Әдет, дағды, ишара
Бұл бетте «Әдет, дағды, ишара» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Білмей тұрсаң, не шара?!
Түсінгендер – бақытты,
Түсінбеген – бишара.
* * *
Арқадан қағу
Аға сені байқаған,
Қағып қойса арқадан,
Ырзалықтың белгісі,
Жақсылыққа бұл қадам.
* * *
Бөрік ату
Аспанға атып бөркімді,
Білдіріп ем еркімді.
Шексіз шаттық белгісі,
Орындасаң сертіңді.
* * *
Тіс қайрау
Таусылса да күш мүлде,
Ешқашан да тістенбе.
Сабыр қыл да, айла тап,
Бір жақсылық істеуге.
* * *
Кеуде қағу
Соға берме кеудеңді,
Қаға берме кеудеңді,
Кеудемсоқты қалың ел
Жөн көреді емдеуді.
* * *
Сан соғу
Көрсетсең де барыңды,
Неге соқтың саныңды?
«Әттең-ай!» – деп опыну
Өкініш қой кәдімгі.
* * *
Жақ таяну
Қиын істен аянба,
Жақтарыңды таянба.
Торыққанша құр текке,
Не болғанын баянда.
* * *
Мұрын шүйіру
Алға тастап бұрымды,
Шүйірмеші мұрынды.
Менсінбеген түрің бе?
Қалған әдет бұрынғы.
Бас бармақты көтеру
Өнерпазға ардақты
Көтерсең бас бармақты,
«Бұл – тамаша!» деген сөз,
Берген бағаң салмақты.
* * *
Қол соғу
Ырза болсаң, балақай,
Дегің келсе: «Алақай!»
Ауырғанға қарамай,
Соқ қолыңды аямай.
* * *
Қол алысу
Ыстық достың құшағы,
Бауырына қысады.
Қол алысу көргенде
Таза ниет нышаны.
* * *
Қол қысу
Төңірегің нұрланып,
Болса бәрі бір қалып.
Қолын ұстап, қысқаның –
Жолдасыңа ырзалық.
* * *
Қос қолды жаю
Ата жолын жалғаған
Бата бермес бар ма адам?!
Жайғаның қос қолыңды –
Тілек тілеу Алладан.
* * *
Қол бұлғау
Бірін бірі сағына,
Көп күткендей сарыла,
Қолды бұлғау – қоштасу
Жолыққанша тағы да.
* * *
Қол созу
Созсаң досқа қолыңды,
Жалғағаның жолыңды.
Қолдың ұшы – қолқабыс
Көп болғаны орынды.
* * *
Қол қусыру
Жеткің келсе мәреге,
Еңбек ету – өнеге.
Қол қусырып отырсаң,
Тамақ өзі келе ме?!
* * *
Қолды уқалау
Бар шаруаны бітір де,
Жан-жағыңды бүтінде.
Қолдарыңды ысып қой,
Алақанға түкір де.
* * *
Қолды желкеге қою
Кісі ақысын жемесең,
Абдырайсың неге сен?!
Қойма қолды желкеге,
Айыптымын демесең.
* * *
Қол көтеру
«Қол көтермей жан бағам», –
Дей алмайды арлы адам.
Дұрыс болса мәселе,
Қол көтерер қолдаған.
* * *
Қол сілтеу
Қолды бекер сілтеме,
Жалқаулықты бүркеме.
Күркетауық секілді
Тығылмағын күркеге.
* * *
Қол сілку
Жуған кезде қолыңды,
Тектен текке сілкіме,
Сүлгі алғаның орынды,
Қалмау үшін күлкіге.
* * *
Саусақ кезеу
Тілді безеп тұрғаның,
Саусақ кезеп тұрғаның –
Биік ұстап өзіңді,
Тәкәппарлық қылғаның.
* * *
Бармақ тістеу
Ертемен де, кешке де,
Нашар жұмыс істеме.
Оған көңілің толмаса,
Бармағыңды тістеме.
* * *
Жұдырық көрсету
Қара тер боп жүгіріп
Келген едім қыдырып.
«Сыбағаңды берем!» – деп,
Көрсетті әжем жұдырық.
* * *
Алақан жаю
Атқан кезде жаңа таң,
Жайған болсаң алақан,
Шарасыздық нышаны,
Оны қалай жаратам?!
* * *
Білек түру
Бала болсаң тым епті,
Ұста қолға күректі.
Құлшыну ғой жұмысқа –
Түрінгенің білекті.
* * *
Ауыз бұртиту
Екі бүйірің бұлтиып,
Неге тұрсың қылтиып?
Қабағыңды ашсаңшы,
Тұрғаныңша бұртиып.
* * *
Таңдай қағу
Бұл қылығың қандай-ды?
Тақылдатпа таңдайды.
Елдің олай мазасын
Алуыңа болмайды.
* * *
Желке қасу
Әдет деген бұрын да
Байланысты ырымға.
Амалсыздық салдары
Желке қасу, шынында.
* * *
Жер тепкілеу
Абайсызда құласа,
Жақсы емес қой бұл аса.
Қыңыр, кесір бала ғой,
Жер тепкілеп жыласа.
* * *
Бас сипау
Сипаса егер басыңнан,
Шықпай қойса қасыңнан.
Сені жақсы көргені
Әке-шешең жасыңнан.
* * *
Бас шайқау
Жиылған соң кеңеске,
Бармайықшы егеске.
Отырғаның бас шайқап,
Бас тартқаның емес пе?!
* * *
Бас изеу
Сілкіп тастап шашыңды,
Изеп тұрсаң басыңды,
Тіл алғыш деп әлбетте
Жақсы көрем досымды.
* * *
Төс түйістіру
Түйіскенде төсіміз,
Қуанамыз осы біз.
Ата-баба жолымен
Амандассын досымыз.
* * *
Көз қысу
Қысып қалып көзіңді,
Ұялттың ғой өзімді.
Қөз қыспай-ақ айта бер,
Айтам деген сөзіңді.
* * *
Көз алайту
Жақтырмасаң өзімді,
Алайтпашы көзіңді.
Құлақ қойып тыңдашы
Саған айтар сөзімді.
* * *
Тіл көрсету
Таста жаман ырымды,
Жалаңдатпа тіліңді.
Тіл шығарсаң, үлгісіз
Екендігің білінді.
* * *
Ерін шығару
Көз алдында қоғамның,
Жараспайды саған бұл.
Мұндай қылық жағымсыз
Әдеті ғой адамның.
* * *
Бет шымшу
Неге бетті шымшыдың,
Тартып тұрды кім шылым?
Ұялдың ба көрген соң
Әумесердің қырсығын.
* * *
Бетке түкіру
Шыдап бағып, сабыр қыл,
Таяқ тисе етіңе.
Жек көргенде жауыздың
Түкіреді бетіне.
* * *
Тіс шықырлату
Бұза бермей түсіңді,
Ашуланбай, күл, жаным!
Шықырлатсаң тісіңді,
Сабыр қылмай тұрғаның.
* * *
Шекеден шерту
Жол таппаса төтеден,
Деп: «Ақылың өте кем!» –
Құрдастардың қалжыңы
Шертіп қою шекеден.
* * *
Секіру
Хабар келсе тамаша,
Қуанасың балаша.
Секіргенің – қуаныш,
Жұрт таң қалып қараса.
* * *
Тізе бүгу
Болса да әйел, ер кісі,
Келсе досқа сенгісі,
Тізе бүгу – сөйлесе
Келген жанның белгісі.
* * *
Иық көтеру
Қалдырмашы жолымнан,
Кейін келіп жолығам.
Көтергенің иғыңды,
Келмей тұр-ау қолыңнан.
* * *
Жаға ұстау
Барып қалсаң қасына,
Жағаңды ұстап, шошыма.
Тұрсаң-дағы жаратпай,
Ақылыңды айт досыңа.
* * *
Кежегесі кері кету
Көнбей жүрсе әжеге,
Әжесі оған төзе ме?
Қиқарлығын қоймайды,
Кері кетсе кежеге.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі