Құлып туралы шындық
Бұл бетте «Құлып туралы шындық» атты Ақылбек Шаяхмет жазған шындық туралы өлең берілген.
1.
Кеңіп көңіл-терезем,
Ой жіберсем көнеге,
Көз алдымда ақ әжем құртын жайған өреге,
Қайран, атам!
Сенің де атағыңа сай атың,
Қойға ғана ол түнде иттен күзет қоятын.
Сабақ берген әкеміз мектеп еске келеді,
Салақтаған құр текке ауыр құлып жоқ еді.
Анам әнмен әлдилеп, тербеткелі бесікті,
Ашық тастап үйренген қонақ кірер есікті.
Енді бүгін бір күнім ыстық болып бір күннен,
Кілттеп есік жабуға үйрене алмай жүрмін мен…
2.
Бүгін келе жатырмын қала шетін аралап,
Толып кеткен оңаша үй,
дара гараж, дара бақ.
Батпан-батпан құлып тұр есігінде гараждың,
Ішіне оның қысылмай еркін енер «БелАЗ»-ың.
Ат шаптырым бақшасы саяжайда ары аздың,
Құлып жапқан былық тұр қақпасында сабаздың.
Ар мен намыс әр үйде өлшенбейді көлеммен,
Оның бәрін, әрине, айту қиын өлеңмен.
Кездейсоқта көрдім мен тор құрсаған шыршаны,
Жасыл болып тұрса да, кімге керек бұл сәні?!
Бұрын торға қамаса жолбарыс пен қасқырды,
Шырша ұрлайтын зор шығып, табиғатқа қас қылды.
Қамын ойлап адамның аңдар торға қамалған,
Енді тормен ағашты қорғамақшы адамнан.
Тас бекітіп, сыртынан салып қойған ілгегін,
Мына тордан шынында шошиды екен кімде-кім.
Анталаған көп ойдың шеше алмасаң күрмеуін,
Мына арадан иісі шығып тұр ғой түрменің.
3.
Бірде барсам жатаққа, вахтер отыр сар қарын,
Буып ұстап тұрғандай аузын алтын дорбаның,
Жолатпайды ешкімді,
шақырмайды ешкімді,
Конақ кірсе, бөлмеге енетіндей сор қалың.
Бір жас жігіт тым өжет, терезеге асылып,
Серуенге ғашығын шақырады асығып.
Кім біледі, асылы сене ме, әлде, сенбей ме?
Кейбір сыры жасырын вахтермен бір деңгейде.
«Қатысы жоқ бұл жайдың, – дей ме сыншым, – өлеңге»,
Сол бозбала әлі де тұрған-сынды төменде.
Тіл табысу дегенің – тұнып жатып тереңде ой,
Тиегі көп үйлерге еркін кіру деген ғой…
4.
Бүгін тағы үйінде болдым ескі таныстың,
Жігіт еді, жарықтық, құлы еді ғой намыстың.
Бір кітапты көруге болған еді үмітім,
Іздеп-іздеп, не керек, таппай қойды жігітім.
Бар қағазы түптеулі,
шкаф біткен кілттеулі,
Кілт жоқ болса, несі бар, айыбы жоқ түк те оның?!
Қыдырғысы кеп еді киіп жаңа жейдесін,
Шифоньердің кілті де табылмады үйде осы.
Сасқан болар, кінәні әйеліне аударды,
Әйеліне сай ер де, оны мен де аңғардым.
Дүние жиып, бақ тауып, осыншама бай елден,
Бар кінәні көруге бола ма екен әйелден?!
5.
Судай жаңа бастықта болып едім тағы мен,
Сейфін ашып, қол қойды ол жаңа қаламсабымен.
Сейфі толған папкалар, толып жатқан іс қағаз,
Қолы тисе ақтарар, одан басқа істері аз.
Машинасы кілттеулі алдында тұр кеңсенің,
Маркасынан білінгер биіктігі еңсенің.
Байқап тұрсам, о, ғажап, шопырының өзі де,
Таяп барған адамды ілмейді екен көзіне.
Келсем-дағы болдырып, мені жаяу қалдырып,
Мен баратын ауданға кетті бастық жол жүріп,
Ол сасатын түк те жоқ, келген жері бүктеулі,
Сейфі жабық, үй жабық, көлігі де кілттеулі,
Бәлкім, жолы болады, айыбы жоқ түк те оның,
Қонақүйге қонады іші-сырты кілттеулі.
Өзін жүйрік, өзгенің бәрін мәстек санаған,
Көппен бірге ас ішіп отырмайды ол адам.
Оған салсаң таңдауды,
ұнатады самғауды,
Ас ішер жер арнаулы, жатар бөлме арнулы.
Құс сүтінен басқаның үйіңде оның бәрі бар,
«Құс сүті» деп аталған тәтті кәмпит тағы бар.
Үкіметтің майын жеп, суын ішіп халықтың,
Арып-ашпай келеді семіз қарын жануар.
Танысқан соң жұртпенен мамандығым бастық деп,
Оған төсер көрпе көп, бақа салар жастық көп.
Көрген болсаң тойда да пейілінің тарлығын,
Осындай деп ойлама басшылардың барлығын.
Талай жақсы басшының көріп келем мәрттігін,
Өкпелеме, Басеке!
Бастық деген шартты ұғым.
Бас тартпасаң көп сыйдан, боп шығарсың маскүнем,
Бастық болып еш жерге бас тықпауға бәс тігем.
Қолдың кірі қызмет, жумасаң да сабындап,
Адал, таза ниетпен тұрсаң болды қабылдап.
6.
Қоршауы жоқ, құлпы жоқ
иен жатқан жерде осы
Емін-еркін сыр ашып,
сөйлесейік, кел, досым!
Байқа, бірақ, үйіңді біреу үптеп жүрмесін,
Жолдас болған жырынды күйін күйттеп жүрмесін.
Шет елдерді кезіпсің, аралапсың Қырымды,
Ендеше елден несіне жасырасың сырыңды?
Жүрегіңде бір түрлі, құлып тұрған секілді,
Тасасында басқа жан күліп тұрған секілді.
Құлпын ашып, оны емдер ғажайып кілт менде жоқ,
Кілт жасайтын шеберлер бұл маңайда емге жоқ.
Тура тауып көздерін, аша алатын кілт деген
Ылғи бірге жасалып шығады екен құлыппенен.
Есік қақпай сендерге келер едім, достарым,
Бекітулі үйлерің, тағасыңдар босқа мін.
Есік қақпай сендерге келер едім, ағайын,
Үйлесетін кілтті іздеп ағарады самайым.
«Қон!» десеңдер – қонайын,
«Бол!» десеңдер – болайын,
Құлыптардың тетігін қайдан іздеп табайын?!
7.
Ей, ізгі жан ақкөңіл,
Жүрегімнің біл емін,
Киіз үйдей құлпы жоқ ашық саған жүрегім.
Соқсын самал сүйікті,
түрулі тұр кең іргем,
Шаңырағым биікте,
ашық көңіл-керегем.
Тат басатын жоқ оның темір есік, топсасы,
Шеешек атып гүлдейді жақсылықтың бақшасы.
Қан таратып кеудемде туып-өскен ел үшін,
Бүрін жарып келеді ізгіліктің жемісі.
Кім де кімнің егер де теріс болса пиғылы,
Құлып салып жан сақтау қиындардың қиыны.
Дәм таттырмас сараңдар қызғанатын тиынын,
Өліп кетсе көрге де бірге көмер бұйымын.
Сенемін мен,
Бәрібір, құлыптардың барлығын
Жоқ қылады Уақыт, орындатып жарлығын.
Жүрегімде құлып жоқ,
бірақ, бірақ, абайла,
Кез келген жан оған да кіре алмайды.
Соны ойла…
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі