Дала, сенің ұлыңмын!

Бұл бетте «Дала, сенің ұлыңмын!» атты Жарасқан Әбдіраш жазған табиғат туралы өлең берілген.

Туған дала,
Талайлардың от қанын,
Лапылдатты тентек күйің,
текті әнің.
Сөз сөйлесем –
Сенсің биік тұғырым!...
Сенсің менің абыройым,
Мақтаным!....

Тоймен емес,
ауыр оймен ақты күн,
ауыр ойсыз арман жолын тапты кім?
Дабыл қақсам –
сенсің асқақ ұраным!..
Сенсің менің қасіретім,
шаттығым!...

Даналық бар,
даралық бар затыңда
болатын тек батырларда,
ақында!
Өлең жазсам –
сенсің өмірбаяным!..
Сенсің менің фамилиям,
атым да!..
* * *
Туған дала,
көп үніңнің бірі едім,
өмірімнің,
көңілімнің нұры едің...
Өзің жайлы өлеңімді бірақ та
Әлі күнге оқи алмай жүр елім.

Тебірендім,
теңізімді сапырдым;
теңеу іздеп,
талай таңды атырдым.
Сезімімді сыйғызарлық сөз таппай
тек ішімнен тынып келе жатырмын.

Бейнетім бе,
басымдағы бағым ба,
сен дегенде –
жанымды орап жалынға,
бұлқынатын бостандыққа шыға алмай,
бір асау күш бар, әйтеуір, қанымда.

Басқа демей,
болсаң егер мен дейтін,
сырт айналып,
кете көрме сенбей тым!..
Бір-ақ түнде атылмай ма жанартау,
бір атылса жылдар бойы сөнбейтін!
* * *
Туған дала,
тыным алмас жастамын,
тер төгуден,
өртенуден қашпадым!..
Шаршағанда шалғыныңды жастанып,
шалқаласам,
Шаңырағым – Аспаның!

Анау алыс,
мынау жақын демеген,
ақынмын ғой,
көкірегімді өр өлең
кернегенде кең дүниеге дүбірлі
көз жіберсем,
Көкжиегің – Керегем!

Мезгілім аз меймандардан босаған!
Батысың – бір,
Шығысың - бір Босағам!
Сені маған жаным анам – табиғат
о бастан-ақ Отау қылып жасаған!
* * *
Табынатын тәңірім деп,
ием деп,
бірге тоңам,
отқа бірге күйем деп – ойлаушы едім...
Туған дала,
мен сені,
мен сені шын,
мен сені шын сүйем деп.

Ойлау менен сезінуді –
жұрт бірден
айырмайды-ау...
Айырмаппын түк мүлдем!
Сені,
сені...
шын сүюдің не екенін –
бір гүліңе ғашық болып,
ұқтым мен!..
* * *
Туған дала,
менде қазір жоқ сабыр,
енгендеймін дүниеге басқа бір,
Елжіреген жүрегімнің жылуы
өсірердей тасқа гүл!

Арманым ба?
Жан-жағымда құс аппақ!..
Ұстардаймын ұмтылмас-ақ үш аттап.
Жолықтырсам жауымды да бас салып
сүйер едім құшақтап...

Күйдей шалқып,
сүйреп тартып денемді,
бір қуаныш билеп ала жөнелді.
Естімеген сияқтымын жалғанда
зұлымдық бар дегенді.

Танысқа да,
алысқа да шет көрмей
сағынышым салып ұрып жеткендей.
Күмбез таулар көтеріліп орнынан
көкті тесіп кеткендей.

Жондарыңда,
жолдарымда алдағы
доиалауда қиялымның қаңбағы...
Байтақтанып бара жатсың біртүрлі
бұрынғыдан сен дағы...
Неге?
Неге?
Айта алмаймын ашып түк.
Жүруші еді қабағымды басып бұлт.
Шамырқанған шабыт шығар білкім бұл,
болар бәлкім ғашықтық?!.
* * *
Туған дала,
Менсіз талай қамалдар
алыныпты!..
Сенің арың –
Маған да ар.
Кешір мені,
Кеш келіппін өмірге!
Кеш туыппын!
Кеш қалмаппын!
Не амал бар?

Бұл күндерде мәлім бүкіл елге аты
Менен батыр шығар ма еді,
Өр заты?!.
Болған жоқпын Амангелді сарбазы,
Болған жоқпын мен Алаштың солдаты!

Портретім қақ төрінде әр үйдің
Тұрар ма еді?!.
Бас иетін бар игің:
Болған жоқпын ең алғашқы комсомол,
Болған жоқпын замандасы Ғанидың!..

Білер де едің:
езбін де бір,
ермін бе!..
Тігер ме едім байрағыңды Берлинге -
болған жоқпын қан майданда кешегі,
болған жоқпын Қошқарбаевпен бірге!

Саған уақыт сәл қиындық жолдаса -
қағаберіс қалмаспын мен,
енді аса!..
Бірақ мені кешірме сен,
өмірде
өлең қылар өз ерлігім болмаса!..
* * *
Туған дала,
енді бір сыр толғайын:
Бір аруың болды күнім,
болды айым!
Ол үшін де,
сен үшін де -
қиналмай
қыршынымнан қиылуға мен дайын!..

Бірге жылап,
бірге күліп ұлы елмен,
кең төсіңде мәңгі бақи жүрер ме ем!..
Ол да - жалғыз,
сен де - жалғыз,
бірақ та,
оны - сен деп,
сені - ол деп білем мен!

Маған теңеп,
мұнша неге жыр етті -
демегейсің...
Махаббаттың нұры өпті!
Мендік жүрек сүйер болса,
жаңылмай
сүйеді тек сен деп соққан жүректі!
* * *
Туған дала,
тоғысты да көп тілек,
Көңілімді орап алды отты леп!
Осы қазір - тауыңа бір айналып
кетсем бе екен?!.
Тұрсам ба екен көк тіреп?!..

Күдіктенбей,
құдіретіме көр сеніп,
мұнша неге шықтың деме белсеніп!
Осы қазір -
нуыңа бір айналып
кетсем бе екен?!.
Тұрсам ба екен теңселіп?!.

Сезім тұнып,
тереңіне жыр тұнып,
жатыр жүрек асаудайын бұлқынып!
Осы қазір -
бір гүліңе айналып
кетсем бе екен?!.
Тұрсам ба екен құлпырып?!.

Мендік арман,
Сендік үміт қаншалық,
Байтақ әлем тыңдар еді тамсанып!
Осы қазір -
Бұлбұлыңа айналып
Кетсем бе екен?!.
Тұрсам ба екен ән салып?!
Жоқ!
Жоқ!
Әр кез әжетіңе жарайын,
Болашаққа бірге күліп барайын!
Барлығы да болу үшін осының -
Борышы мол ұлың болып қалайын!
* * *
Туған дала,
жаным сенен от алды,
сен деп білем:
анам,
әкем,
атамды...
Екеу болып аттанбақпын ертеңге,
батаңды бер,
батаңды бер,
батаңды!..

Келдім бүгін,
Келдім саған қол жайып,
Әбде санап,
Бұнымды әсте көрме айып.
Жалын атқан жүрегімнің дүрсілін
Жалғыз ұл ғып асыраған жандай ұқ!

Келем әлі,
Әлі саған көп келем,
Әнім қанша,
Күйім қанша шертпеген
Өзің жаққа өлең болып ұшамын
Шын қуанған,
Шын қайғырған сәтте мен...

Қаным сенен,
Жаным сенен от алды,
сен деп білем:
анам,
әкем,
атамды!..
Мен бақытты боларыма сенбеймін -
ең алдымен, сен бермесең батаңды!
* * *
Дертім бар ма -
дос-дұшпаным ұқпаған?
Өртім бар ма -
өлең болып шықпаған?..

Көкжиекке таянғанда әр күнім,
ұғу үшін,
сезу үшін барплығын,
түн бе екен деп,
таң ба екен деп,
арайлы,
Жарым менің қабағыма қарайды?

Дертің бар ма -
дос-дұшпаның ұқпаған?
Өртің бар ма -
өлең болып шыпаған?..

Көкжиектен оянғанда әр күнім,
ұғу үшін,
сезу үшін барлығын,
туған дала,
тұғырлы тау,
ақ айдын,
Мен өзіңнің қабағыңа қараймын!
* * *
Туған дала,
саған деген сезімім
сан кеудеге сіңіреді өз үнін.
Архивтерден атып тұрып,
сөз алған
арманыңмын -
Кешегіңнің көзімін...

Жанарымда -
желбіретіп туларды,
артта қанша асу қалды,
Ну қалды...
Салтанатты мейрамдарда,
саптағы
сеніміңмін -
Бүгініңмін думанды!..

Әнге қосып,
әспеттейтін бар әлем
Әке болдым,
бақыт күткен балаң ем.
Аулаларда асыр салған,
алаңсыз
үмітіңмін -
Ертеңіңмін және мен!..
* * *
Туған дала,
тынысымды кең алып,
көңілімнен көп іздедім даналық...
Мүмкін емес -
менің тексіз болуым,
ұлы Абайды туған болсаң сен анық!

Қиынға сал,
қалтқысыз сене гөр,
Намыс үшін найзаласып өледі ер.
Мүмкін емес -
менің отсыз болуым,
Махамбетті туған болсаң сен егер!

Араласпай даңғазаға,
шуларға,
кірем барып күңіренген нуларға!..
Мүмкін емес -
менің тайыз болуым,
терең Мұхтар мына сенен туғанда!

Алға апарар жолдар барда,
жүк барда,
борышымнан бір сәтке де құтқарма!
Мүмкін емес -
менің төмен болуым,
биік Шоқан мына сенен шыққанда!..
Мен - ұлыңмын!
Буырқанып бойда ағын,
талай мәрте бақытыңды тойладым.
Мықты атаның немересі -
балам да
осал бола қоймас деген ойдамын!..
* * *
Құйын кезде -
желің болып жүгірдім,
қиын кезде -
белің болып бүгілдім.
Туған дала,
ұлың емес тек қана -
қабақ шытпас,
құлақкесті құлыңмын!..

Маған қонар -
саған бақыт қонса кеп
менен алар -
сенен біреу алса көп...
Ұлым менің,
құлың емес тек қана -
қиялдаймын
жырың болып қалса деп!..
* * *
Туған дала,
тілеулес дос та көп-тін!
Қас та көп-тін!...
Танытпай асқақ екпін,
жуас тірлік жабысып жайдақ мініп,
жиырма жеті дейтұғын жасқа кеппін!

Айдарымнан аңқылдап жел еспей құр
өткен күндер -
баянсыз елестей бір!
Жасындайын жарқ етіп көріне алса,
ақын үшін аз ғұмыр емес қой бұл!

Балғын қиял мас қылып бала кезде,
қуаныштан жас тұнып қара көзге:
«Жыр елінің енді Мен тірегімін!..»
дейтін едім!..
Менсінбей дананы өзге!..

Дейтін едім:
«Таң болып талай атам!
Сонда маған сүйсінбес қалай Отан?!»
Анамсың ғой,
Сен мені кешерсің-ау,
Кешер ме екен бірақ та Абай атам?

Дейтін едім және де:
«Нөсерлетем!..
Бас айналар биікке өсем, жетем!..»
Абай атам кешер-ау, жассың ғой деп,
Лермонтов құрдасым кешер ме екен?..
* * *
Туған дала,
ойы бар, оты бар жан
ерендікті,
елдікті етіп арман
өтеді-ау тек...
Ертеде ер ұлдарың
өзі шыққан өлкенің атын алған!..

Білгің келсе,
тарихқа қарап игер:
болғанменен бөлек ән,
дара күйлер,
Сырдың бойын әлемге әйгілепті
Сығанақи,
Жауһари,
Фарабилер!..
* * *
Туған дала,
көп елдің көрдім көгін,
мен басқамын, алыппын,
зормын дедім!..
Сенбегенге,
Кебіме көнбегенге
бұлтартпайтын Дәлелім болдың менің!

Сезінемін:
жанғаның,
сөнгенің кім?..
Атын атап солардың -
ерлеріңнің,
ақталасың,
мен құсап мақтанасың
ата тарих алдында сен де бір күн...

Сынайды әркім,
Өзінше сынайды әлін
ортаға сап іргелі іс,
ұлы ойларын...
Мол бақытқа иемін,
сол уақытта
бола алсам мен бұлтартпас бір
Айғағың!..
* * *
Туған дала,
тауысып тағатымды
өтіп жатқан күнімді,
сағатымды
санаймын да,
сабылып іздеймін бір
көңілде бар,
өмірде жоқ ақынымды...

Жүрген болар сезімге шайқатылмай,
жүрген болар әзірге байқатылмай...
Бір ақыны қазақтың айта алмаған,
бір шындықты сол ғана айтатындай!

Ай дидарлы арулар демес бөтен,
сырбаздығы Сәкендей емес пе екен..
Көргім келіп,
дәл сондай болғым келіп
көз алдыма кей уақыт елестетем!

Сыны басқа сияқты,
үні басқа,
сыры басқа сияқты, мұңы басқа;
ұқсамайды жалынды Қасымға да,
ұқсамайды арынды Ілиясқа!..

Барлығы да білгенге жыр ғой дара,
Соншалықты демеңдер бұл қай дана;
ұқсамайды сан қырлы Әьділдаға,
ұқсамайды жаңбырлы Сырбайға да.
Шырақ па екен -
шалқыған жаңа маздап,
бұлақ па екен -
толқыған тола жаздап?..
Ұқсайтындай ертеңгі Жарасқанға,
ұқсайтындай бүгінгі маған аздап!..

Заманында оны да сұраушылар
табылар-ау!..
Табылар сынаушылар...
Кім біліпті мен болсам мен шығармын,
маған аттас,
мықтырақ біреу шығар?!
* * *
Туған дала,
тұрдым-ау бүгін де атып!..
Кешір!
Түсін!
Кінә жоқ ұлыңда түк!..
Қалай ғана шыдаймын -
көз алдымда
жатса біреу Шындықты шырылдатып?!

«Әдеп» пенен ысырып «тәртіпті» ары,
Кеттің деме жастықпен артық тағы...
Қалай ғана шыдаймын -
қозғалмаса
құрығынан Мансаптың қорқып бәрі?!

«Қызбасың!» деп шетінен қорлар-сөгер,
ақыр түбі азабын ардан шегер!..
Қалай ғана шыдаймын -
жалғандағы
жалғыз сенер Жарқыным сол болса егер?!

P. S.
Және бір сыр:
Салмағын ердің менше ұқ!
Көрген емес ешқашан көңілім көншіп
сөйлер тұста -
үндемей қалғандарға
ашуларын ақылға жеңдіргенсіп!
Және бір сыр:
Жүргендер жоталанып,
аярлықпен айқасқа жеке барып,
безінді мен Шындыққа болысудан -
Өзіңді де құлдыққа сатары анық!..
* * *
Туған дала,
табалап,
жатқан күліп,
жауларымен ісі жоқ,
мақтан біліп...
Мықтылығы дейсің бе?..
Кей ұлдарың
тағдырыңды тартыпты көкпар қылып!..

Көңілдерін күндестік бұлты басып,
арбасыпты,
тістеніп,
сұрқы қашып...
Ақырында ұмытып сені мүлде,
жөнелтіпті өзара жұлқыласып!..

Шаң көміпті!..
Көміпті алапты мұң!..
Қабақ түйе көгіңнен қарапты күн!..
Осылайша кетіпсің талай рет
тақымында көлденең көк аттының!

Топқа кіріп,
жүргендер төсін ұрып,
алдыменен алса екен осыны ұғып!
Бармақ тістеп,
бас шайқап
өкінгеннің -
несі дәстүр?
Несі салт?
Несі ғұрып?!..
* * *
Туған дала,
азабың,
уайымдарың
аз емес-ау,
Сезіндім!
Паймыдадым!
Іріліктен дейсің бе?..
Әлі күнге
сыйыса алмай келеді кей ұлдарың!

Бір-бірінің сыртынан сыбыс тасып,
ретті де ретсіз жүр ұстасып...
Батылданса -
көзбенен найзаласып,
қатындарша
сөзбенен қылыштасып!..

Онсыз сірә таңдары атпайды ма?!
Атпайды ма?!
Астары батпайды ма?!
Тарлығынан болар-ау көңілдердің,
Кеңдігінде әйтпесе жоқ қой кінә!..
* * *
Туған дала,
сезімге мырза жырдың
селіменен келеді ырза қылғым!..
Тірлік үшін жынданар Біржаныңмын

Тұншықса деп тілейтін асқақ ойлар,
жүрмін аңдып жетесіз қастан айбар!..
Азынабайлар заманы өткенменен -
бар екен ғой әлі де Поштабайлар!..

Өлшеп мынау өмірді бүгінгімен,
салты емес пе -
сыйыспау Дүбірлімен!..
«Домбырамды қолымнан алса тартып»
Тек өзіңе шағамын мұңымды мен!..

Өнерімен танылар тама елге -
тағдыр әр кез ақынды салады өрге!
Сенен менің жалғыз-ақ өтінерім:
Жанымды ұқпас Жанбота бола көрме!..
* * *
Туған дала,
атыңның,
атағыңның
аспандатар тұғырын қатарым мың!..
Сәніңмін мен!
Серіңмін!
Арыңмын мен!
Ақынмын!
Ақаныңмын!..

Еңселі тау,
ен жазық,
құба белің
тілегімді тілеуде мына менің!..
Жырым-пірім!
Қанатым!
Шалқұйрығым!
Тайбурылым!
Жо-жо-жоқ...
Құлагерім!

Жылдар зулап,
Ұшқанда аттандап ай,
алға шықпай,
арындап,
қапталдамай,
қалып қойса -
амал не?..
Тек әйтеуір
Батыраштар қолынан мерт болмағай!
* * *
Туған дала,
достар түгіл
қастар сын
айта алмайтын,
құдіретті дастансың.
Бақытын бер бір-ақ келер ақынның,
бір тарауың мына менен басталсын!

Биік санап өз аспанын,
өз айын,
басынғанның тартқызайын сазайын!
Жабырқасаң -
жаның болып күйзеліп,
ашулансаң -
жүйкең болып тозайын!

Фәниден тез аттанармын аттансам,
тірлігім не,
тағдырыңнан шет қалсам?!
Қаның болып лапылдайын -
қуансаң,
көзің болып күлімдейін - шаттансаң!

Және осыған жалпақ елді үндеуден
мәңгі бақи жалықпасын бұл кеудем.
Сақта сендік қасіретті сезбеуден,
Сақта сендік қасиетті білмеуден!
* * *
Туған дала тұғырымсың сен менің,
ерте түлеп,
еркін қанат сермедім.
Құшайын деп қанша биік ұшсам да,
шетіңді бір,
шегіңді бір көрмедім...

Тамсанумен,
ән салумен өтті айлар,
жетті мезгіл -
кемелденіп көпті ойлар.
Жетті мезгіл -
сеніміңді арқалап,
алыс өлке қазығына ат байлар.

Дос қадірін,
басқалығын бұлтының
сонда білдім,
саған қарай ұмтылдым.
Тулай тасып түкпірімнен кеудемнің
түрегелдің,
теңіз болып бұлқындың.

Неткен бақыт,
соның өзі неткен сын...
Аласарды асқақтатқан көк пен шың.
О, кеңістік,
жанарыма сыймаған,
жүрегіме қалай сыйып кеткенсің...
* * *
Туған дала,
кең болғанмен аумағың,
таңданғанмен достарың hәм жауларың,
тарихыңа,
тағдырыңа келгенде сөз алады Тауларың!...

Уақыт қана емдей алар - емдесе...
ауыр дертке шалдықпаған Ел неше?...
Қайғырыпсың қара аспанның астында -
Қара тау боп сен кеше!...

Шаттандырып азаттығың,
теңдігін,
мақтандырып қазақтығың,
өрлігің,
күлімдейсің көк аспанның астында -
Көкшетау боп сен бүгін!

Ерең өлкем,
еңселі өлкем,
ер өлкем,
көкпен бірге көсегеңді көтертем.
асқақтайсың алыс аспан астында -
Алатау боп сен ертең!...
* * *
Туған дала,
демейді ешкім нәмартсың!
Болсаң нәмәрт -
саған сенім неге артсын?!
Жақын түгіл,
жарылқайсың алысты
шүленсің сен!
Атымтайсың!
Жомартсың!

Есесіне құрмет қандай,
сый қандай!
Күн де нұрын тек өзіңе құйғандай!
Жаулауыңда күнде қонақ,
Күнде той,
дастарқаның жатады ылғи жиналмай.

Күндегелі келсе кейде кіл «керім»,
енді бірі келеді іздеп жыр кенін.
Ат мінгізіп,
Шапан жауып,
әйтеуір
бәрінен де бәйек болып жүргенің!

Мұндай көңіл,
мұндай мінез осалға
бітпейді әсте!
Бас ілгері, бас алға!
Мен білетін бір ақиқат:
жомарттың
қастарынан достары көп қашан да!
* * *
Туған дала,
орнаса да қандай күн -
сендік Қуат болды сенім,
болды айбын!..
Мен өзіңсіз -
байтақ Отан бақытын
ешқашан да елестете алмаймын!

Байтақ Отан,
орнаса да қандай күн -
сендік Сенім болды қуат,
болды айбын!
Мен өзіңсіз -
туған Дала тағдырын
ешқашан да елестете алмаймын!
* * *
Туған дала,
думан дала,
той дала,
арман дала,
орман дала,
ой дала,
саған қарай алып ұшып тұрады -
саған деген сағынышым қайда да!

...Күміс лайнер көкте қанат жайғаннан,
жүрегімді шымырлатып қайғы алуан -
ұрланғандай сезінемін думаннан,
құр қалғандай сезінемін тойлардан!

Тылсым толқын билеп сосын денемді,
жазам оңкей өкінішті өлеңді...
Арман жоқтай аялайтын енді мен,
орман жоқтай саялайтын мен енді!..

Ақ сапарлар адам үшін досқұмар -
жай емесқой осыншалық жас бұлар!
Әлде, әлде, саған деген махаббат -
ауруым ба алыс кетсем асқынар?!

Ұққың келсе, қадіріңді қайта бір -
ұлдарыңды ұзақ жолда байқа кіл!
Мен өзіңнен азамат боп аттанып,
ақын болып ораламын, әйтеуір!..
* * *
Туған далам,
момын дейді сені жұрт,
қабағыңда шалмағандай тегі бұлт.
Жекпе-жекке шақырғанда жауларын -
кеткен жерің жоқ еді ғой шегініп.

Қырайын деп,
құлайын деп қан-жоса,
жан-жағыңнан жабылғанда қарғаша, -
берген жерің жоқ еді ғой намысты,
кек сақтамас, кең мінезің болмаса.

Ерлігің де,
өрлігің де елге анық,
қиянатқа төздің екен сен, сен нағып...
Көнген жерің жоқ еді ғой қорлыққа,
аңқаулықпен түспесең бір алданып.

Жайды ұқпастан,
қаймықпастан асылдан,
жетесіздер қалай ғана басынған...
Қалған жерің жоқ еді ғой айтыста
жалғыз ауыз сөз асырып басыңнан.

Ауырсынбай,
арқалайтын ар-жүгін,
бір өзіңе жетерліктей бар «жаның»
Көтерсең сен көтергенсің үндемей,
ақкөңілді абзал достың қалжыңын.
* * *
Туған дала,
таңдарыңа атпаған
өмір ұзақ өлең болып аттанам!
Ерте өлсем де,
өртенсем де отыма
борышымды тірілерше атқарам.

Елмен бірге күтіп алып әр күнді
толғап бағам,
қорғап бағам салтыңды!
Жасықтарша жеңдірмеймін төзімге
сөндірмеймін көзіңдегі жарқылды!

Тұлпарларың келу үшін тек алдан,
мақтан қылам,
сақтандырам көп ордан!
Міз баспаған дауылдың шақ туғанда,
жанымда сап сілкілеймін жағаңнан!

Болам керең -
бастағанда басқа ән
құшағымды саған деген досқа ашам!
Мәңгілікке қалғысам да,
мен сенің
намысыңды қалғытпаймын ешқашан!..
* * *
Туған дала,
тамыр жайған тереңге
мен өзіңді ұқсатамын еменге.
Көне алмаймын,
сене алмаймын;
Бір күні
жел қозғап,
не
сел қопарар дегенге...

Талай күзді.
талай қысты басыңнан
өткергенсің.
Өткерерсің!
Жасырман...
Жапырақтан айырса жел -
айырар!...
Күйрете алмас,
сүйрете алмас шашыңнан...

Тосын келген зауалға да,
сынаққа
үйренгенсің.
Мәлім жұртқа,
жыраққа!..
Бұтағыңнан айырса сел -
айырар!
Құлата алмас,
сұлата алмас бірақ та!
Атады әлі,
атады деп таң күліп,
күтуменен...
Арманыңды ән қылып,
қаларсың сен көк тіреген қалпыңда,
қозғалмай да,
қопарылмай мәңгілік...
* * *
Туған дала,
теңдесі жоқ әлемсің,
осындайда
тыңдашы бір менен сын:
ерең болсаң -
ереңсің сен тауыңмен,
терең болсаң -
теңізімен тереңсің!..

Бөліскелі қуанышың,
қайғысын,
қайта оралып келер еді қай құсың?..
Жайлы болсаң -
жайлысың сен бауыңмен,
ойлы болсаң -
орманыңмен ойлысың!...

теңтегінді кінәлама бұл үшін,
толғаудамын ақиқаттың,
дұрысы!...
Тірі болсаң -
тірісің сен ауылмен,
ұлы болсаң -
ұлыңмен сен ұлысың!...
* * *
Сендік арды,
сендік намыс,
ұятты
ардақ тұтып,
жұлдыздарың жиі ақты!..
Туған дала,
түсінгенге -
тағдырың
эстафетта таяқшасы сияқты.

Білемін мен:
ауыр кезді,
аш күнді
бастан кешті
жанарына жас тұнды;
қайран бабам
бірақ оны
әкеме
аман-есен өз қолымен тапсырды!

Баз біреулер аңқаулығын аңдаған -
алдап алмақ,
тартып алмақ болды одан;
қаның төгіп,
қалды қорғап,
ақыры
аман-есен табыс етті ол маған!
Әр күніңе,
әр айыңа,
жылыңа
ғасыр жүгін арқалатып,
жырыма
айналдырдым!
Сондықтан да,
мен оны
салтанатпен ұсынармын ұлыма!...

ПОЭТИКАЛЫҚ БОЛЖАМ
Туған дала,
Бір туыс-әулетіңе -
ӨЗ БЕГІН сыйлап беріп,
Бір туыс-әулетіңе -
ҮЙ ҚҰР деп аймақ беріп,
Бір туыс-әулетіңе кигізіп ҚАРА ҚАЛПАҚ
Бір туыс-әулетіңе -
ҚЫР ҚЫЗЫН тойлап беріп,
Атандың ба АҚ (әділ) ҚАЗЫ болып,
ҚАЗЫ - АҚ болып?.. -
Деймін іштей, ойлап, ойлап келіп...
Кім білсін?
* * *
Туған дала,
әр бұта,
әр тасыңа
Сыр шерткізіп...
Әлемнің картасына
Көз жіберсем -
Талайлар таспа тілген
Ата - Жердің ұқсайсың арқасына

Алданыпсың сенем деп сенбесіңе,
Аласың ба аһ ұрып енді есіңе?..
Кей уақытта -
Талайлар жара салған
Ана - Жердің ұқсайсың кеудесіне!

Кез болмадын кезеңнің қандайына,
Солар түрлі теңеуді салды ойыма!
Бүгінде Сен жұлдызы жарқыраған
Жігіт - Жердің ұқсайсың маңдайына!
* * *
Туған дала,
әрі жас,
әрі қартсың!
Әрі батыр,
әрі ер,
әрі мәртсің!
Ән болсаң сен -
саз емес,
ариясың!..
Дән болсаң сен -
жүз емес,
миллиардсың!...
Абай болып айттың ба арманыңды,
Туыс еттің тілеулес бар маңыңды!
Кеніңменен кенелтіп ен байлыққа,
Сенімменен қарсы алдың таңдарыңды!

Жалау қылып көтеріп жаңа ойларды,
Ұйқы көрмей атқардың көп айларды.
Мұңыңменен қоштасып мың ғасырлық
Тыңыңменен тыңайттың талайларды!

Еңселі едің,
өзің де иықты едің,
тұр бұл күнде төбеңе тиіп көгің!..
Биік менің мәртебем сондықтан да,
Сондықтан да дарқан һәм сүйікті Елім!
* * *
Туған дала,
мен сенің тамшы қаның.
төгілмейін,
тірлігің - болсың әнім!
Талай рет,
білемін,
ту сыртыңнан
тиген оқтан жығылдың,
қансырадың..

Қайта тұрдың,
қайтадан жандың өшіп.
жігіт болдың,
есейдің,
қалдың өсіп!..
Озбыр Шыңғыс ол саған
аз дегендей,
Отырарды -
басыңды алды кесіп...

Жарылқаудың орнына,
ой жібермей,
Темір келіп тағы да
сойды кермей,
Айтылатын аңызда,
дәу секілді,
өлмей қойдың бірақ сен,
қойдың өлмей!..
Өршелендің,
өгейсіп өмірге ендің!
Көңілдендің,
күлді де көгіңнен күн!
Қаһарыңмен жауыңды қаймықтырып,
өзің сосын өзгеге донор болдың!

Донор болдың,
жібердің жалғап күшін,
жатқан кезде тістелеп бармақты шын!
Сондықтан да,
сыйлысың сен бүгінде,
достарыңа туыстай ардақтысың!!
* * *
Туған дала,
жақынмен,
алыспенен
таныс болдың,
тілдесіп болдың,
Жер бетінде тыныштық орнаса да,
жүріп жатыр эфирде соғыс деген!..

Жүріп жатыр тоқтамай,
толастамай,
зұлымдықты әділет аластамай
аяқталмас!..
Асқынып,
адамдардың
айқасына тек қана жол ашпағай!

Осы күдік көңілді мұз еткесін,
Табанына қалайша сыз өтпесін?!
Анасың сен тылдағы - алаңдайсың!
Жауынгерсің саптағы - күзеттесің!

Енуде ме
Түнекке қуатты нұр,
жеңуде ме
жаланы шуақты жыр?.

Тұрған түпсіз әлемді шола тыңдап
локаторлар - құлаған сияқты бір!..
* * *
Туған дала,
қайнатып қасқыр қанын,
қонағыма -
туысқа бас тартамын!
Жомарттығы,
кеңдігі көпке мәлім,
сенсің менің киелі дастарқаным!

Бір салтым бар,
мәңгілік сақтап бағам,
айыпталмас -
алады ақтап балам!..
Қанша момын болғанмен,
атам қазақ
дастарқаның ешкімге аттатпаған!

Бір ғұрпым бар,
мәңгілік өшпес олда.
Кім өшірсе -
ісі оның баспас оңға!
Қандай зауал келмесін,
атам Қазақ
дастарқанын сатпаған ешқашанда!

Ақыл қоссы -
ақсақал асқар тауым,
жақын досқа
тойымды басқартамын!
Туған дала, кеңдігі көпке мәлім,
сенсің менің киелі дастарқаным.
* * *
Туған дала,
шықсам-ақ бес күн жырақ -
сен туралы сөздерге тостым құлақ
ой толғайды кексіз деп кейбіреулер,
айта алмайды тексіз деп ешкім бірақ!

Мойынсұнтпай қояр ма мәніне шын
талай жұртқа талайдан қанық есім:
күйшілікке келгенде - Құрманғазы!
әншілікке келгенде - Әміресің!

Болаттайын шыңдалған атқарып сын
Болмысыңды ұққанда - жаттар ұқсын:
ақындыққа келгенде - Махамбетсің,
батылдыққа келгенде - Тоқтаровсың!

Таласуға келгенде - ауырдансың
ал, ашуға келгенде - дауылдансың!
Балуандыққа келгенде - Қажымұқан!
Батырлыққа келгенде - Бауыржансың!
* * *
Туған дала,
әлдилеп ерен екпін,
бастан кештім ғажап жыл,
керемет күн...
Кеттің деме көбірек төңіректеп,
сен - жарықсың.
мен - көзсіз көбелекпін!

Бар арманым:
еңсесі биік өлең,
сапар шегер ұрпаққа сыйыменен.
Мен өлмеймін!
Өлсем де,
саған деген -
махаббаттан осынау күйіп өлем!
* * *
Туған дала,
«Асқарыңмын,
Шыңыңмын,
Аспаныңмын,
Жұлдызыңмын,
Күніңмін!» -
деуге хақым жоқ әзірге...
Әйтсе де,
көзіңмін һәм құлағыңмын,
тіліңмін!...

Ақиқаттан алшақ ұстап
өзіңді
алдағандар
алдай алмайды өзіңді.
Сені соқыр ету үшін,
әуелі
ою керек мына менің көзімді.

Тисе біреу намысыңа,
шыдамың
былай қалып,
анық:
қарғап тұрарсың!
Сен саңырау болу үшін
әуелі
біту керек мына менің құлағым!
Щығармаймын дыбысыңды,
дымыңды
десе де кім,
өшіре алмайды үніңді.
Сені мылқау ету үшін
әуелі
кесу керек мына менің тілімді!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері