Жалғызым

Бұл бетте «Жалғызым» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жалғызым,
Жарығым,
Ерте өштің де –
Нахақ налыдым,
Қалмады ес мүлде...
Салдың азапқа,
Күйдік, күйредік –
Сенсіз тозаққа
Етіміз үйреніп.
Қарайды бетіме
Анаң жалтақтап.
Қандай ниетіме
Басым қалтақтап –
Жалқы сенделіп
Қалдым, білмедім?!
Бәлкім, пенделік –
Өмір сүргенім!
Тұяқсыз мәні не?!
Ішім күйеді –
Ойша тәніңе
Ернім тиеді.
Мұнарт,
Мұнарлан,
Жарық ай-маңдайың...
Шығып құмардан
Сүйем әрдайым.
Басы-көзіңнен
Қалдырмай сүйемін –
Енелік сезіммен
Емшектей иемін.
Бекіп, қайралам,
Мінәжат қыламын –
Жәй түсіп жайраған,
Шыңдағы шынарым.
Табысам шұрқырап,
Жұмақ-бейішім –
Жалбыздай бұрқырап,
Нәресте иісің...
Кеудеме басамын
Құлын мүшеңді –
Қайтіп ашамын
Ғайып кісенді?!
Уһіле,
Аһыла...
Ойша...
Бәрі ойша...
Көз жазып қапыда,
Айрылдым қалайша?!
...Мәңгі жоғыңды
Сеземін...
Білемін...
Бастым тоғымды...
Жададым...
Жүдедім...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері