Кітап туралы жыр
Бұл бетте «Кітап туралы жыр» атты Зейнолла Шүкіров жазған поэзия туралы өлең берілген.
Ол кезде сәби едім – сегізде едім,
Білмеймін нені арман қып, нені іздедім.
Сар төсек жаттым науқас, жүрек әлсіз,
Өмірден күдерімді мен үзбедім.
Өткіздім жабырқаумен босқа күнді,
Қатыгез қайғы деген «дос» табылды.
Балалық бал дәуренін улады дерт,
Іздедім мектебімді, достарымды.
Ғаріп бас… үміт тірек таба алмаған,
Сәбижан торыққаны-ақ жаман… жаман!
Сол кезде қалың тысты ақ кітапты
Әкеліп беріп еді анам маған.
– Бұл кітап ғажап күшті батыл адам
Сырларын шертеді екен, оқы, балам!
Мен онан тіршіліктің ұғып мәнін,
Дүниені алғаш рет қызықтадым.
Ер Павел әңгіме етті маған солай –
Күресте «Құрыш қалай шыныққанын».
Сол күнді дәтім бармас ұмытуға.
Тілдесіп келді алдыма ұлы тұлға.
Ол қайтпас қайрат егіп, жалын берді
Жабыққан жас жанымды жылытуға.
Онда мен науқас едім, сегізде едім,
Білмеймін нені арман ғып, нені іздедім.
Қолыма сол адамша қалам алдым,
Кештім де ойшыл жырдың теңіздерін.
25 январь 1957 жыл
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі