Бәйтерекке берілген бата

Бұл бетте «Бәйтерекке берілген бата» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір жолаушы жаздың жылы күнінде
Қауіп-қатер болмаған-ау ойыңда,
Ұйықтап жатып бәйтеректің түбінде,
Кез болыпты бал іздеген аюға.
Жан алам деп келеді аю ақырып,
Байыз тауып тұрмады адам жерде көп.
Жан таласып жан сақтады пақырың
Бәйтеректің бұтағына өрмелеп.
Аю кетті. Жолаушы да дін аман,
Шақырғандай шалғын төсеп жаз алдан,
Бәйтерекке бата берді бұл адам,
Алып қалған тура келген ажалдан.
«Бойың биік, аласармас, Бәйтерек,
Өзге ағаштар таласа алмас, Бәйтерек!
Адасқанға белгі болсаң далада,
Жаныңа ешкім жара салмас, Бәйтерек!
Бұтақтарың жапыраққа оранған,
Сұлу қыздай шашын талдап таранған.
Жапырақтар жасыл түске боянған,
Жолаушылар пана тапқан саяңнан.
Ғасырлардың құрдасындай, Бәйтерек!
Жайнай бергін жылда осылай, Бәйтерек!
Сән де, мән де, бәрі-бәрі бар сенде,
Бірақ, тамыр солып қалса, қайтер ек?!
Дұшпандардың көрмей ешбір жәбірін,
Адамзатқа арта берсін қадірің.
Шарпымасын бұтақты өрттің жалыны,
Балта тиіп, қиылмасын тамырың».
Бәйтеректі бата желеп-жебеді,
Әлі күнге жайқалып тұр, себебі.
Адамдарға кім жасаса жақсылық,
Дәл осындай бата бергім келеді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері