Қайда беттеп барамыз? (толғау)

Бұл бетте «Қайда беттеп барамыз? (толғау)» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

1.
Заман өтті, көзің көрді
Шырық бұзды талайлар,
Қазақ, енді кезің келді
Алды-артыңды абайлар.
Көрдік кемдік, алдық теңдік,
Жақын тартып арамыз.
Кімбіз біздер? Қайдан келдік?
Қайда беттеп барамыз?
Бірде даулап, бірде жаулап,
«Аңқау қазақ, бұл кім?» – деп,
Орыс келді одыраңдап,
Қытай келді шүлдірлеп.
Бір жағыңнан қытай түртіп,
Айдап салды қалмақты,
Жер бүлініп, елім үркіп,
Көзден жасты парлатты.
Қызығына орыс тойды,
Желіктіріп басқа ұлтты,
Ұлтыма енді қарсы қойды
Бауырласқан башқұртты.
Тіл сындырған молдасы көп,
Жинап алып татарды,
Оқығаннан жолдасы жоқ
Қазақ надан атанды.
Неге өзегім өртенеді,
Тағы, қатты жел тұрды.
Алдаспаным – хан Кенені
Қырғыз келіп өлтірді.
Татып көрдің күріші көп
Өзбектердің палауын,
Ұйғырдың да ырысы көп,
Бердің тағы қалауын.
Сол өзбектің палауы мен
Дұнғандардың кеспесін
Біздің қазақ тойып жеген,
Қалай ғана өспесін?!
Заманды әбден ашындырды,
Жемқор жал мен жая жеп,
Шешендерді басындырды,
Ұл-қыздарың таяқ жеп.
Біреу үйді ойрандады,
Бірақ, тартқан жаза жоқ.
Төрге шығып тайраңдады,
Қонақ емес, қожа боп.
Жебірейдің тасы жүріп,
Имандылар бет басып,
Қазына мен дүние-мүлік,
Шет елдерге кетті асып.
Бір жағыңнан кәріс келді,
Үндіс келді бір жақтан,
Қай құбылаң тегістелді,
Пайда ма әлде құр мақтан?!
Кәрістерді бағалаймыз,
«Көкөнісің бар ма?» – деп.
Көк базарда саудалаймыз,
Дәріленген алма жеп.
Жұртың солай бүлінуде,
Жемсауы бар жеп келген,
Ағылшын мен түрігің де
Алсам, жесем деп келген.
Сүйенгенің болып күшті,
Ағылшынша ән салып,
Ас ішкен соң шұқып тісті,
Отырамыз тамсанып.
Киген киім, ішкен тамақ
Ұрпағыңа бұйырмай,
Тұнжырайсың төмен қарап,
Аусыл болған сиырдай.
Айтсақ-тағы ел түгел деп,
Күй де бөлек, би бөлек.
Жат әуенге елтігендер
Қайда бармақ кимелеп?!
Бүгін тозған бордай құның,
Болып едің кім кеше?
Ғұмырыңды жалғай ма ұлың,
Салт-дәстүрді білмесе.
Алшаң басып, судай тасып,
Сеніп жүрдің дақпыртқа.
Қызың кетсе Қырымға асып,
Бұйырғаны жат жұртқа.
Күндер болса баса-көктеп,
Өтіп жатыр бір қалып.
«Қолдың кірі – қызмет» – деп,
Басшылар жүр былғанып.
Берді қазақ қолда барын,
Не тілесін енді жұрт?!
Байып алды молдаларың,
«Шүкір, шүкір!» – деп жүріп.
Жаратқаннан қысылғанды
«Құтқара көр!» – деп тілеп,
Үндемейсің мұсылманды
Жатса дұшпан тепкілеп.
Кен байлықтан бар ма пайда,
Өз жеріңде кедейсің.
Тілің қайда, дінің қайда?
Туған елге өгейсің.
Ұқсайды ұрпақ кемістерге,
Даңғазаға қол соқса.
Жанкүйерміз немістерге,
Уругвайға гол соқса.
Ұстап заман нарқы бізді
Қуатындай атомның,
Толтырып жүр олқымызды
Телефоны жапонның.
Азайған соң қариялар,
Таң қалдырған әлемді,
Қаптап кетті сериалдар,
Жіпсіз байлап әйелді.
ЖиҺаз,мүлік, әдет, ғұрып,
Алыс жерден әкелген,
Ыдыс-аяқ, қазан-ошақ,
Бәрі, бәрі шет елден.
Жалған емес сөзім жаңа,
Мейлің, жерге ұр маңдай!
Жылтыраған көзің ғана
Қазақпын деп тұрғандай.
Заман өтті, көзің көрді
Елге кімдер қарайлар?!
Қазақ, енді кезің келді,
Алды-артыңды абайлар…
2.
Бүйі қаптап, шаян өріп,
Күйе түсті мақтаға.
Түзде жортқан құлан едік,
Басты тықтық ноқтаға.
Кімге жайлы болар қоңыс,
Мұңың болса батпандай.
Қырып салса жалғыз орыс
Азаматты атпалдай.
Таяқ жеді кеше қазақ
Өз елінде қытайдан.
Келімсекке болып мазақ,
Болып кетті сүт айран.
Басшылар өз бабын тауып,
Халқын әбден жұтатты.
Аңқау қазақ жатыр шауып
Өзі отырған бұтақты.
Бүгін қазақ жерін сатса,
Қиналғанға жоқ па жақ?
«Алтын ерің атқа батса,
Алтынды ал да, отқа жақ!»
Жеке бастың қамын күйттеп,
Жауға ешқашан жалынба.
Кеткен болса тоның биттеп,
Таста оны да жалынға.
Үлгермесе дос ойланып,
Жеген жандай күшала.
Түске дейін бас айналып,
Маңыраймыз түс ауа.
Бет-бетімен жайылып жүр
Бақташысы жоқ қазақ.
Мұсылманға қайырым қыл,
Жаратушым, аққа жақ!
3.
Қызығын көріп қоныстың,
Жатқан да жоқпыз жантайып.
Арағын тастап орыстың,
Қазақтың сөзін айтайық.
Көңілі биік болған ба?
Аңқылдап жүрген бұл халық.
Қаншама тойда, думанда
Өзгенің әнін шырқадық.
Шанышқы, пышақ қолға алып,
Орыстың ғұрпын үйреніп.
Кәрістің дәмін қолданып,
Немістің биін биледік.
Көрмеген шытып қабағын,
Не деген аңқау ел едік?
Кетсе де билеп қонағың,
«Мұның не, досым? « – демедік.
Тағы да құрмет дәметіп,
Кінә артса енді ол саған.
Ниетін болдың білетін,
Не дейін, қалқам, мен саған?
Тілімді менің менсінбей,
Сыйлайды ол қалай ұлтымды?
Жүрген жан болса жерсінбей,
Бұзба дер едім шырқымды.
Әлі де саған болар сын,
Ақылын айтса жатып ап.
Артынан шашып қаларсың
Көп болса уыс топырақ.
4.
Не өтпеді басымыздан,
Көрген қорлық естен кетпес.
Күнәміз көп шашымыздан,
Жуылуға ғұмыр жетпес.
Көмейге тас тығылғанша
Есіп сөйлеп, босқа лағып,
Арақ ішіп жығылғанша,
Кетті қазақ шошқа бағып.
Сілекейлеп дастарханды,
Түрекеліп дәрет қылдық.
Келемеждеп бас тартқанды,
Атада жоқ әдет қылдық.
Итіміз де орысша үріп,
Шопан емес, чабан болдық.
Киіз үйді кері сырып,
Вагон тұрса, соған қондық.
Үлкен алдын кесіп өтіп,
Белден бастық, шектен астық,
Жетпейтіндей несібе түк,
Жан таластық, жазым бастық.
Бесік пенен домбыраны
Кір-қоқыстан аршығанша,
Сақтаймын деп мол мұраны
Қарлықты ғой дауысым қанша?!
Ет орнына ботқа беріп,
Арымызды айырбас қып,
Жақынды да жатқа теліп,
Кәпірлермен қойындастық.
Не өтпеді басымыздан,
Көрген қорлық естен кетпес.
Күнәміз көп шашымыздан,
Жуылуға ғұмыр жетпес.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері