Армысың, Арқайым!

Бұл бетте «Армысың, Арқайым!» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арқайым – 1987 жылы Қостанай облысына таяу маңда, Ресейдің Челябинск облысына қарасты аумақтан табылған көне қала. Оның жасы 4800 жылдан асады. Арқайымның маңайынан археологтар 22 қала тауып отыр.

Мезгілдің шыр айналса дөңгелегі,
Өткен күн ойымды да он бөледі.
Арқамды кеңге салып жүрген болсам,
Арқайым көз алдыма келген еді.
Құлындай емшектен бас ала алмаған,
Келемін қайта-қайта саған, далам!
Сенсің ғой уызыңнан қорек беріп,
Жолыма келер ме деп алаңдаған.
Арқайым аруанадай Арқадағы,
Құмарым саған деген тарқамады.
Сыр тартсам суыртпақтап өткен күннен,
Тарихың ғасырларды арқалады.
Арқайым – елдің қосы, ердің қасы,
Арқайым – арман ұшы, ардың басы.
Қыртысы әлі күнге қопарылмай,
Тереңде бұғып жатқан мағынасы.
Кешегі Күн-қаланың келбетіндей,
Ескі жұрт!
Ізің жатыр жер бетінде.
Жаратқан соның бәрін Құдіреттің
Хақы бар Жер-бесікті тербетуге.
Бұл жерге көзін тігіп бүкіл ғалам,
Арбалар қара жолда сықырлаған.
Құдайға құлшылыққа шалынған қой
Бауыздап жатқан шақта тыпырлаған.
Атамыз қол алысқан досыменен,
Қуанып: «Жер кіндігі осы!» – деген.
Келеді содан бері жылдар ағып,
Ұласып мыңжылдықтар көшіменен.
Бұл жерде құлан жортқан, бұлан өскен,
Арманы адамдардың көкей тескен.
Ұстасы күмпілдетіп көрік басып,
Сұлуға сырға сыйлап, белін шешкен.
Әуелден пайда болса сөз дегенің,
Адамдар жасаған ғой өз дегенін.
Анасы уатыпты жылағанын,
Баласы құлатыпты көздегенін.
Мәлім боп аттың сыры иесіне,
Жүк артқан көше қалса, биесіне.
Жылқының қасиетін білетін жұрт
Олардың ие болған киесіне.
Ашуы ақылынан бұрын жүрген
Бабамыз қызыл оттың сырын білген,
Қойнына қанжар тығып келген жауды
Аттатпай босағадан, сүріндірген.
Ағаштан бөрене сап, балшық құйып,
Салыпты таудай қылып қорған биік.
Аяқтан шалғандар да болған шығар,
Төбесі тұрғаннан соң көкке тиіп.
Болаттың құпиясын жасырған ба,
Жебесін жау оғынан асырған ба,
Май құйып төбесінен қайнап тұрған,
Дұшпанның берекесін қашырған ба?!
Арқайым – өткен күннің шежіресі,
Аттаған сайын сырға кезігесің.
Жақсының үлгісінен үйренесің,
Жаманның қылығынан жерінесің.
Тас ғасыр.
Қола ғасыр.
Темір ғасыр…
Бәрі де қызмет қылған өмірге асыл.
Тері илеп, егін егіп, мал өсіріп,
Өркендеп, өрмелеткен өрге тасын
Май құйсақ отқа барып еркімізбен,
Арылсақ жеті айналып дертімізден.
Соның бәрі – ата тек, түп-тамырдан,
Арқайым!
Саған берген сертімізден.
Бас алып әрі шындық, әрі аңыздан,
Арды да биік қойсақ жанымыздан,
Соның бәрі –
Адалдық ишарасы,
Арқайым!
Сен сыйлаған қанымыздан.
Мен бүгін өзіңді айтып серпіліппін,
Тегінде, ата-баба сертін ұқтым.
Бастауы сенде жатыр өр мінез бен
Мәрттігі, ерлік ісі ер Түріктің.
Ақылдың барша кені ойға сыймай,
Сақталған жер астында қоймасындай,
Ғалымдар шаңын сілкіп, аршып алса,
Арқайым көне дәуір айнасындай.
Бабамыз Балқан тауын жайлағанда,
Шылбырын Ұрымға әкеп байлағанда,
Шыққанын Арқайымнан білді ме екен,
Сауал көп ойға терең бойлағанға.
Жер бар ма Арқайымға жететіндей,
Шағын бір
Сарыарқаның бекетіндей,
Асханасы –
қазақтың дастарханы,
Баспанасы –
киіз үй макетіндей.
Қаласы –
шақырайған күн көзіндей,
Шатыры –
мешіттердің күмбезіндей.
Бойы мен тұлғасына қарап тұрсам,
Адамы сықылды ғой құдды өзімдей.
Ұстаған аттарының жалын мықты,
Жігіті қарсы алған жер қалыңдықты,
Бүгінгі күнмен бізді сабақтас қып,
Жүректен түсіргендей ауыр жүкті.
Ыдысы саздан құйған ақ беретін,
Қылышы сілтегенін қақ бөлетін.
Жатса да жер қойнында күлге айналып,
Секілді кеудемізге от беретін.
Сол отпен татып көріп несібімді,
Сол отпен аластадым бесігімді.
Арқайым!
Отты қала.
Мықты қала!
Ұрпағың есте сақтар есіміңді.
Ар сөзі Арқайымнан бас алғандай,
Осында талай бұйым жасалғандай.
Тауына жалаңаяқ шыққан кезде
Боп қалдым отыз жылға жасарғандай.
Отырар,
Сауран менен
Сығанақтың
Жүргенде қорғанынан сығалап күн,
Сол нұрдан қуат алған батырлардың
Тегінің кім екенін сұрамаппын.
Ғұндар ма Мағжан айтқан Күннен туған,
Дунайда қыпшақтар ма бетін жуған?!
Жетіпті ерліктері осы күнге,
Өтіпті аттан түспей ағын судан.
Солар ғой қауға салып құдығыма,
Жалғаған сырықты әкеп құрығына.
Адамнның қасиеті еске түсер,
Наданның ренжісең қылығына.
Ұрпақтар содан бері өсіп-өнген,
Еңкейіп кірген қонақ есігінен.
Мұрат қып мейірім мен адалдықты,
Қараған жауына да кешіріммен.
Сезімді ту қып ұстап жаннан тәтті,
Көтерген зеңгір көкке махаббатты.
Кей кезде түйір дәнге зар болса егер,
Кей кезде қара суға қаталапты.
Бүгінде үміт, күдік арбасуда,
Күніңді босқа өткізсең, арға сын ба?!
Арқаның даласында тамыр жайған
Сол өмір мыңжылдықта жалғасуда.
Ғұмырың таудай биік, судай тұнық,
Болады сақталса егер ата ғұрып.
Әйтпесе адал дәмің ашып, сасып,
Іркіттей күбідегі жатады іріп.
Адамдар!
Хандарың бар, ханымың бар,
Батырың, ақының бар, ғалымың бар,
Арыма шіркеу түспей кетсін десең,
Арқайым арнасынан табылыңдар!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері