Естай – Қорлан

Бұл бетте «Естай – Қорлан» атты Мұзафар Әлімбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кілт
***
Əн мен жыр қызымыздай ұзатылған,
Алмай ма кір жұқтырып өз атына?
Жақты ма қайын жұртқа, жақпады ма,
Табылар құптайтын да, бұзатын да.
«Өгейсіп жүр ме екен, – деп, – бөтен жерде?»
Ата-ана уайымдар қыз хақында.
Ақын да қыз ұзатқан ата-анадай,
Алаңдар өзі ұзатқан сөз атына.
Əн «Хорлан» атанған жоқ күйік пенде,
Өзіндей Хорлан қыздың сүйікті елге!
Көтеріп əкетті ел биік белге,
Тыңдаймыз ұйып сен де, ұйып мен де.
Арқадан əн самғатқан Естай ақын,
Бəйгіге қашан қалған қоспай атын?!
«Тыңдайтын дүниеде құлақ барда
Сенген ол жасайды, – деп, – өшпей атым».
Тұлпардай топ алдында ойқастаған
Əн «Хорлан» тамашада той бастаған:
Жігіттің арманы не сүйгенді алған!» –
Көңілге махаббатшыл ой тастаған.

Сергелдеңнің сеңінде
***
Алдынан киліксе де шатқал, шың құз,
Аумаған атылған оқ, аққан жұлдыз.
Салт атты ағындаған тоқтар емес,
Бара ма іздеп күнін батқан күндіз?
Ақ көбік ат сауырын жасырады,
Жолаушы неге мұнша асығады?
Қарауға арттағыға мұршасы жоқ,
Барар жер, басар тауы қашық əлі.
Кімнің бұл боздағы мен аяулысы,
Кімнің бұл жортуылшы жан алғышы?
Жападан-жалғыз жолға таңнан шыққан,
Жоқ па екен жолдас болар таянышы?
Даланы дүрліктіріп, дүбірлетіп
Қалың қол қалды ма екен қуып жетіп?
Жүзінде қан жоқ, сөл жоқ меңдегендей
Арқаның алты ай қыстай суығы өтіп.
Келе ме кереметтей кегін даулап,
Біреуде жанашырдың құны кетіп?!
Дəметіп оңай олжа, орамалдан,
Тонаған тұяқ қоймай қора малдан,
Қызылкөз көкжалдарын бастап барып,
Батыр ма барымтадан жаңа оралған?
Ажал сұм-қара жүрек қараса ма,
Ойнатып əңгір таяқ қарашаға,
Төнді ме?.. Сол хабарды ести сала,
Тəуіп пе тұра шапқан арашаға?
Біреуге жас басынан кекті ме екен?
Сия алмай сыйлы еліне кетті ме екен?
Бұйырып ішер суы бір қияннан,
Қайдағы шақырды ма шеткі мекен.
Тізгінін бірақ тартты жар басында,
Аунақшып аласұрған арнасында
Айдынға төне қалды түнеріңкі,
«Жар бол!» деп, жалбарынып аласына.
Кес-кестеп Ертіс жатыр құтырынып,
Көшкен сең айдаһардай ытырынып,
Жалмайды жолдағысын, алдағысын,
Жал бітіп, жұтқан сайын құты кіріп.
Ертісі еркелеткен ене сынды,
Егесіп баласымен егерсіді.
Иманын үйіртеді имансыз су,
Еріксіз қол байланды, жол кесілді:
Өзім ғой өзіме дерт тілеп алған,
Онысыз тар көрініп мына жалған!
Арыма кешемін бе, кешпеймін бе,
Аһ ұрып ада қалсам сыбағамнан?! –
Батыра басты қамшы құласына,
Құлдырап құлай берді бұла суға:
«Көрейін не де болса, көріп алдым,
Тас бауыр тағдыр салды сынасынға!»
Сырығы – сенгені сол қолындағы,
Келеді сеңді ысырып жолындағы.
Анталап апат-үрей атойлады
Алды-арты, оңындағы, солындағы.
Сырықпен маңайлатпай бұрып басқа,
Бір сең кеп килігеді, бірін қақса,
Езіп-ақ екі бүктеп жіберердей,
Ат басын абайсызда қырындатса.
Құласы бір батады, бір шығады,
Иегін сəл босатса, тұншығады.
Талабын иесінің түсінгендей
Тартынбай, қарғып, орғып, құлшынады.
Сең емес, сергелдеңмен шұбап қайғы
Жатқандай ... киіп-жарып шыдатпайды.
Жойқын күш үйіреді дедектетіп,
Зым-зия батса қыршын, кім жоқтайды?
Кимелеп, тебеді мұз, сығылысып,
Жоғары бірі шығып, бірі ығысып.
Жуасып, жөңкілген сең жол берер ме,
Көрмесін меңіреуге күнің түсіп.
Жеңбесең, тартыстың не, жұлқыстың не?
Жалғыз ер майдан берді мың күштіге.
Ертістің ортасына жаңа жетті,
Қалт та құлт қайран өмір қыл үстінде.
Бақыт боп шығыс жаға шақырғандай,
Барын сап, жігіт қайтсін қатуланбай?!
Артына қайырылмастай мойнын бұрып,
Орнына кері қайтпас атылған жай.
Əйтеуір əне бір мұз лағып кетті,
Əттеген, құздай бірі қағып өтті.
Жалп етті жігіт ерден... шылбыр қолда...
Жануар арғы бетке алып жетті...
Өне ме, өнбей ме əлде жол ақысы,
Сойқанның соңында ма сорақысы?!
Кетеді тітіреніп оны ойласа,
Сүйекке таңба болар со қапысы.

Бата алған бала
***
Арқадан кернейлетсе əні шалқып,
Жалпақ ел хан көтерген жаны балқып
Біржан сал келе қалды ертіп тобын,
Ақкөл мен Ақсу өлке дəмін тартып.
Біржаннан кім асырған аруағын:
Шырқаса, күнге мезгеп, дауыл əнін,
Бөркіндей диуананың шошаңдатып,
Шайқалтқан ақ орданың шаңырағын.
«Төренің ауылына халық дүрмек,
Топырлап, ойдан-қырдан барыпты» деп,
Бала Естай естіген соң тыпыршыды
Құмартып, Біржан əнін жаны тілеп.
Баланың шаруада жұмысы не,
Жалынды əкесінің інісіне
Ағатай алып баршы тойлы ауылға,
Апар да салып жібер ду ішіне.
«Қарай гөр қағылездің мына сөзін!
Сөйлеткен болар асау бұла сезім..
Деп аға алып кірді төре үйіне, –
Осал ма сері алдында сынаса өзін?!»
Естай тұр есік жақта төменшіктеп,
Жекіріп тастар ма екен төре «Шық!» – деп.
Ол түгіл ағасы да қалды қағыс,
Өңшең сал менсінер ме: «Төрге шық!» – деп.
Ұланға осы сəтте болысқандай,
Төр жақтан көзін тікті қарыс маңдай:
Қай бала – домбыралы оңды бала,
Өнерде дəмесі бар жарысқандай?
Алғалы сізден бата келіп еді,
Өзі де əнге жастан жерік еді, –
Деп сонда ағасы да сөз қыстырды,
Біржанның тына қалды төңірегі.
Біржан :
Өлеңді айта алмайды жасық бала
Балақай, қасыма отыр, қашықтама.
Бұл өңір əнге де бай, таңдап бірін
Кəнекей, шырқап жібер, асықпа да!
Келтіріп домбыраның құлақ күйін,
Бала Естай бола қалды бір-ақ түйін.
Жүрегі тайдай тулап əуелінде,
Дауысы əзер шықты қинап қиын.
Əн суретке айналады:
Əппақ дала алай-түлей.
Жеті түнде айналаны
Тұмшалайды боран дүлей.
«Қуғыншылар көрмесін, – деп
Қыз бұғады текше қарға,
Сүйреткен ит сүлдесін тек
Бұйырмаймын көксау шалға!»
Көзден моншақ ұшып түсіп,
Омырауға тізіледі.
Раушан гүл үсіп, ұшып,
Енді таяу үзілері...
Көтеріп алды басын Біржан аға,
«Осыным келді ғой», – деп, бір жобаға,
Енді Естай еркіндеді, толқығаны
Лықсып кеп тоқтағандай су жағаға.
«Тұр екен мына бала болайын деп,
Дауысын құбылтады талай түрлеп?! –
Деп отыр іштен, ырза саңлақ ақын, –
Есіртпей, арқасынан қағайын тек».
Құлаққа жағымды екен, інім, даусың,
Көп жаса! Шыңдаларсың, шынығарсың.
Қысылып бізде сендей терлегенбіз,
Көп алды-темір талқы не ғыларсың.
«Баланың құдірет бар дауысында,
Өлеңнің шабар түрі алысына, –
Деп Біржан оңаша айтты ағасына, –
Еркелет, бетін қақпа, бағын сына».
Арада той-думанмен төрт күн өтті,
Біржан сал бала Естайды ертіп кетті.
Серілер Баян барды, Ерейменмен,
Əн туып Қара өткелде желкілдетті.
Көкшетау киелі əннің Мекесіндей,
Біржан сал сал-серінің көкесіндей.
Арқаны аралатты серілерге
Ерке боп ел ішіне жеке сіңбей.
«Теңіз толқып тербелмесе,
Кеме де тербелмейді.
Əнші əуелі тебіренбесе,
Тыңдаушы тебіренбейді».
Біржанның əлгі ақылы құлағына
Сал мінез əндеріндей ұнады да,
Тамағын тоқсан кенеп оңашада,
Құмартты балаң жігіт үн бабына.
Бұлдайтын кəделі деп жарамасты
Көрмеді серілерден сарамасты,
Қыздардай кесте тіккен келістіріп,
Қиналып, терін сығып, табар нəшті.
Құйды да құлағына жақсы лепті,
Баулыды кəрі қыран жас түлекті,
Бір жылдай ел қыдыртып, су сыдыртып,
Інісі Ақанға əкеп табыс етті.
«Біржаннан алған менің олжам басқа,
Ойласам, Ақан басқа, Біржан басқа.
Көру бар... көріп өрнек төгу бар ғой...
Төл өлең келмей жүр-ау оң жамбасқа.
Тыңдатқан зар мұңдарын, наз жырларын,
Дариға, қыс жылдарым, жаз жылдарым!
Жүлдесін жиырма бестің алмадың деп,
Жөн болмас он сегізде жазғырғаның.
Жүр менің əзір ауға баспай құсым,
Талаптың тəуекелін тастаймысың?!
Бір ауыл жүлдесіне ырза емеспін,
Үш жүздің жеңіп алмай бас бəйгісін!» –
Деп Естай оймен қайтты ауылына,
Бұққандай талабынан дауыл ыға,
Піспейді күні жетпей бақта жеміс,
Көктемнің шөлі қанбай жауынына.

Той үстінде
***
Дуылдап Маралдының атырабы,
Бір қыздың тойы болып жатыр əлі.
Таянған таяғына сырт буын да,
Ұйықтамай, таңды көзбен атырады.
Маралды – қара жолдан жырақ мекен,
Сірə да бүгінгідей дулап па екен?!
Ұзатқан жалғыз қызын желпінді бай,
«Кемсітіп кетпесін, – деп, – сынап бөтен».
Мүшеден дəмесіз де, дəмелі де,
Осында ой елі де, тау елі де:
Сүйіндік, Апай-бөрі, Қозған-қақсал,
Қыпшақ пен Бұқа күбір, Сəмегі де...
Осында обаған көз обыры да,
Осында жегін өгіз момыны да,
Осында бір тойынып кетейін деп,
Келіпті кедей-кепшік шоғыры да...
Аталы аруақты туысынан,
Шығармай Ертіс бойын уысынан,
Бұла өскен жастайынан Қауан төре
Сөзі ірі, жүрісі паң, күлісі пақ.
Ұстаған ислам туын жастан қолға,
Түрікте – төрт жыл оқып Стамболда,
Бітірген Аясопы дəрреəлфунун,
Дəмолла, қазақша айтсақ асқан молла.
Ұмтылған омыраулап төс пен өрге,
Ешкімге бойы үйренген дес бермеуге
Ішінен жымыңдайды: «қалған қазақ,
Ырза бол ілбіп-сілбіп көшке ергенге.
Əкіммін атым мəлім алты алашқа,
Қолымды қағамын деп анталаспа,
Жағама жармасар ма жайын білген,
Түсерсің, жасық біткен, жанталасқа!»
Төрт түлік жонға сыймай малы мұның,
Асып тұр жалпақ елден бағы бүгін.
Берген соң қырық жеті қырқа матап,
Алғалы келді айттырған қалыңдығын.
Тойға кеп салқар көшпен он пəуеске,
Асырған салтанатын сол емес пе?!
Əншісін, палуанын, мешкейін де,
Жүйрігін... – түгел əкеп салды егеске.
Елінен өзге бір де əнші ұнамай,
Естайды ертті алғыр – қаршығадай, –
Жоқтайтын өз намысын Маралды елі
Əн мен жыр бəйгісінде болсын абай.
«Қасымнан бір адым да шықпа» – деді
«Бұл жолы барыңды сал, мықта!» – деді.
Ұстаған шыжымымен қол құсындай,
Иемдеп, төре сөзін нықтап еді.
Қауакең намысына келген қызып,
Əншісін сайратқанын көрген қызық.
«Кербаланың шөлі» мен «Сал-сал», «Зарқұм»...
Естай да көп қиссаны берген тізіп.
«Күйеуі пайғамбардың Əлі дей ме,
Исламның кəуірлерге кəрі дей ме,
Болғанда ақыр заман, тақыр заман,
Шығады жер астынан Мəді дей ме?
...Төресі ұзатпады маңайынан,
Қара тер саулап ақты самайынан.
Бір сұрақ өз жауабын таба алмайды:
«Иегін қақса төре, қалай ығам?..»
Бір мезет Қожа досы кіріп шықты,
Естайдың омалғанын біліп шықты.
Сол айтқан сұлу қайда? Көрер қашан?
Соны ақсап бір көргенше сері ынтықты.
Əншісі төре сөзін қайтармайды,
Майысып, қол пернеде майпаңдайды.
Жатқанмен бір қынжылыс түкпірінде,
Бұйырса, «айтпаймын» деп, айта алмайды.
Ширығып алған Естай дене қызып,
Аузы айтып, ойы өзгеде – елегізіп,
Төренің, сопымсыңған белбеуінен
Табам деп отыр екен неме қызық?!
«Баянсыз бұл фəниде жиған байлық,
Түбінде, уа мұсылман, иман – байлық.
Құдайға құлшылық қыл тірлігіңде,
Жұмаққа жұмыр басың сыйғандай ғып.
Бай да жоқ, кедей де жоқ, кəрі мен жас,
Бар миллəт бір пиғылдас, дін қарындас...»
Төренің əнсымағы, уағызы
Осылай щұбай берді бір сарындас.
Біреулер есік жақта жымыңдайды,
– Мырзаның əндері! – деп сыбырлайды.
Құдалар бас шұлғиды «Бəрекелді!»
Бір ыза серімізді сығымдайды...

«Бір мысқал»
***
Десек те ет жүректің емшісі – сөз,
Əзелден махаббаттың елшісі – көз.
Екеуді тілсіз баурап, үнсіз жалғап,
Алуға асықтырар еншісін тез.
Бір көз бар оқтай сұғын қадағаны,
Бір көз бар жанды рақат жаралауы.
Бір көз бар тозған мөрдей тартымы жоқ,
Құрысын, құлқы құрып, қарағаны.
Сыймайды кілең жастар ақ отауға
Қызықтап, ойын-сауық қалағаны.
Осында Естайдың да сырттан естіп,
Елеңдеп, періштеге балағаны.
Екі бай Сұңқар – Сұлтан ағайынды
Қыздарын ұлдарына балай білді.
Апалы-сіңлілі қыз – Хұсни, Хорлан
Көркімен тамсандырған талайыңды.
Бүгін де сол екеуі – тойдың көркі.
Кетердей мықтымсынған сойдың еркі.
(Есағам айтып еді, он жетімде
Өзім де есеңгіреп көрдім елтіп).
Алайда, арпа ішінде жалғыз бидай,
Хорлан қыз-қыз ішінде жалғыз құдай.
Зылиха, Құртқа, Жібек... қиял шығар,
Бұл ерке бар сұлудың жалғызындай.
Мөп-мөлдір жаңбыр шайған қарақаттай,
Қара көз қалай сені қалар тартпай?!
Алдында қымсынарсың, қысыларсың,
Өзіңнен-өзің терлеп, сая таппай.
Теңесер жан табылмас жалпақ елден:
Аппақ жүз – қызыл арай таңнан өрген.
Екі ұшы екі беттің – қызыл алма
Ақ қарға шала батқан ортан белден.
Маңғаз қыз – Маралдының ақ маралы
Кердеңдеп алдында кім мақтанады?!
Ішінде соны көрген арулардың
Қызғаныш қып-қызыл боп шоқтанады.
Иіндер өзі түсіп, елбірейіп,
Табанға өзі барып тапталады.
Адуын, омыраулы салдардық да
Сол Хорлан сескенері, сақтанары.
Басына Хорлан киген кəмшат бөрік
Сүйгендей ақ маңдайын аңсап келіп.
Сол бөрік талайлы екен сан жігіттен
Сабылған Маралдыда самсап өріп.
Қыпша бел... қамар белбеу құшақтап тұр...
Бойыңды, шыда, жігіт, алса желік.
Бейіште хордың қызы күндегендей
Пендеге бітеді екен сонша көрік?!
Хорлан – от, ынтызарлар көбелектей,
Ұшады отқа қарай ебелектей.
Шықпайды төңіректеп, төңкеріліп,
Өзгеге одан өзге тілек етпей.
Шұбыртып сілекейін шекеріне,
Жігерден жұрдай болар жетелі де.
Тəлкек қып тəркіжиһан сопыны да
Нəпсінің байлап берер жетегіне.
«Тоқал деп тоқты-торым қатын алдым,
Мал беріп, – дейді төре, – сатып алдым.
Мосқал жас мойытты ғой... əйтпегенде
Хорлан да менікі еді... қапы қалдым».
Сұлуға сұмырайлар сұқтанғыш-ақ
Жаяды, өліп-өшіп, сырттан құшақ.
Өткір сөз, салқын қабақ, паң мінезбен
Талайын Хорлан өзі шыққан «тұсап».
Байлаулы, əттең, Хорлан бала құстай,
Шерменде ала жаздай, ала қыстай.
Жері бар атастырған... бір қырқылжың
Қағар ма көгілдірді қара құстай?..
Бейнелеп айтқан Қожа затын өстіп,
Ақыным армандаған – атын естіп.
Іздеп-ақ табар еді келген күні,
Байлады ұзақ күнді əкім кеш қып.
Қыз-қырқын жанай өтсе қасымыздан,
Ақ қырау сескенгендей шашымыздан,
Салмайды көз қиығын бүгін бізге,
Біз «сорлы» сондай-ақ бір жасымыздан!
Бақпақтың жел сілкіген ұлпасындай
Жас дəурен бір-бір ұшты-ау басымыздан!
Болған ғой жігіттердің не ардағы
Көңілі бір қалмаған асыл қыздан!
Бəйгісі бақастықтық қызған шақта
Өрмелеп өрге тасы, басып озған!
Қайдағы «көріпкелдей» керемет пе:
Жаңылмай, жаза баспай кірген бетте,
Хорланды таныды Естай, «талып» түсті,
Көрсеткен ырза болып құдіретке.
Көктен бір іздегенін тапты жерден,
Баладай зарығып кеп тəтті көрген
Шарасыз іштен тынып, «өліп» отыр,
Дер ме екен «жеңсік құмар нəпсіге ерген?»
Қыз десе, қызық десе, сайтаны бар,
Қиылып, қиын қолқа айтары бар.
Қөңілін қалқатайдың қалдырса егер,
Бипаздап, жұбататын байпақы бар.
Паң қызды бұған дейін көрмесе де,
Тіл қатып, ол бір белгі бермесе де,
«Жалғанда жалғыз мені жаным дейтін
Осы!» деп, іштен түйді, сенбесе де.
Неге өйтті – түсіндіріп айта алмастай,
Естайды он прокурор тергесе де.
Десек те ет жүректің емшісі – сөз,
Əзелден махаббаттың елшісі – көз:
Екеуді тілсіз баурап, үнсіз жалғап,
Алуға асықтырған еншісін тез.
Албырап аппақ, Хорлан анадайда,
Ұрланған көз астымен қарамай ма:
Қарашық карашыққа қадалғанда
Ішіңді құмарлық от жаламай ма?!
Айтайын үйреншікті көне теңеу
Тоқ жылжып тұла бойға тарамай ма?
Сол сəтте сезім шіркін – көзсіз батыр,
Сол шақта ақыл қайда, сана қайда?
Шегініп кең дүние кейін қарай,
Жарқ еткен бір отты көз қалады ойда...
Осылай болды десем, кім нанады?!
Қиылып, қыз қарады-ау... бір қарады!
(Тəкаппар болса кеше талайларға,
Өз басын, қыз намысын құндағаны!
Паңдар да жұмсарады теңі күлсе,
Тартынса, талайынан құр қалады...)
Естай да білмей отыр не болғанын,
Көрген де, көрмеген де иланады.
Тайсалмас əн-өлеңнің таласында
Кезек кеп Бəстемидің Мағашына,
Ауылдың алты ауызын отыр төтеп,
Ал Естай көк пен жердің арасында.
...Басың тік, түссең оның жолын сүйіп,
Болу шарт жөнің ерек, өрің биік.
Той емес, мереке емес өнер деген,
Біреудің бара алмайсың тонын киіп.
Тылсым күш желіктірді желікпедей,
Тебеді тегеурінді серіппедей.
Ішінен қаймығады-ау Естай, əттең
Дарынын ашылмаған көріп кедей.
Сүлейсок, дел-сал халден босанбады,
Тер қысты, маңдай жіпсіп бусанбады.
Құштар саз қасқалдақтай сүңгіп кетіп,
Қылтыңдап, қайта батып, неше алдады.
От толқын, ішке сыймай, сыртқа тепкен
Көнбеген шығаруға құнттап, еппен.
«Бол, болдың» астына алды: «Айтып сал!» – деп,
Аш жандай асықтырып жұттан кеткен.
«Мақсатқа ойына алған жетем!» демек,
Кетті ме ғашық жары көтермелеп,
Ауылдың алты ауызы таусылғанда,
Шабытқа ақын қонды төтен, бөлек:
«Болғанда өзі мұндай жүріс қандай,
Күлкісі көңілді ашар гүлістандай.
Көтеріп алақанда отырсаң да,
Білінбес ауырлығы бір мысқалдай».
Бейнесін жасамадым ойдан жорып,
Отырмын тумысына кайран болып!
Өзімді-өзім көріп сүйсінсемші,
Ақ жүзі алдымдағы айнам болып!
Ару қыз туды екен кім бағына,
Өзімен жазса тағдыр бір баруға,
Тайынбай тамұғына тартар едім,
Баспас ем сүйресе де ұжмағына...»
Ерке наз, сылқым əуен, мамыр үнді
Сарқатын естігенше сабырыңды,
Тындайтын дүниеде құлақ барда,
Білмейтін шырқалудан жалығуды!
Төгілді өлең болып сезім қызба,
Əншіде ел құлағы, көзі – қызда.
Елестет сол суретті көз алдыңа,
Ұзатып алдың-ау деп сөзім бұзба!
Құлаққа майда қоңыр ағыс тұнды,
Көзінде жамиғаттың алғыс тұрды.
Мүлəйім басын иіп, ернін тістеп,
Қыз отыр... əн сиқырлап, шатыстырды.
Жанына жаңағы əні жаққандай ма,
Інкəрін көзбен ғана айтқандай ма?!
Барады ыстық тартып, ысындырып,
Құшаққа еркелетіп тартқандай ма?!
«Кінəлі бəріне де өзім шығар,
Үмітпен бір қараған көзім шығар.
Ағатай, кешір, – дейді қыз ішінен, –
Орайын таба алмадым төзіп шыдар».

Уəде
***
Үздігіп, қалқашыммен жалғасудың,
Сарыла сəтін күтсең жолғасудың,
Күн неге ұзақ ақын қиялындай,
Жолындай неге ұзын арна судың?!
Сырт көзден тасаланып барып тысқа,
Жас жігіт лəззаттана жары құшса,
Қарлығаш қанатының қияғындай
Айсыз түн неге келте, таңы қысқа?!
Білсек те, түн қадірін білмесек те,
Түн аты, – күндіз емес – түн десек те,
Махаббат – түнекте де күн сияқты:
Ғашықтар, түнді ендеше күнге есепте,
Олардың біз білмейтін сыры бар ма?
Сүйсін де сүп-сүйкімді «ұрыларға»,
Алсаң, ал алтын күнін, ғашықтардың
Тілінен бал татысар түнін алма...
Япырм-ау, күн батты ма, батпады ма,
Сарғайып, серім соны бақпады ма?!
Күн бойы созды өңешін айтып өлең,
«Сездірмей» тыпыршуын жат қауымға.
Табаны тимей жерге, аптықса да,
«Сабырлы» жан жоқ одан топта мына!
«Уһ!» – деді көл жақ беттен көзі шалып,
Алауын алты бақан жаққанында.
Өзіне əр заманның салты жағар,
Жастарды магниттей тартып алар:
Қаракөк кең күмбездің ортасында
Секілді алтыбақан алтын арал.
(Көрген ек шет жағасын өзіміз де
Келмей ме бүгіннің де шартына дəл?!
«Ескі» деп өзеурейтін ессізді қой,
Төрелік тілегенің, халқыңа бар).
Жастарға ерік тиді бүгін бір түн,
Шерте алса жарар еді сырын шіркін!
Серіні ертіп келіп Қожахмет, деді-ау:
«Шіріктенбе, гүліңе ұмтыл!»
Үйіріп маңайына ылғи елді,
Думанды дуылдатар қырғи еді.
Естай тұр ойға батып оқшауырақ,
Сілкінбей, сыртқа қарай сырғи берді.
Қушекеш Қожахмет осындайда,
Көшірді топты түгел тосын жайға:
Лақтырды ақ сүйекті айдалаға,
Бет-бетке іздеушілер жосылмай ма?!
Алтыбақан басыра тиді бықпырт:
Кетті топ тарап-тарап, тынды жым-жыр,
Қалың ши... күбір-күбір... сыбыр-сыбыр...
Ай – жеңге ақ сəулесін құйды күңгірт.
Алқынын баса алмай тұр ақын байғұс.
Бұтаға манағы айтқан жақын қай тұс?
Атты жау қаптағандай жүрек дүрс-дүрс,
Жақында, жақындай түс, жақындай түс!
Алса да сау басына жаза тілеп,
Досы үшін тайсақтар ма Қожахмет?!
Жетелеп алып жетті Хорлан қызды:
Əумин, қабыл болғай таза тілек!..
...Міне үнсіз Хорланы тұр оң жағында,
Құрысын бүйтіп ақын болғаны да!
Жақ ашпай жапырақтай қалтырайды,
Тəңірім тілін байлап, қорлады ма?
«Жақындасам, қорқамын жанам ба? – деп
Алыстасам, аязда қалам ба? – деп,
Аллама, жалбарынам күні-түні,
Ұмсынсам, оң сапарым болар ма? деп...»
Бірі жоқ əлгі сөздің – жаттағанның,
Білмеді алға қалай аттағанын.
Естай :
Өзіңе көрімдігім «Бірмысқалым»,
Ағаңның кешір басқа таппағанын.
Хорлан :
– Тыныш ем тымық көлдей – толқып кеттім,
Сабырлы ем – өзегімді өрт қып кеттің.
Ескексіз қайық мінген жас балаша,
Есітіп өлеңіңді, қорқып кеттім...
Серінің кеудесіне басын сүйеп,
«Құдайым менің қашан жасымды иед? –
Дегендей өксіп-өксіп егілді қыз, –
Қай күні ғашық жүрек ашық сүйед?!..»
Өрт құшақ... бастан кешкен өзіміздің,
Бұндайда қауқары не сөзіңіздің?!
Ақынның сипап тауып ат жоқ қолын,
Кигізді алтын жүзік өзі қыздың.
Шыдатар жалын жастық буы нағып?
Отты ағын бойды құлап шымыранып,
Хорланы құшағында Естай сері
Кетер ме балауыздай бүгін ағып!
Жалғыз түн – жазылған түн маңдайына,
Бұйырды тілдің балы таңдайына.
Тырп етпес, төнсе қылыш төбесінен,
Қарамас келер күннің қандайына.
Естай :
– Қол қысқа... тосыламын... нағылайын?
Уəде – келер жылғы мамыр айы!
Хорлан:
– Ақ тілеу... Алла оңғарсын жолымызды!
Мен-дағы осы орыннан табылайын.
Жабысып көк шалғынға боз жамаудай,
Жатқанын бір жауырын қозғала алмай...
Қыз-жігіт шала аңдады...
алаңдады
Көркіне бір-бірінін, көз қана алмай.
Көңіл мас, көз жұмулы бұл шағынан
Айырған əзəзілге ұсады таң.
Айырылған аспанынан ай сияқты
Сытылып Хорлан шықты құшағынан.
Жігіттің жүрегі ұрды аласұра;
Көз – айна, қалды сурет шарасында:
Жамылған қара шапан ақ көйлек қыз –
Шомылған аққу құстай қара суға.

Сүйіндірген ұзағынан
***
Шалынбай, ораштып, ел көзіне,
Жып берді қонақ үйге ол тезінен.
Ақ төсек... Маралдының айдынындай
Рақатпен сүңгіп кетті көл – сезімге.
Сұқтанып жүзігіне қарай берген
Серінің сөз берейік енді өзіне:
– Айырылдым, асау жүрек тізгініннен:
Бір күнің артық, екен жүз күніңнен.
Ант етіп жар болуға қияметтік,
Тақтым-ау махаббаттың, жүзігін мен!
Кім білген махаббаттың мұндайлығын,
Жүр екен атпай таңым, тумай күнім.
Сазымды тұңғиықтан тартып терең,
Сыңғырлап шыға келді сырнайлы үнім.
Жұлдыздар патшалығын жаулап алып,
Бақытты бауырымдай баурап алып,
Мен келем, бар дүние, көз сал маған,
Қуаныш – өзен жатыр таудан ағып.
Бақыттың тиген менің сыбағама,
Парықсыз мыңнан бірін ұға ала ма?!
Бақташы ем кеше түнде төсегімде
Патша боп, мен сияқты, шыға ала ма?!
Талпынған өрге кеше ала таңмен,
Сары үрпек, көк қанатты балапан ем.
Бүгін мен тау қыранмын, құсбегім бар
Сипайтын нұрдан жұмсақ алақанмен.
Қымсынып, қуаныштан қызады қан.
Құдайым, сүйіндірген ұзағынан.
Сақтай гөр (ақын біткен ырымшыл ғой)
Сұқ көз бен суық тілдің тұзағынан.
Жас отау басымызға бақ қонсыншы
Лайым, дос сүйсініп, жат көрсінші:
Кіршіксіз мына жүзік алтынындай
Біздің де сүюіміз пəк болсыншы!

Зордың сөзі – сордың көзі
***
Деседі туасы ақын – Асанқайғы,
Ой-түрме, тұтқынынан босанбайды.
Алдымен соған батып зар менен мұң,
Алдымен сол мүскінді басар қайғы.
Шебер-ақ зұлыматтар жылатуға,
Аяқтан оқыс шалып құлатуға.
Өзі елді жұбатам деп өксігенді
Ол кезде кім табылсын жұбатуға?!
Біржан сал білегіне арқан батқан,
Оны да озбыр қауым жаутаңдатқан.
Ұстаздың көресісін шəкіртіне
Мирас қып өле-өлгенше арқалатқан.
Үреді ит, ақын түгіл, пайғамбарға,
Сонда да ақ жолынан тайған бар ма?!
«Көңілдес қыз-перімен Ахан», – деп те,
Тұтқындай күңіренткен байлап зарға
«Əділдік жерде де жоқ, көкте де жоқ,
Ендеше бұл өмірге өкпе де жоқ!»
Депті ғой бір ағамыз күйінгеннен,
Қазақтың қара тілі неткен өжет!
...Ертістің шығыс қабақ іргесінде,
Ежелгі Керекудің түрмесінде
Күн көзін неше ай Естай көрмегелі,
Бір пенде келген де жоқ тілдесуге.
Қиялдың қуып ізін қай-қайдағы,
Белгілі тұтқын пенде сарғаймағы.
Ұмытты ол өзін-өзі, қала берген
Жаудырап екі көзі жарды ойлады:
«Сені ойлап, менің
басыма төнді зар-қайғы,
Сыйлаған өзің жүзіктей жүзім сарғайды.
Бір сəтте міне лаулайды өртім ішімде,
Лезде тағы үлгірем жаурап үсуге...
Тəңірім менің, ілдірмей қойды көзімді,
Көзімді ілсем, көрер ем түсте өзіңді!
Тартса егер күңгірт, көк аспан мұнар жамылып
Отыр ма деймін Хорланым солай қамығып.
Хорлансыз ой жоқ, Хорлансыз той жоқ мен үшін
Арманым-бақша... татсам-ау миуа жемісін.
Жамбасын қарыды да сыздың зəрі,
Аяғын қиды темір шынжыр тағы
Өлтірсе өтірік үшін өкінбес ед,
Батты ғой шындық үшін шыжғырғаны.
Қайтқанда Маралдыдан, ат шалдырған
Жолдағы ел, тосып алып қарсы алдынан,
Көктөбе, Толыбайда, Тайшы өлгенде
Ғұзыр боп, қонақ етіп, əн салдырған.
Сөз емес мойны құшақ жер жырағы,
Түрік кой тəуір əнге ел құлағы:
Өзінен бүрын жетіп мерей-даңқы,
«Бір мысқал» жол бойында сыңғырады.
Өз бойын үйренсе де тарта, бағып,
Көсілтті Есағам да арқаланып.
Хорланы нақ қасында көзін сүзіп,
Жан жарын қолдағандай арқа қағып.
– Əніңнің сүйіншісі – ел алғысы,
Бірақ та бар ғой қазақ жоралғысы, –
Деп ырза үш ауыл үш ат мінгізді,
Ақынның келмесе де мал алғысы.
Ақкөлге жеткізуін қиынсынып,
Тұрған соң алыпсатар пұл ұсынып,
Базарға салғанында үш жылқыны,
Шап берді пристав кеп, бұны қысып;
– На коней справки надо брать!
Ты, киргиз, настоящий канократ!
Деді де, жөнелді айдап абақтыға,
Кім оған хан базарда ара тұрад?
Бес сомға сатып алып приставты,
Баспалап баққан төре «ұры» ұстатты.
Періште жылағанда пері күлер,
Деді ол: – орнын ақын дұрыс тапты! –
Шырмалған сұм дүние шатағына,
Болар ма қайғы қамал қапалыға.
Тар қолтық тақыр кедей не қылады
Азуы алты қарыс аталыға?!
Қалаға бір соққанда жолы түсіп,
Əркіммен учитель Сəт жолығысып,
Құлағы шалды таныс бір пəтерде
Жатқанын жазықсыздың сорын құшып.
Құрған кім жауыздықтың зəбір торын?
Жазбай-ақ таныды Сəт залым қолын.
Естайдың естіп-білді ту сыртында
Көзі ашық, қолы жүйрік жаны жоғын.
Құтқарып алды Естайды үш ауылдан
Қаптатып куəлардың қалың тобын,
Кетті үш ат бір чиновник көмейінде,
Тəубемен байыды ғой кедей күнде.
Құласы тиді əншімнің тақымына
Соған шүкір... жолынан бөгейін бе?!
Құба-құп Сəт ағадай тапса пана,
Жасырмай сырын айтты жақсы ағаға:
– Сəлем де үш қайтара Хорланжанға!
Жар адал – жазбай серттен тосса ғана..
Жетермін – уəдемнен кешікпеспін,
Сыртынан қамқор боп жүр, жат санама!

Арманның аты арымас
***
Сан түрлі жоғалтқанның жорамалы,
Ойына талай тұспал оралады.
Жориды жақсылыққа əр хабарды
Дəменің құшағына оранады.
Сонда деп естіген сон, Шотқа барды,
Тағы да күйді көңіл – отта қалды.
«Көрдік, – деп біреу айтты, – Мұхамеджан
Омбыға айдап кетті топтап малды...»
Қызғанып жауыз неме жас жұбайын,
Зытқан ғой... Əнші бағын аш, құдайым!
Кеш қалды – жəрмеңкесі кеткен тарап,
Сөйтеді десе қырсық қас қылайын.
Ізі жоқ, өзі түгіл Хорланының,
Қарқабат қайта ақынды басты уайым.
Жей-тұғын жол-жөнекей түскіліктей,
Жүресің, жазға мəз боп, қысты күтпей.
Пеш екеш əттең пеш те жылыта алмас,
Пешенең қалтыратса үскіріктей.
Айырылған сыңарынан қоңырқазым!
Кеттің бе жазатайым болып жазым?
Қайдасың, қалқатайым? Күн мен айдың
Айтсаңшы кездескенше көбін-азын.
Тірліктен тіледің бе жолды бөтен?
Қара түн тас төбеңнен төнді ме екен?
Шиедей қызғыл ернің бозғыл тартып,
Жұлдызың жымың қақпай, сөнді ме екен.
Сəулелі жарығынан қарасы көп
Шошимын ойларымнан шарасыз боп...
Өзімді-өзім түйреп, сілкілеймін:
«Қияли ойға қалай барасың?» – деп.
Жылынып жырақтан-ақ жүріп едім,
Көгінен құлады ма күнім менің?
Көрмей ме көптің көзі күн құласа?
Опасыз, оңай қалай түңілгенің!
Қияр ем қылышсыз-ақ қыршынымды,
Ол ойдан жаным бір-ақ түршігулі.
Мен кетсем... Іздеп тапса қыз тірі боп,
Тағы да тигізем ғой қырсығымды.
Орны жоқ жасықтарша еңіреудің,
Қайғыға Мəжнүн құсап меңіреумін.
Хорланым сау болсашы, мені қойшы –
Құдайдан одан артық не тілермін.
Əр қадам – қазылған ор... келем өтіп,
Қажыдым өкінішті өлең етіп.
Шаттықтың шалқар жырын төгер едім,
Алдымнан шыға келсе, көлең етіп...–
Шерлі ақын шытырман ой шырмауында
Жылыстап ана ауылдан мына ауылға,
Алысты азапсынбай тарта берді,
Жоғынан сұрау салып мың қауымға.
Арымас Тайбурылдай арыған аты.
«Ақынның домбырасы – қолғанаты».
Аралап кара Ертісті, Зайсан барды,
Алдына дəмін тартты Арғанаты.
Шықты ол Жетісудың тауына да,
Түстенді Түрікстанның бауына да,
Қаңтарда Қарқаралы қарын басты,
Малшынды Қызылжарда жауынға да.
Жалғанда айдай дара туған жалғыз,
Қыз Хорлан – іздегені гүл Хорлан қыз.
Есағаң қызды іздеді, жырды іздеді,
Іңкəрі – бір арман жыр, бір арман қыз.
Осылай өте берді, өте берді
Тершең жаз, тұмаушаң қыс, жыларман күз..

Хорланның зары
***
Мені іздеп жортқаныңды біліп жаттым,
Ішімнен сілтідей боп тынып бақтым.
Обалың өгей шешем əзəзілге,
Обалың Қауанына Өмірзақтың.
Жаралған жат есікті күзеткелі
Қысқа ғой қамшы саптай қыз көктемі.
Жігіттер, өкпелеңдер сұм заманға,
Артпаңдар жөн-жосықсыз қызға өкпені.
Өзіңнен болмай кетті хабар-ошар,
Күн туды ақылынан жан адасар.
Құлындай ноқталаған кете бардым,
Қыздан да бұл дүниеде бар ма осал?!
«Білемін құшағымды жайдым кімге,
Алмаспын ақылшыға Лəйліні де,
Деп едім, – астам сөзді айтқан екем,
Уəде байласқанда айлы түнде.
Аяр ең шошып аппақ самайымнан,
Қайтейін, көремін де талайымнан.
Түсер ед əжем ара тірі түрса,
Жан ашыр табылмады ағайыннан.
Басыма желек жауып, жер еткенше,
Жат төсек... қыл көпірден мен өткенше,
– Деп, – сендім əне жетер, міне жетер,
Алады арашалап өжеттерше».
Қайтейін осы болды заманымыз,
Ойға алсам қабағымды қабады мұз.
Болары болды, сіңді бояуы енді,
Қылыштай тасқа шапқан тауанымыз.
«Сүйгенге тілдей төсек тар болмайды,
Көңілі жатты іздесе, жар да оңбайды».
Дерсің бе жазғырып та мен бейбаққа?
Дерсің бе: «көлеңке де жан болмайды?
Жылаған жалғыз мен бе малға барып,
Насырға, мен көнбесем, шабары анық.
Өзіңді, өзімді де, өзгені де Дедім ғой:
қор етпейін қанға малып.
Морт кетер, морт кеткен соң, мерт кетер деп,
Жақсылық жоқ, жамалар дертке дерт тек,
Шұқырда, Шотта сəті түскенімен,
Таймықтым жүздесуден бетпе-бет кеп.
Жұлқынып, сабыласың, сарыласың,
Жұлынған аяп гүлді не ғыласың?!
Қызықпас, қасқыр тартса, арыстан да,
Несіне жат сарқытын сағынасың?!
Қопарма махаббаттың қоламтасын,
Қалайша құлағанға қол артасың?!
Əлпештеп əнге қосқан Хорланыңды
Онда елдің, зердесінен жоғалтасың...
Бақытты кепсінбеші ондай маған!
Сен өйтсең, сөнбесем де, оңбай қалам.
Өзіңді сақта, жаным, елің үшін,
Мен үшін бұдан əрі болмай алаң.
Көңліңді желпісінші сал-серілік,
Бой бекіт, босамашы борша егіліп.
Сағыңды сындырмашы күншілдерге
Жылайтын тірі жүрсең, өлсең күліп.
Тілеймін: тұнығыңды лайлама,
Шиырды шиырлама шыр айнала.
Айырсын, бізді айырса, ажал ғана;
Айырсын, бізді айырса, Құдай ғана!
Қоса алмай қызығыма қызығыңды,
Қайтейін əнім шерлі, жүзім мұңлы,
Суынбай, сəулемді естіп сүйем десек,
Сусытпа саусағыңнан жүзігімді.
Ес-дертің менде болып ағынарсың,
Екі елі айырылмастай жанымдасың.
Ырзамын екі бірдей дүниеде,
Алдыңнан Аллам өзі жарылқасын...

Əн «Хорлан»
***
Сырт көзге «сыры мəлім шамалылар»
Сілкінсе бір сəт құдай болары бар.
Əркімнің Қобыланды болып бір күн,
Алатын Қазаны бар – қамалы бар.
Біледі-ау, өнерпаздар өз бағасын –
Іркілмей айта алады наз, наласын.
Мың оғын мүлт жіберсе, мəу демейді,
Бірегей қастерлейді азғанасын.
Төменде кезіксе де күнде ұядан,
Дəрі емес мыңдап өрсе қырғи оған.
Тізесін тасқа іретіп, құзға өрмелеп,
Ұстайды тас түлекті бір қиядан.
Тереңге тауфих тұтпай мың сүңгуін,
Теңіздін сүзгенінше бір інжуін,
Елден ол жасырмайды «иттей болып»,
Жанын жеп, туңілуін, күмілжуін.
Əн ғана – есіркеуші, жұбанышы,
Əн ғана – қолдан соғар қуанышы.
Тағдырға əнмен алғыс айтпақшы ол
Хорлан қыз жер бетінде туғаны үшін.
Назды үн құлағына күбірлейді:
«Тірімін, дүниеде кіммін мейлі,
Қолыңнан енді қайта алынбайтын
Тот баспас жүзігімдей бірмін!» – дейді.
«Дауысы талмай кетер жеті қырдан,
Бірі бар, кімге керек екі Біржан, –
Деп еді-ау Ақан аға, – сен өзің бол,
Жеткізе шындауыңды, жетіп қырлан.
Іздеді бірегейін толқып қатты,
Сарын бір жан сарайын солқылдатты.
Өзіне сыны оқшау, тəтті толғақ
Шым-шымдап жүрек қылын шертіп бақты.
Талай ай жапан түзде ат үстінде,
Түсінде қоналқада толқындатты.
Айтпаған əлі күнге қазақ ұлы
Əуеннің құпиядай кілтін тапты.
Күн шығып, күмəн-тұман сөгілгендей,
Сау етіп мөлдір бұлақ төгілгендей,
Арам тер құм күретіп ширек ғасыр,
Қазына жер астынан көрінгендей.
Сүйсінер сөз айтады сүйіп жүрек,
Жадырап бүгін Естай күлді түлеп.
Үйінде Сəт ағаның қонып жатып,
Жаңа бір əн шырқады бірінші рет.
Талмаурап сызылады тартымды үні,
Жүректі шымшылайды жарқын мұңы.
Ұйытып уысынан шығармайды,
Жаныңа құйылғандай жалқын нұры.
«Бір қыз бар Маралдыда Хорланғайын,
Мағырұп берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бəрі-ау жетпес,
Дариға, арманым көп неғылайын?»
Бастауы – тамылжуы, балбырауы.
Дүрілдеп соққанынша дауыл əлі,
Емініп, еміреніп «Енді не?» деп,
Тыңдаушы қайырманы сағынады.
«Ахау жалған,
Хұсни, Хорлан!
Екі бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан.
Жігіттер қалма қапы бұл жалғаннан,
Жігіттің арманы не сүйгенді алған!
Сірə сіздей жан тумас,
Туса, туар артылмас!
Бұл ғаламды шарықтап,
О, дариға, лəуліктас
Бағдат, Мысыр, Шынмашын,
Іздесем Хорлан табылмас!..»
Он екі шыңнан асып барып əрі,
Жанар тау ақтарғандай – налығаны.
Кетесің Естай болып, ес жия алмай,
Əншімен жаның бірге ауырады.
«Іздесем Хорлан...» бұл түс үздіктіріп,
Үзеді... сергіп көңіл, сауығады.
Құша алмай қолы жетпей қалқашына,
Қапы ұрған ғашықтықтың арқасында,
Бір інжу баға жетпес көрік болып,
Қосылды қазақы өнер алқасына.
Əн «Хорлан» – кемел талант əні дер ем!
Дүниеге келді солай зарыменен.
Бұлбұлдар қағып алды жаңа сазды,
Сырғадай қағып алды қайың, емен...
Есағаң ұмытқандай көңіл дертін,
Жайдары жымияды бүгін еркін.
Жүзігін сипайды ақ орамалмен,
Пендеге айта алмайтын сырын шертіп:
«Білмеймін оңалам ба, зорығам ба?
Төзбестей тұла бойым долы қанға.
Хорланнан мені айыру, кешір, Аллам,
Келмейді енді сенің қолыңнан да!
Біржола айырылсам да қыз Хорланнан,
Өзгеден көлеңкесін қызғанғаннан,
Сақтаймын гүл қалпында жүрегімде,
Сақтаймын суық сөзден, ызғар қолдан...»
Жамиғат сыймайды үйге бүгін тағы,
Сері Естай серпілтеді, құйылтады.
Алпыстар алыс күннің арбауында,
Сексендер сілекейін шұбыртады.
Жаңа əнде жан құштары жалқын қандай,
Жиырмалар байыз таппас шарпылғандай.
Жарқырап ай астында алтын маңдай,
Жастық шақ «ақ сүйекке» шақырғандай.
Жылыстай бір ауылдан бір ауылға,
Туыстай бауыр басып мың қауымға,
Əн «Хорлан» аттанды алыс сапарына
Əркімнің нəр-нақышпен жырлауында.

Жүзік
***
Көктем кеп, еспей қойды жылы лебін.
Қуарпы жапырақтай нұрлы рецін.
Арба мен ат жіберіп, шандоз ақын,
Шақыртты Баймұраттың Нұрлыбегін.
«Біржан сал, Ақан сері сарқытындай!
Бал көмей жан екенсің, жарқыным-ай!
Айызын əлеуметтің қандыратын
Əнім-ақ «Хорланыңды» шалқыт тынбай.
Жүздегі Жəкең дүлдүл – кəрі құлақ
Солай деп құшырланған əнін тыңдап.
Есағаң енді міне меңдеп біткен,
Нұрекең аяп кетті, «бауырымдап».
Естай :
– Іні едің жасың кіші, жаның құрдас;
Ақын ең жырың мұңдас, əнің сырлас,
Шыраққа майы біткен ұқсап барам,
Сөнбестен мəңгі лаулап жалын тұрмас.
Білесің: өмір ыстық, өлім суық:
Төрімнен осы сəтте көрім жуық.
Төсекке жапсырды да дауасыз дерт,
Тастады титықтатып өлімші ғып.
Тартсам да сазайымды салқын түннен,
Жиырма жыл жан жылыттым жарқын күннен.
Жолықтым тəтті шерім Хорланыма,
Сол үшін тағдырыма тəнтімін мен.
(Алқынып Естай бір сəт, əрең төзіп,
Көрсетті ат жоқ қолын алға созып,
Орапты көк мауыты бауырына
Жүзіктің, жіңішкеріп қалған тозып).
– Қаусаған кейпіме осы қызық мысал:
Жайнаған жастық көркін бұзып бұ шал,
Жұқарып бітіпті ғой жүзігіндей,
Бір кезде тамашаға қызыққыш сал.
Ұстадым кір шалдырмай жүзігімді,
Ұстандым ғұмыр бақи түзу үлгі...
Алып қал, көзімдей көр, ұрпаққа бер
Кəрі дос домбырамды қызыл тулы.
Көзі еді Хорланымның, алтын жүзік,
Көрмедім ғашықтықтың антын бұзып..
Маңымды қазір міне торуылдап,
Қаптап жүр сопысымақ қалпы бұзық.
Бас-көз бол: тақуалар тонамасын,
Жүзігім қолымдағы аман қалсын.
Хорланның ырза болсын аруағы,
Өзіммен көрге бірге о да барсын!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері