Наурызбай мен Аққошқар
Бұл бетте «Наурызбай мен Аққошқар» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Наурызбай би Орта жүзге есімі мәлім болған, аузы дуалы билердің бірі, бірі ғана емес, бірегейі. Би туралы тарихи деректер орыс құжаттарында кездеседі. «История Казахстана в русских источниках ХҮІ –ХХ веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г.) кітабында: «На страницах сборника предстают фигуры «хитрого султана» Губайдуллы Валиханова, «справедливого и пользующегося в народе особым уважением и доверием» Кунанбая Ускенбаева, «спокойного и умного» Таттимбета Казангапова, «доброго, благородного, доверчивого и несколько нерешительного» султана Мухамедгали Таукине, «первого гениального самобытного» казахского поэта Наурызбая Казыбаева» (8 том, 7 стр. предисловие Б.Жанаева) – деп жазылған. Құнанбай және Тәттімбетпен қатар аталған Наурызбайды кейінгі жұрт ақын ретінде емес, би есебінде таниды.
Кезімде әлі көптен бата алмаған,
Талабым әлі алысқа апармаған,
Қарағым, зердең болса, ұғып ал деп,
Беретін әңгіме айтып атам маған.
Сөзімді мәнсіз десін, мәнді десін,
Бойымда жасырамын барды несін?!
Жасымнан құлағымда үні қалған,
Айтайын атамыздың әңгімесін.
Қыпшақта би болыпты Қазбай деген,
Дейді екен: «Ақиқатган жазбай келем!
Қазақтың бар баласын алаламай,
Қаңқылдап қатар ұшқан қаздай көрем».
Көкорай көлге біткен шалғын еді,
Қауқылдап үлкендердің алғы легі.
Қартайып қайтқан байдың құрметіне
Ас беріп жатты бір күн Арғын елі.
Еске алып өткендерді, кеткендерді,
Мұратқа жетпегенді, жеткендерді,
Сан ру басын косқан үлкен аста
Шежіре шертіліпті көптен бергі.
Келеді кей адамның тасынғысы,
Келеді кемшілігін жасырғысы.
Өзінің руының атақ-данқын
Қайтсе де өзгелерден асырғысы.
Жиында отырады сақтанып кім,
Сандығын көкіректің ақтарып бір,
Жыр қылып билері мен батырларын,
Қыпшақтар кетсе керек мақтанып тым.
Кейбіреу от басымен шектеледі,
Кейбіреу өсек-аяң көп тереді.
Басынан сөз асырса өлетіндей,
Жамандар айтқанына кектенеді.
Болады жарық деген айдың міні,
Көңілге ептеп түйіп қойдым мүны.
Байқаусыз улы сөзді айтып қапты,
Сол аста отырған көп байдың бірі:
«Бөскенмен, өшпейтіндей аты қалар,
Ерлерің бар деймісің татып алар.
Қыпшақтың жігіттерін біздің елдің
Мергені қаз секілді атып алар».
Шынында бұл оқиға болған бұрын,
Салды еске жас өркеннің солған күнін.
Құн дауы дәуірлеген кез болса да,
Жан жоқ-ты сол жігіттің алған құнын.
Деп жүрген «көлден үйрек-қаз атайын,
Құс етін қажетіме жаратайын».
Мергенге қалың қамыс арасында
Бір күні оқ тиіпті жазатайым.
Іздеуші шықпаған соң тәмәм елден,
Кездейсоқ қаза болған бала мерген.
Өзіндей моласы да жетімсіреп,
Төмпешік құла түзде қала берген.
Көрмеген тіл тигізіп тұрағына,
Қайранмын байтақ елдің шыдамына.
Осындай қаңқу сөздер белден асып,
Жетеді Қазбай бидің құлағына.
Шақыртты сонда Қазбай Наурызбайды,
Баласын қасына алып, сырын жайды.
Деді оған:
«Ақылды адам ешқашан да
Біреуге өзі барып ұрынбайды.
Болмайды жасыруға келген ізді,
Улы соз кіргізеді көрге бізді.
Арғын да іргелі ел ғой, әдеп сақтап,
Жауласпай, қосып келгін іргемізді».
Кәрі би қолын сілтеп:
«Жөнел! – деді, –
Көп үміт күтем, балам, сенен», – деді.
Қасына қосшыларын қосып алып,
Наурызбай жолға шықты, бөгелмеді.
Сол кезде он алтыға келген жасы,
Қыр мұрын, жанары отты, қара шашы.
Кенже ұлға келтіретін сөздің нәшін,
Әкенің бөлек еді ықыласы.
Қаңқу сөз ел көңілін қалдырады,
Қаңтардай шілдеде де тондырады.
«Қыпшақтар шықты» деген хабарды естіп,
Арғындар Аққошқарды алдырады.
Аққошқар қыр төсіне үй тіктірді,
Еліне дәл қазіргі күйді ұқтырды.
Ас-судың бәрін қамдап, қол қусырып,
Даяшы қырық жігіт күтіп тұрды.
Шешетін талас-дауын талай байдың,
Білетін түп-төркінін талай жайдың,
Аққошқар топтан озып сөз бастайды,
Кетпекке алдын орап Наурызбайдың.
«А, Наурызбай!
Дауысың қоңыр каздай,
Жолыға алмай жүр едік ала жаздай.
Билік жолын бұл жолы саған берем,
Тек ел дауын тез шешсең, сөзді созбай».
Наурызбай бұл сөзді естіп күлімдеді,
«Қоятын сауалым бар бүгін, – деді.
Итті де қазынаның бірі дейді,
Жақсы иттің айтып берсең құнын», – деді.
Аққошқар жауап берді:
«Болсаң көсем,
Ешкімге еш уақыт кетпейді есең.
Тәйірі-ай, жақсы деген иттің қүны
Көкжалдың терісі ғой!» – деді шешен.
Наурызбай сәл бөгеліп:
«Ата! – деді,
Болмайды сұрақ қойсам, қата, – деді.
Ал енді ер жігіттің құны қандай,
Ойланбай көп алдында ата»- деді.
Жан бар ма мұндай сөзге қызбай шыдар,
Жараға сеуіп қойған тұздай шығар.
«Тәйірі-ай, жақсы деген жігіттің де
Бағасы екі жетім қыздай шығар».
Наурызбай сонда баппен сөз бастады,
Жаратқан бәйге атындай ойқастады.
Халықты көзбен шолып, сөзбен торып.
Жиналған әлеуметке ой тастады:
«Біздің де осы келген сапарымыз,
Жазықсыз қаза бопты қатарымыз.
Ендеше арлы сөзге тоқтау керек,
Екі қыз елімізге апарыңыз.
Жылқымыз үйір-үйір қосымызда,
Байлық та асып жатыр басымыздан,
Арғынды түбіміз бір дос деп келдік,
Сондықтан қыз аламыз досымыздан.
Қадірлер біреу малды, біреу арды,
Сыйлайық қасиеті қолда барды.
Кәнекей, екі қызды алып кел!» – деп,
Наурызбай төрде отырып әлек салды.
Көрген соң оған деген ықыласты,
Сол кезде Акқошқардың құты қашты.
Ғайыптан жерге түскен ақ берендей
Жігіттің жігері мен мысы басты.
«Ей, жұртым!
Аңғардың ба, білдің нені?
Әйтеуір, бүгін Құдай ұрды мені.
Жас бала Наурызбайдың екі иығында
Бақылап қос жолбарыс тұрды мені.
Жас пері жай отын да жасқайтындай,
Сөйлесем, сөзім өрге баспайтындай.
Әу баста дауласуға оқталсам да,
Сескендім шайнап мені тастайтындай.
Әр сөздің мағыналы жүйесі бар,
Бәрінің жауап берер иесі бар.
Қабағын қарсыластың бағып тұрған,
Мен білсем, Наурызбайдың киесі бар».
Болған соң игі дәстүр, салтқа бекем,
Аққошқар осы сөзді айтқан екен.
Қол беріп, жақсылармен жекжат болып,
Даушылар елге сыйлы қайтқан екен.
Көшкенде қатарласып ауыл қонып,
Кетпей ме ел осылай бауыр болып.
Наурызбай өзі-дағы сол сапарда
Бір қызды қалған дейді тәуір көріп.
Қастасқан жауымен бір жағаласып,
Өрісте малдары да араласып,
Халықтың туыстығы, ел бірлігі
Деседі: содан бері барады асып.
Бар әлем көңіліме сыйсын деймін,
Ойымыз бір арнаға құйсын деймін.
Ұйыған жаңа ғана сүт секілді
Еліме қалай ғана сүйсінбейін?!
Атамның көргеннен соң тәрбиесін,
Ұқсатып осылайша сөз жүйесін.
Қолымнан келгенінше айтып бердім
Елімнің ертедегі әңгімесін.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі