жүр,
Таңдап тәтті гүл үзіп жүр.

Өрісті олар шықты сүзіп,
Құр шиырдан күдер үзіп.
Шүйгін іздеп тасқа шықты,
Шыға салып қастасыпты.

Қиындағы шөпті көріп,
Екеуі де кетті төніп.
Татулығы тозды олардың,
Қызғанышы қозды олардың.

Ежірейе қалысты олар,
Шөп қасына барысты олар.
Бір-біріне қия алмады,
Бір орынға сия алмады.

Бара-бара ерегесті,
Онан кейін шекелесті.
Барған сайын қоза берді,
шайқасты ұзақ соза берді.

Айғайласты бақылдасты,
Мүйіздері шақылдасты.
Бір-бірімен тіресті олар,
Ырық бермей егесті олар.

Қалш-қалш етіп бұрқырасты,
Итерісті, жұлқыласты.
Тұрған жері қабақ еді,
Көздегені тамақ еді.

Қарамады көңіл бөліп,
Тұрсадағы қатер төніп.
Жүрген кезде жағаласып,
Кетті екеуі жаза басып.

Аяқтары кетті тайып,
Тастан құлап болды ғайып.
Сүйектері шатырласты,
Сөйтіп соғыс ақырласты.

Талассаң жол тар болады.
Алды-арты құз жар болады.
Татулықта дүние мол,
Ұлы бірлік – жүретін жол.

Асқақтауды тастау керек,
Шамадан тыс аспау керек.
Көп ақылы – көл болады,
Көпсіз өмір – шөл болады.

Бөлектенбе көптен азып,
Көпсіз тапқан болмас азық.
Қызғаныштың зияны көп,
Кетпе екі лақтай боп.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері