Журналист
Бұл бетте «Журналист» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Кіріспе
Игі жандар еңбек үшін жаралған,
Өмірге бір кірпіш болып қаланған.
Дүнияда жаны жайсаң көп адам
Күлкісінен шаттық күйі таралған.
Бірі диқан, бірі шопан, бірі ұста,
Әрқайсысы дара батыр жұмыста.
Олар дәйім еңбегімен еселі
Кенелтеді елімізді ырысқа.
Достарым көп – дәрігер де, ғалым да,
Ақын, күйші…
Барлығы жүр жанымда.
Солар менің көңілімді көтеріп,
Күш қосады жабырқаған шағымда.
Көпшілікке жарық керек, нұр керек,
Тілші болса, елді сөзбен жүр демеп.
Ол жүрмеген аз ғой жолдар, содан ба,
Өзгелерден орны-дағы бір бөлек.
Журналист — бұл қадірлі сөз әманда,
Түсінікті маған және саған да.
Газет-журнал қажет мына заманға
Ауа қалай керек болса адамға.
Армандары асыл жандар көп еді,
Сөздеріне жұрт имандай сенеді.
Мұхамеджан, Ахаң, Жахаң, Бейімбет
Бейнелері көз алдыма келеді.
Жаршылары бостандық пен еңбектің,
Шырқайтұғын шаттық әнін жер-көктің.
Құлағымда жалынды үні Саттардың,
Найзағайдай толғаулары Баубектің.
Тізе берсем, таусылмайды аттары,
Тарихта тұр жазып кеткен хаттары.
Жүріп өткен жатыр сайрап іздері
Газеттердің беттерінде сап-сары.
Кейіпкерім даңқты емес ал менің,
Білетіндер аз-ақ оның дәуренін.
Бірақ, оның жүрегінде бар ұшқын,
Жанарында ойнайды ыстық сәуле бір.
Өсіретін туған жердің мерейін
Шын адам ол.
Бұдан басқа не дейін.
Хикаясын тындасаңдар жалықпай,
Шамам жетсе, әңгімелеп көрейін.
1.
Оқу бітті.
Көңілдерде от жанды,
Он жыл деген он-ақ күндей боп қалды.
Өрімдей жас бозбала мен бойжеткен
Үлкен мақсат сапарына аттанды.
Күні кеше жайбарақат жүр еді,
Енді бүгін бірдей болып тілегі.
Өнер іздеп жолға шықты үш жігіт,
Бүлк-бүлк етіп лүпілдейді жүрегі.
Көкіректе арман бұғып жатар ма,
Білім қуып келеді олар сапарға.
Қайдар ұстаз, ал Бек заңгер болмақшы,
Жомарт болса ақын бала атанған.
Жастар іштей ой теңізін кешеді,
Терезеден салқын самал еседі.
Доңғалақтар «тез, тез, тез!!!» – деп дүрсілдеп,
Болашаққа асықтыра түседі.
ІІ.
Күндер өтті зорға жылжып арада,
Бірақ, жұрттың ойлағаны бола ма ?
Бірде-бірі түсе алмады окуға,
Бек жұмысқа қалып қойды қалада.
«Сен де қал!» – деп оған сырын жайған-ды,
Жомарт, бірақ, басқа шешім ұйғарды,
Сүйтіп, үшеу үш тарауға бөлінді,
Армияға аттандырып Қайдарды.
Шақыратын бетегелі бел оны,
Шақыратын атамекен жер оны.
Туған елдің ұлы болсам дейтұғын,
Туған жерге арналатын өлеңі.
Елге келді.
Мойып қайтқан шақта бір
Жатырқамай құшағына тартты ауыл.
Бастапқыда бұйығылау сезінді,
Шетте жүріп боп кеткен бе жатбауыр.
Қол қусырып үйде текке жатам ба,
Аз да болса себім тисін Отанға,
Деген оймен белін бекем буынып,
Көмекші боп орналасты шопанға.
Кен далада тұрып танмен таласа,
Қой өргізу, шіркін, неткен тамаша!
Күмбірлеген күй кернейді кеудесін
Жапан түзде қалған шақта оңаша.
Бар дауыспен шырқап айтып ол әнін,
Ат үстінен төңірегін шолады.
Ұлан-асыр шаттық билеп денесін,
Жерде тұрып көз тастайды жоғары.
Ізгілік пен мейірім бар сөзінде,
Гүл өседі оның басқан ізінде.
Жылылық бар ұялаған көзінде,
Пәк сұлулық орнап қалған жүзінде.
Көңілі көктем, жаны жайлау әрі ізгі,
Ұмытпайды шын перзенттік парызды.
Барлық асыл қасиетін даланың
Өз бойына жинап алған тәрізді.
Көк жүзіне шығып кешке ай тағы,
Төңірекке күн батқанын айтады,
Қас қарая айдап қойын қораға,
Жомарт күнде өлеңдетіп қайтады.
Ауылда оны жатыр күтіп хат-хабар,
Алматыдан, Бектен келген хат та бар.
Хаттар, хаттар…
Дұғай сәлем әкелген,
Жан қойнауын, сезім сырын ақтарар.
Құрбылары сыр айтыпты ашыла,
Мұндай сәтте келер көңіл қошына.
Күні бойы шаршағанын ұмытып,
Жауап жазып отыр енді досына.
«Қадірлі Бек!
Сәлем саған көптен-көп,
Мен ауылда шауып жүріп жатырмын.
Бекер кеттің! — деп жүрмісің өкпелеп,
Ұқтым сырын ақ жарылған хатыңның.
Біраз болды, орналастым жұмысқа,
Туған жерде жүрмін қазір мал бағып.
Сабыр, досым, маған онша ұрыспа,
Жүрген жоқпын бойды күтіп, жан бағып,
Арасында болып талай «дауылдың»,
Қызығы мол бір ғажайьш күйге ендім.
Қалада өскен баласы едім ауылдың,
Он алтымда атқа шауып үйрендім.
Көптен бері қолға күрек алмап ем,
Тұңғыш дәмін татып көрдім еңбектің.
Шақырды да арайлы таң алдағы,
Асау тайға қарғып мініп мен кеттім.
Құнанымның сипап қойып сауырын,
Жүріп келем әлі де сол қалпымда.
Арқалатты өмір жеңіл-ауырын,
Кім біледі не боларын артында.
Мен сағынып жүрмін мұнда сендерді,
Өкінемін кеткеніме бөлініп.
Ең болмаса осындайда дем беріп,
Кетсеңдерші анда-санда көрініп.
Жабырқасам, көнілімді көтеріп
Кеп тұрады сағынышты хаттарың,
Ұлы өмірге жырларымды әкеліп,
Именбестен босағасын аттадым.
Күндер солай өтіп жатыр көңілді,
Нұрлы шабыт алды билеп денемді.
Сау бол, досым!
Жауап күтем.
Өмірдің
Нақ төріне кетіп барам мен енді…»
ІІІ.
Көрді талай жауынды да селдеткен,
Бақыт болып мандайынан тер кеткен.
Қиналса да мұқалған жоқ жігері,
Өмір деген көңілді екен еңбекпен.
Оған ыстық туған жердің әр тасы,
Мәз боп жүрсе, сол өлкенің арқасы.
Көз алдында әр бұрышы, әр үйі,
Болмаса да ауылының картасы.
Бүгінгі ауыл көрінісі тамаша,
Сәулеті де, тұрмысы да жаңаша.
Ақ шатырлы әппақ шаңқан үйлерді
Көрген сайын қуанады балаша.
Тағдырына коятұғын аз өкпе,
Қандай жақсы жарап тұрса қажетке.
Айтып бірде көргені мен түйгенін,
Хат жолдады облыстық газетке.
Жазып еді өз әлінше білгенін,
Туған жерде шопан болып жүргенін.
Мүмкін, шығып қалар деген үмітпен
Күдер үзбей, күтіп жүрді күнбе-күн.
Газет келсе, тауысып бар тағатын,
Бадырайтып ірі әріппен жазатын.
Ең алдымен аты-жөнін қарайтын,
Бәлкім, болып қалар ма деп өз атым.
Шығармасы нөмір сайын аңдыған
Шығады деп сенетұғын ол бұған.
Шешек атқан гүлдей болып бір күні
Іздегені шыға келді алдынан.
Өз көзіне өзі сенбей, қап қойған
Сөзі жоқ па? – деген пікір жатты ойда.
Тақырыбын жазбап еді ол, газетте
«Біздің ауыл осындай!» – деп ат қойған.
Бәрі жақсы, оқыған жан соны ұғар,
«Өзімдікі» дейтін он-ақ жолы бар.
Әп-әдемі мақаланың астында
Ахметов Жомарт деген қолы бар.
Ірі асудай болып асқан белесі,
Мұны көріп көкке жетті төбесі.
Көкейінде көптен жүрген тағы бір
Мақаласын жазып кетті келесі.
IV.
Әр хабар мен мақаласын көрсе енді,
Шын жүректен жазғанына ел сенді.
«Сөйлей-сөйлей шешен болар» дегендей,
Автор болып алды Жомарт белсенді.
Айлар зулап өтіп жатты арада,
Хатты жиі жазды шопан бала да.
Тілшілердің кеңесіне шақырып,
Бір-екі рет болып қайтты қалада.
Бір орында уақыт әсте тұрмайды,
Келер күндер оған қолын бұлғайды.
Болсам екен елге сыйлы журналист
Деген арман одан сайын ұлғайды.
Мөлдір еді оның ашық аспаны,
Жақсылыққа талпынатын жас жаны.
Тағы да бір бағын байқап көрмек боп,
Емтиханға әзірлене бастады.
Ауылында үйі жүзге жететін,
Кітапқұмар жоқ өзінен өтетін.
Ең ақыры қой жаюға барса да
Қойынына кітап тығып кететін.
Кейде тіпті шаршағаны сезілмей,
Түні бойы отыратын көз ілмей.
Әрбір жолы өзі ұнатқан кітаптың
Баураушы еді анасының сөзіндей.
Игі ізденіс берді кейін жемісін,
Білімнен де тапты ақыры өрісін.
Жыл өткен соң түсіп қайтып ҚазМУ-ге,
Достарымен тойлап жатты жеңісін.
V.
Студенттік дархан ғұмыр, бал ғұмыр,
Шарасынан шөлі қанып қалды бір.
Дос-жаранмен қауқылдасып, сырласып,
Ұстаздардың дәрісінен алды нұр.
Ару қала анасындай аялай,
Мейірімді кең құшағын жаяды-ай.
Жастар жағы көңілді ғой, ерте-кеш
Күнде думан бөлмелері аядай.
Түрлі пікір бір арнада жалғанса,
Туындайды кездейсоқта дау қанша ?
Терезенің оты сөнбей тұрады
Кей күндері түн ортасы ауғанша.
Бірдей мақсат қуған жандар қол алған,
Бір белмеде тоғысыпты мол арман.
Бірі – Жамбыл, бірі сонау Торғайдан,
Бірі – Семей, енді бірі Оралдан.
Журналистер сөзден көрген мұратын,
Бірі күйші, бірі әнші де, бірі ақын.
Жатағына сайран құрған жастардың
Бек те біздің жиі келіп тұратын.
Бұрынғыдан ол да біраз өзгерген,
Ұға алмайды ойлағанын кез келген ...
Оқуға да түскен таныс аркылы,
«Сыйға сый…», – деп қолдаушыға сөз берген.
Естісе де елден мұндай өнерін,
Біле алмайды оған тіпті не дерін.
Өзіне ыстық сыралғы дос, ескі дос,
Аямайтын жолдасынан көмегін.
Ол келгенде барлық сырын ұғардай,
Жыр оқиды Жомарт шыдап тұра алмай.
«Сарыарқаны» күмбірлетсе Қыдырбек,
«Ақ Жайықты» шырқатады Құланбай.
Қашан келсең, қуаныш көп, аз қайғы,
Олар енді әріден сөз қозғайды.
Неткен ғажап, көңілді еді тіршілік,
Көңіл шалқып, сезім оттай маздайды.
VI.
Айлар жылжып, өтіп жаттты күн зырлап,
Көктем келді сәби тілмен былдырлап.
Таудан төмен ақтарыла құлаған
Бұлақ үні естіледі сыңғырлап.
Аспандағы тыраулаған тырналар
Жеткізгендей сағынышты бір хабар.
Кәрі қыстың саудырлаған сүйегін
Үзіп-жұлып тартьш жатыр жылғалар.
Қуанышын әкелгендей бұл көктем,
Құйылады жанға жайлы нұр көктен.
Күннің өзі сұлулыққа ғашық боп,
Жерге қарап тұрған-сынды құрметпен.
Сең қозғалып, бұтақтардан жас тамды,
Күн шуағы тартты сыртқа жастарды.
Көп ұзамай газеттердің бірінде
Көптен күткен тәжірибе басталды.
Бұл мезгілде жиырмадан да аспаған,
Тіл ұстартып қалды біраз жас қалам.
«Көзбен көріп, қолмен ұстап» дегендей,
Жұмысты да танып-біле бастаған.
Ұйықтағанда түсіне де кірмейтін,
Газет сыры көп екен бұл білмейтін.
Сын көтермес адамдар да бар екен,
Журналисті телефонмен тілдейтін.
Тілші болмас тыныш өмір сүретін,
Ел қуанса, ол да бірге күлетін.
Хат қорытса, авторындай қиналып,
Маңдай терін сығып тастап жүретін.
Толғануға арнап тұтас кей түнін,
Қашан болсын, кісі қамын жейтұғын.
Жарық көрген әрбір титтей хабар да,
Көп ойынан дөп шықса екен дейтұғын.
ҮІІ.
Жүзеге асты талай асыл тілек те,
Бұл өмірге жоқ секілді бір өкпе.
Бес тармақты жұлдыздай боп жарқырап
Мәңгі-бақи қалды бес жыл жүректе.
Өтті жылдар білім еккен, бірақ-та,
Әсем әуен қалды сайрап құлақта.
Көктемдегі ағып кеткен қарға ұқсап
Құрбылары кетті тарап жыраққа.
Жастық шақтың нәзік гүлі қолдағы
Көкейлерге солмастай боп орнады.
Тіршіліктің заңы солай, әйтеуір,
Бір арнаға барып құйса болғаны.
Талай абзал, жайсаң достар бар еді,
Тауқіметке қайыспайтын нар еді.
Жомарттың да көріп жүрген әлемі
Солар барда болушы еді әдемі.
Артта қалды жарқын дәурен – нұрлы өмір,
Артта қалды әсем қала, гүлді өңір.
Қимас біреу қолын бұлғап тұрғандай
Алаңдайды қайта-қайта бұл көңіл.
Қош, қош, күндер!
Жылу берген жас жанға,
Арқау болған әнге, жырға, дастанға.
Ұзын жолмен зымырап кеп зор ұшақ
Дем арада қалқып шықты аспанға.
Туған жердің шетсіз, шексіз көлемі,
Ұланғайыр көгі неткен кең еді?!
Бірі заңгер, енді бірі журналист
Екі жігіт елге оралып келеді.
VIII.
Шақырады ту алыска далам кең,
Келгендей ме ақыр еркін алар дем.
Алып ұшқан жүйрік көңіл аптығып
Жарысады сипай ескен самалмен.
Көрген кезде гүлге оранған даланы,
Куаныштан күлімдейді жанары.
Әңгімесін әуежайда басталған
Бек таксиде жалғастырып барады:
Нағашым бар тамыр жайған қалада,
Көрмегелі айлар өтті арада.
Мықты қызмет тауып берсе, шіркін-ай,
Осы күні таныстықсыз бола ма ?
Содан кейін пәтер алсам ыңғайлы,
Болар едім көңілім тоқ, бір жайлы.
Деді Жомарт:
Сол ма саған бар қайғы,
Мансап, байлық баста мәңгі тұрмайды,
Ең алдымен сау болсын де деніміз,
Сосын қолға бір керім қыз қонсын да, –
Деп әзілге бүрып еді сөз соңын,
– Деніміз, сау, – дегені Бек, – онсыз да.
«Не жетеді ішіп, ойнап-күлгенге,
Өмір сүру оңай емес білгенге.
Несібеңді біреу қағып кетеді,
Сен өзіңше адалмын деп жүргенде».
– Қойдым, қойдым! – деді Жомарт табанда,
Ұқсамайық керіс құмар адамға.
«Әй, бірақ-та, – деп ойлады ол ішінен,
Жараспайды-ау мұндай сөзің маманға».
IX.
Жалаңаяқ баласы еді ауылдың,
Білім алып аясында дәуірдің,
Ортасынан бір-ақ шықты ол ақыры
Журналистер деген ізгі қауымның.
Сыры жоқ-ты оның көптен жасырған,
Қабілеті осында алғаш ашылған.
Тұңғыш рет тілші бала атанып,
Тырнақалды мақаласы басылған.
Жұмыс қызық, көңіл жиі толқиды,
Жүйрік қиял шағаладай қалқиды.
Ал ұжымда үлкен-кіші кісі көп,
Әрбірінің мінезі де әр қилы.
Адамдардың нағыз сырын кім білген,
Көпшілігін ұқпай кейде жүрмін мен.
Өткір еді, бірақ, көзі Жомарттың,
Кейіпкердің бәрін байқап үлгірген.
Жомарт көпті өткерсе де жасынан,
Кейбіреудің қылығынан шошыған.
Көздері ашық, бірақ теріс ниеті,
Таң қалады жалғыз ғана осыған.
Х.
Жолдар, жолдар…
Қандай ұзын, қашық ең,
Талай қала, ауылды да басып ең.
Тағы, міне жолға шығып келеді
Жомарт біздің газет тапсырмасымен.
Екі иығына екі кісі мінгендей,
Бір жан отыр дәл жанында сыр бермей.
Автобус кеп тоқтағанда тіл қатты
Жомарт тіпті сыртқа шығып үлгірмей.
– Әр адамды жақсы білем елдегі,
Шеттен келген тәріздісің сен, – деді.
Жұмыс бабы, жолаушымын, – деп еді,
Жүр ендеше, біздің үйді көр, – деді.
Қонақ десе жөнелетін қауқылдай,
Тамағынан ас өтпеген, халқым-ай.
Күн де батып бара жатты ұяға,
Батыс жақты нұрға бөлеп алтындай…
XI.
Қойлы ауылда отыр, міне, ол шай ішіп,
Көңілі көкке бара жатқандай ұшып.
Бойжеткен қыз шай құйылған кесені
Ұсынады саусақтары майысып.
Ақша беті көз алдына келеді,
Нұрлы бейне ойын тоқсан бөледі.
Еріксізден оралады ойына
Жұмекеңнің таңғажайып өлеңі :
«Қыз құйған шай – бұдан тәтті
не бар дейсің әлемде,
Қыз құйған шай – бұдан ащы
не бар дейсің әлемде ?!
Ащылығы – тым ертерек
әке болып қалғаным,
Тәттілігі – айлар бойы
аялайтын арманым».
Айтып жатқа іштей әлгі өлеңді,
Сезімінің шуағына бөленді.
Бірақ, оған қалай ғана сездірер
Ақ пейілім судай тұнық дегенді.
Отыр төрде сезім билеп жанға жай,
Сәті түсіп мұнда келе қалғаны-ай.
Кыздың төсі анарға ұқсап томпиып ,
Қызарады екі беті алмадай.
Естуінше, қонақ жігіт көрікті
Жолы түсіп, облыстан келіпті.
Әккі қу ма, жоқ, байсалды адам ба,
Байқатпайды бойындағы желікті.
Жас та болса әңгімеге үйіріп
Тұрған жанға қарайды қыз сүйініп.
Сөз қозғальш өткен-кеткен жайлардан,
Отағасы отыр мұртын шиырып.
– Тілші болсаң, – деді ол бір сәт бұрылып,
Ақ жаныңмен адамдардың сырын ұқ.
Осы ауылда Досан деген малшының
Үш жылқысы ажал тапты, қырылып.
Елдің ішін кезіп жүр ғой сөз әлі,
Қасқырдан да емес малдың ажалы.
Ала жібін аттамаған кісінің
Енді Досан болып отыр жазалы.
Намысы бір азамат қой бөрікті,
Бұл пәлеге қайдан ғана жолықты?
Айдалада біреу атып өлтірген
Малдың құнын төлейтұғын болыпты.
Жұрт айтады:
Біздің мына басекең
Тура мінез жылқышыға қас екен.
Сол бір түнде нысана қып үш атты
Атып жыққан үш адам да мас екен.
Сенер болсақ егер елдің сөзіне,
Үштің бірі сол бастықтың өзі де.
Қонақта боп қайтқан кеште жылқы оның
Киік болып көрініпті көзіне.
Әңгімеден Жомарт көп жай аңғарды,
Бір сәт қойын кітапшасын қолға алды.
Жазып қойды: зерттеу керек мұны, – деп,
Естімеген елде көп деп, – таң қалды…
XII.
Оралған соң облысқа асығып,
Жазды түгел болған жайды ашынып.
«Үшкөлдің үш мергені» деп аталған
Фельетоны шықты бір күн басылып.
Қаһарлы еді, шіркін, неткен сөз деген,
Мақсатына жетті ақыры көздеген.
Арамдарды өз құлқынын ойлаған
Сойып салды өткір тілмен, сөзбенен.
Жүруші еді нұрлы өмірді сүйіп тек,
Ақ жанына жоламайтын күйік көп.
Көрген күні еңбегінің жемісін
Мерейі де қалды бір сәт биіктеп.
Өрен еді жастық жырын шырқаған,
Өр көңілі алға асығып, бұрқаған.
Қаламдастар лездеме кезінде
«Жарайсың!» – деп кағып қойды арқадан.
Көрген кезде қасиетін сөзінің,
Жасыра алмай қуанышты сезімін ,
Жарқын жүзі бал-бұл жанып отырды ол
Мақтан етіп мамандығын өзінің.
XIII.
Сынап тағы қоғамға жат тірлікті,
Кейбіреуде кездесетін қулықты,
Аты-жөні оқырманға танымал
Фельетоншы болып алды бұл мықты.
Журналистің ауыр екен жолы шын,
Бейтаныс қып алды кейбір танысын.
«Тура биде туған жоқ қой» дегендей,
Біреулерден сөз естіді сол үшін.
Не болмайды дейсің мынау өмірде,
Адал болсаң, қарау қиын көңілге, –
Деп толғанып отыр еді, бір күні
Ыза толы хат кеп түсті бөлімге.
«Көріп тұрып қайтып қана жай табам,
Деп жазыпты хат иесі,- байқағам.
Бар сабақтан тапсырса да төрт-беске,
Ұлым менің қайтып келді қайтадан.
Оқу орны ол тапсырған сынақты
Қалтасында пұлы барға ұнапты.
Параменен түскендер бар білімсіз,
Мен соларға қойсам деп ем сұрақты?
Іске асса да барлық қулық-амалы,
Бітелсе де комағайдың араны,
Түк шықпаса түбі сол бір шәкірттен,
Өзгелерге тимес пе екен обалы?»
«Рас, рас!» – деп ойлады ол үнсіз,
Арамызда жандар бар-ау болымсыз.
Мансап, байлық, құлқын қамын көздеген
Қулар барда мына тірлік көңілсіз.
XIV.
Тілші аяқсыз қалдырмады дабылды,
Жүрегінің әміріне бағынды.
Менменсінген парақордан ес кетіп,
Мысы қайтып, әбден тауы шағылды.
Арамдықсыз істері оңға баспаған,
Зымияндар көмек сұрап басқадан.
Зыр жүгіріп, адам салып араға,
Енді басқа амал іздей бастаған.
Ербол болса күні кеше танысқан,
Жандай болып жаңа ғана табыскан.
Шақырып ап бірде өзіне Жомартты,
Орағытып сөз бастады алыстан.
– Жас жігітсің.
Көп нәрсені білмейсің,
Тәйірі, солар пара алатын кім дейсің…
Мәселені жылы жауып қоя сал,
Міне, осылай тыныш өмір сүргейсің.
Жо-жоқ ! – деді ол:
Аққа күйе жаға алман.
Күресемін келгенінше шамамнан.
Біз заманның сарбазымыз,
Өмірді
Қорғау керек арам ойлы адамнан.
– Ия, бала.
Көп білесің, бекемсің,
Мүмкін, ерте қартайып та кетерсің.
Байқаймын, тым шәлкес екен мінезің,
Бүл қалпыңмен қай асуға жетерсің…
– Әңгіме қып керегі не бұл жайды,
Тіпті сізге сөз қылуға тұрмайды.
Олар ұры.
Андып тұрып тасадан,
Біреулердің бақыттарын ұрлайды.
Оның бәрін, – деді Ербол, – есіткем,
Тірлік – мұхит.
Жүрдім талай кешіп мен.
Болашақты ойла, бала, тіреспе,
Жоқ!
Осыны айтып шығып кетті есіктен.
Кабинетке кіргеннен соң жайланып,
Жағын сүйеп отырды үнсіз ойланып:
Өмір деген ғажайып бақ, сырлы бақ,
Кіре ме оған есі бар жан қайғы алып.
Ия, ия, жарқын өмір – шырын бақ.
Телефоны кетті кенет шырылдап.
Қолына алып құлақ тосса, ар жақтан
Ер дауысы естіледі қырылдап.
– Алло, алло!
Жомартсың ба, хал нешік?
Аман-есен жатырмысың күн кешіп.
– Аман, аман!
Жатыр бұл да қауқылдап,
Бек екен ғой жатқан тағы тілдесіп.
Деді досы:
– Бір тілегім бар саған,
Оқу біттік, күнге жеттік аңсаған.
Жазбай-ақ қой сен оларды, тегінде
Саған алғыс айтар дейсің қанша адам.
Көңілі жақын жандар еді барлығы,
Несін жұртқа жария етесің ал мұны.
Алғандарын иесіне қайтарды,
Көп қазбалап керегі не арғыны.
Жомарт біраз тыңдап тұрды тіл қатпай,
Кездесетін екеуі күн құрғатпай.
Байқамапты-ау, танымапты-ау мүлде оны,
Өсіп еді шат заманда бұлғақтай.
Білім алды,
Толды, болды, бұл қалай?
Енді міне, ақыл айтып тұрғаны-ай,
– Досым емес, қасымсың – деп, – сен менің, –
Қоя салды қалған сөзін тыңдамай.
…Көп ұзамай сын мақала басылды,
Оқырманға Жомарт әбден ашылды.
Ұмытылмас сабақ болып өзгеге,
Сүғанақтың иман-құтын қашырды.
Шындык дәйім құрар болар салтанат,
Қирата алмас ешкім оны балталап.
«Журналистке рахмет» – деді жұрт,
Хабардар боп қалды барлық шартарап.
Эпилог
Жомарт десе жаны да оның жомарт-ты,
Таудай аскақ сеніміне қол артты.
Тайсалмастан шындықты айтып бетіне,
Талай туыс, талай досын жоғалтты.
Көңілінің бал сезімін шайқаған,
Достық жайлы ол бүгінде айтады ән.
Өйткені оның жолдас-жора, достары
Азайған жоқ, көбеймесе қайтадан.
Ол әлемге шаттық жайлы жар салды,
Қариялар сөзін оқып, тамсанды.
Жолы түсіп шыға қалса сапарға,
Әрбір ауыл құшақ жая қарсы алды.
Оқырмандар білмек болса тағдырын,
Ортамызда жүр шалқытып дәл бүгін.
Жақсылыққа тілеулес боп әрдайым,
Адал жанның құрметтейді барлығын.
Көңілі таза, тілі шыққан баладай,
Толғанады әр сөйлемді саралай.
Сөз жазады түн ұйқысын төрт бөліп,
Әлдекімнің қыңқылына қарамай.
Сүйрейді оны жастық жігер, от алға,
Ол журналист жүрген мәңгі қатарда.
Көріп қалдым бүгін тағы вокзалдан,
Кетіп бара жатыр екен сапарға.
1990 жыл.
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі