Шешен бауырыма хат
Бұл бетте «Шешен бауырыма хат» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(лирикалық толғау)
Шешен бауырым!
Мен сені түсінемін,
Кішіліктен қан жұтар кісі ме едің?!
Күші басым қатал жау күшікке де
Күжірейген жұмсапты күшігенін.
Бесіктегі баланы шырылдатып,
Саған біреу ит қосты ырылдатып.
Алланы айтып ышқынды байғұс ана,
Құрсақтағы сәбиін туып жатып.
«Асау Терек долданып, буырқанған,
Тауды бұзып, жол салып, тасты жарған»1
Ыстық қанын суына жатыр қосып
Күдер үзген жандардың шыбын жаннан.
Есіл жігіт қорлыққа төзбегесін,
Басына орап кебіндік кездемесін,
Табанына таптатпай абыройын,
Танкі астына тастапты өз денесін.
Өз сөзінде жаужүрек тұра алатын,
Сақтау үшін ел берген қыран атын,
Жылан бауыр зұлымды жылжытпастан,
Жарса керек қолдағы гранатын.
Атқан жерін от құсып, өртеп өткен
Инеліктей именбей вертолеттен,
Ерлер ғана ерлікпен қорғамай ма,
Еркін елін, ұлдарын еркелеткен.
Шошыды ма жер жарған дабысыңнан,
Озбыр сені айырды қоңысыңнан,
Қандастарың жан-жаққа шашырады,
Тірлік үшін айқаста жан ұшырған.
Арыстандай алысқан Шәміл кеше,
Еңіреген ер еді елім десе,
Көнбес еді өмірі бодандыққа,
Сенгендері екіге бөлінбесе.
Сенген елі екіге жарылмаса,
Шен-шекпені барларға жағынбаса,
Қайғы жұтқан қайран ел қайдан оңсын
Дұшпанды да досым деп қабылдаса.
Болмаса да шын бағаң жетім құрлы,
Жалған дүния сайқалдай бетін бұрды.
Қасіреттен қабырғаң қайысқанда,
Елін сатқан ездерің опындырды.
Қырылса да қой – сынды халық деген,
Өлгендерін жөнелтіп табытпенен,
Есерлер де желіккен жеткілікті
Ермоловтың қылығын дәріптеген.
Мергендердің оғынан қазы құлап,
Тез өтсе де өмірдің жазы, бірақ,
Шешендердің мінезі сүйсіндіріп,
Толстойды тамсантқан Қажымұрат.
Тартқанымен шығатын қалыбына,
Күншығыстың көз салып жарығына,
Қайратына намысын жанып жүрген
Лермонтов бас иген тау ұлына.
Жазылмаған жерде әлі жара көп пе?!
Атарым жоқ бомбы артқан самолетке.
Ел қайғысын жүрекпен қабылдаған
Алғысым көп жаужүрек Ковалевке!
Күні кеше патшадан шен алғандар,
Бүгін тарих бетінен жоғалғандар,
«Аты шықпай жер өртеп», бейбіт елге
Ажал оғын себуде генералдар.
Күні бітсе Одақтын ыдыраған,
Қарақшының құлқыны құрымаған,
Әлек олар көп болып қуып тыққан
Шығаруға сол жынды құмырадан.
Жігіттерді айырып туысынан,
Бал орнына қысылмай у ұсынған,
Жағаласып жатқаны, жанталасып,
Шығармауға отарын уысынан.
Алыпқа, осы, білмеймін, не жетпейді?!
Асамын деп басқадан дедектейді.
Қырып-жойып барлығын, тып-типыл қып,
Содан кейін көрсетсем көмек дейді.
Өз басына қасірет көрінбесе,
Бетін басып шошынар өлім десе,
Өзгелерге қолқабыс жасағаны,
Көрін қазып, табытын әзірлесе.
Өз дегені болмаса, келіспесе,
Қалаларды қиратып, тегістесе,
Жас бала да қоймай ма жылағанын,
«Қазір алып кетеді кеміс», — десе.
Солдат та адам, оның да анасы бар,
Сақтап келген ажалдан панасы бар,
Атысқанның барлығын зұлым десек,
Айтқан жанның тіліне жара шығар.
Ашық күнді қара бұлт торламаса,
Демі жалын зұлмат түн орнамаса,
Акырзаман болуы мүмкін әлі,
Шешендерді шешелер қорғамаса.
Қатып жатқан сіреу мұз қозғалады,
Ақындардан бәрібір сөз қалады.
Түбі тозақ отына шарпылады
От пен оққа жұмсаған бозбаланы.
Қолбасшыға ажал не, атақ алса,
Жезөкшедей астына жата қалса,
Сене алмаймын қайғырмай мың адамға,
Бір адамды өлді деп қапаланса…
Қол-аяғы кесілген жаралы жан
Дәметпейді дәрменсіз қоғамынан.
Ар сотының алдында кездесер ме
Түсіргендер еріксіз оған ылаң.
Бойжеткенмен бір кеш те бола алмаған,
Қанша қыршын үйіне оралмаған.
Бұл қара жер көтерген соның бәрін,
Қасиетің қалды ма тоналмаған?!
Жермен-жексен болғанда мешіттерің,
Мұсылманның зарлы үнін есіткенмін.
Көзің шыққыр, Әділет!
Қайда жүрсің?
Көрмеймісің жақсылық кешіккенін.
Ел ішінен аулаққа көшті дейтін,
Ата-анасын танымай өсті дейтін,
Түстің бе, әлде қолына саңыраудың
«Өлдім!» деген дауысыңды естімейтін.
Таза арлы, намысы бар түзу жанды,
Дейді жұрт: «тау мінезді, қызу қанды».
Сын емес пе жігіттің жігітіне,
Демеп жүрсе тар жерде қысылғанды.
Тамырында ақса да орыс қаны,
Талайлардың мақсаты тоғыспады.
Отан үшін түсті ме олар отқа,
Кімдер үшін белгісіз соғысқаны.
Кегі бар ма немесе жатқа кеткен,
Жасыл бақты аяусыз таптап өткен.
Айта ала ма өзгеге масаттанып.
Бабасындай өткенін мақтан еткен.
Шүйілсе егер Кавказдың мұзбалағы,
Сезіледі түрінен ызғар әлі,
Қалай айтар өлімге қарсы тұрған
Өлтірдім деп өрімдей қызбаланы.
Жастайынан жастанып наланы көп,
Отырғанда подвалда бала жүдеп,
Сол балаға нәр іздеп сыртқа шыққан
Қалай айтар өлтірдім ананы деп.
От ішінде өртенсе бала-шаға,
Қас та болса, түспес пе арашаға?!
Баласы бар адамның бала өлімін
Жүктегені мойынына жараса ма?!
Ей, адамдар!
Анасы, баласы бар,
Аспан анау түтіннен алашұбар,
Ойланыңдар… Жаулықтың жолын қуып,
Қайда, қалай аттанып барасындар?!
Берген сыйын Алланың өмір деген
Ешуақыт қимаймын өлімге мен.
Төсін қанща «жеңдім!» – деп соққанымен,
Адам бар соғыста жеңілмеген?!
Сағынышы, көз жасы, запыраны,
Көкейінде көп жанның жатыр бәрі.
Талғамастан ажал да жұта берер
Ақылдысын адамның, ақымағын…
«Неге аттым» – деп ақымақ ойлап жатпай,
Атыспауға ақылды айла таппай,
Көрігінде соғыстың күмпілдеген
Кетер түгел жоғалып жанған оттай.
Жетсе төзім жақынға, алысқа да,
Айтар сөзім шешенге, орысқа да,
Тіл табысу – бекзаттың тектілігі,
Дәрменсіздің тәсілі соғыс қана.
Ортасында Кавказдың өлген қала,
Қанша үмітті кесілген көмген мола.
Құзғын екеш құзғын да құнықты ма
Бір-екі рет шоқитын жемге бола.
Балапандар қанаты қатаймаған,
Жауды көрген еліріп, атойлаған,
Жорық туын тағы да көтермей ме
Заман туса қол жиып, ат ойнаған.
Сескенбесе не кісі, не Құдайдан,
Тағы шабыс, арпалыс, тағы майдан.
Қойдай тізіп боздағын көгендер ме
Айырғандай тортаны сары майдан.
Темір төсек батса да бүйіріне,
Адасқандар қосылып үйіріне,
Азаптарын арқалап вагондарда,
Қазақтардың тап болған пейіліне.
Сағыныштан сарғайтып самайды ана,
Шейіт болған жат жерде талай дана,
Совет елін мақтаймын енді қалай,
Кеңкелесті жақтаймын қалай ғана?!
Құрығы ұзын үкімет атып, асып,
Аз халыққа көрсеткен «ықыласын».
Абақтыға еріксіз айналдырған
Тарихтың да қанжоса сахынасын.
Мұрағатта түптелген қай қағазда
Біздер бірге көрмеген майдан аз ба?!
Төс қағысып, қол беріп, көрші тұрып,
Бірлік тілеп жығылдық жайнамазға.
Кеудемсоқтар білгені аз, көргені кем,
Мансап күтсе жендеттің «ермегінен»,
Ақын жаны күйзеліп көппен бірге,
Евтушенко бас тартты орденінен.
Бұл туралы сөз де көп алып-қашпа,
Оқырманым, сен де оған алып, қоспа!
Достық жайлы сөз қылу ар емес пе,
Жатқан кезде қырылып халық босқа.
Өткен сайын ай зулап, жыл ілесіп,
Жүрісінен ғасырдың түңілесің.
Тастаса да батырдың басын шауып,
Тастай алмас ақынның тілін кесіп.
Оның жыры қалдырған ұрпағына,
Азаттықтың шақырып нұр-таңына,
Төгілген қан орнына шығар өсіп,
Туған жердің гүлі де, қылтаңы да.
Тыныштықтың жалауын желбіреткен
Туады деп күтеміз мөлдір көктем.
Бірақ, абзал жандардың асқақ үні
Аса алмай тұр әзірше зеңбіректен.
Аяқталмас егестің соңын күтіп,
Қолбасшылар қойғандай тілін жұтып.
«Тоқтатайық!» деуге де дәті бармай,
Ақындарын жүр әлі ренжітіп.
Шешен бауырым, тәнтімін шыдамыңа,
Менің дауысым жетсе егер құлағыңа,
Қыран қонған биікті бере көрме
Төңірекке у шашқан жыланына.
Дабысыңды естісін бүкіл әлем,
Ақиықтай арлы едің.
Біртуар ең!
Әттең, әттең…
Жер шалғай, ара қашық,
Сол биікте өзіңмен бір тұрар ем!
қаңтар, 1995 жыл.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі