Жан азабы

Бұл бетте «Жан азабы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

АҚШ-ның суретшісі, фотограф Кевин Картер аштық жылдарында Африкаға келеді. Сол сапарында аштықтан әбден әлсіреген баланы көреді. Оған таяқ тастам жерде баланы аңдып құзғын отырады. Осы көріністі дереу түсіріп алған фотограф көрмеге қатысып, бас жүлдеге ие болады. Сол күні кешке өзінің суретіне қарап отырып, ар азабына душар болады. «Әлгі балаға неге жәрдем көрсетпедім? Байғұс бала құзғынның жемтігі болды ма?» деген сұрақ жанын мазалайды. Ақыры үш ай бойы жанын жегідей жеген ауыр ойдан кейін есінен айырылып, асылып өледі…

Арып-ашып отыр жасып жас бала,
Отыр жылап қарыны ашып аш бала.
Арт жағында аңдып отыр тазқара,
Бұл сұмдықты тілемейсің қасқа да.
Бейнеленген сорлы бала қор болған
Осы сурет көрмелерде жүлде алған.
Суретшіге жабысыпты сор болып,
Соған қарап, есі ауысып, жынданған.
«Кім айтады қалды ғой деп ол тірі,
Болмады ма сәби құзғын жемтігі?!»
Ғажап сурет түсірдім деп қуанған
Басылғандай суретшінің ентігі.
Бұл күнде де аз емес қой адам аш,
Жүргендер бар баспанасыз, жалаңаш.
Кеуіп-піскен кісілер де көбейді,
Бір біріне қарасуға жарамас.
Қызығы мен шыжығы көп өмірде
Уайымсыз күн өткізу жеңіл ме?!
Өзгелердің қасіретін бөлісіп,
Неге тосу қоя алмаймыз өлімге?!
Жаратқанға жалбарынып азанда,
Піскен асы толып тұрып қазанда,
Жетімдер мен жесірлерді жылатпай,
Неге бөгет бола алмаймыз ажалға?!
Жүрмесе де сыбағадан құр қалып,
Жан азабын тартқан кісі білді анық.
Көріп тұрып жер бетінде сұмдықты,
Бүкіл әлем кетпес пе екен жынданып?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері