Кешегі өткен бабаларым

Бұл бетте «Кешегі өткен бабаларым» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кешегі өткен бабаларым Жетісуды қоңыс қып,
Деген жоқ па: «ата жаумен арыстандай алыстық!»
Керуен жолы – Шу мен Талас, Қозыбасы, Түркістан,
Сыр өңірі көзімізге көрінеді әлі ыстық.
Болашақты болжай білген қыран тектес Керейім
Атқа қонып, асырды ғой ел-жұртымның мерейін.
Өріс кеңіп, ырыс толып, ел іргесін бекітсе,
Ел атынан ерлеріме алғыс айтпай не дейін?!
Орыс ханның шөбересі, Барақ ханның текті ұлы,
Елдің басын қосу үшін бос кетпеген көп күні,
Ұран салып, ұлтты оятып, сенім артып қазаққа,
Таққа отырды Жәнібек хан тау жығардай екпіні.
Қазақ солай өзге жүрттан асырып бар дәулетін,
Тым-тырақай қылған жоқ па Шайбанилар әулетін.
Бір жағадан бас шығарған жеткен болса жеңіске,
Қалған жоқ па жібі түзу басшысы жоқ ел жетім.
Сарайшық пен Ұлытау да хан ордасы болған жер,
Мейманасы асып-тасып, несібесі толған жер.
Ақназардың бағы жанып, ормандай көп орыстан
Басын иіп, құлдық ұрып, елші келіп тұрған жер.
Хан ұрпағы Тәуекел мен Есім, Жәңгір, Тәуке де
Ханның ісін жалғағаны – ұлтыма зор мәртебе.
Көктем шыға қызғалдақтар қыр төсінде жайнаса,
Ел намысын қорғағанды еске алады әр төбе.
Тезге салып ел ішінде есер болса мақтанған,
Жауды көрсе сарбаз жиып, ел қорғауға аттанған,
Жақынына көмек беріп, мейірімін аямай,
Алыстағы дұшпанынан алдын ала сақтанған.
Дешті Қыпшақ, Жошы ұлысы тамыр тартса тереңге,
Қазақ деген ер есімі естілгенде әр елде.
Ұлтына ұя сала алмаса, елге қорған болмаса,
Хандары мен батырларын қоспас еді өлеңге.
Шаршы топта сөз бастаған, қол бастаған жасынан,
Күпшек санды күреңді де аямаған досынан,
Болмас жайды сөз етпеген, жаттың өзін өз еткен,
Арға тиер сөз болса егер, асырмаған басынан.
Қасқа жолы Қасым ханның, ескі жолы Есімнің
Қайнары еді қазынамның, сүрлеуі еді көшімнің,
Жылқыдайын мойынына әлі құрық түспеген
Кең далада кердең басып, қымыз ішіп, көсілдім.
Үш жүздегі – Жолбарыс пен Әбілқайыр, Қайып хан
Олардың да күндері жоқ қас жауынан қаймыққан.
Дұшпандар да жай жатпады, жылан кірді іргеден,
Олжа тауып қалсам дейтін қазақ жиған байлықтан.
Күндер өтті жүрген кейде тілім нанға жарымай,
Бытыраған ел-жұртының басын қосты Абылай.
Құдасына қойын сойып, құйрық-бауыр асатып,
Енді қазақ қосып жейтін болды нанға сары май.
Қазағымның ертеңіне алаң болған күні үшін
Кенесары қынабынан суырғанда қылышын,
Ер басына күн туғанда дегені боп дұшпанның,
Төгіп-шашып алдық,бірақ, ұлтымыздың ырысын.
Еркін, батыл, әділетті, бойы биік, еңселі,
Ұрпақтарым тарихымнан сыр сабақтап көрсе еді.
Шаршап-талып, аңсап барып олар салған сара жол
Елдік пенен ерлік және имандылық өлшемі.
Жүзін салмай жамандарға, өрге салмай өгізді,
Сенім артып адамдарға, жұрттың қамын жегізді.
«Қой үстіне бозторғай кеп жұмыртқалар күн туса,
Жақындатқан сол күндерді хандар болған» — дегізді.
Көшіп-қонып жүрген қазақ еркін, дербес ел болды,
Көршісімен тату тұрып, терезесі тең болды.
Арман бар ма ұрпақтары бабалардың кешегі
Енді бүгін жалғастырса осы даңғыл, кең жолды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері