Құлбаба туралы аңыз

Бұл бетте «Құлбаба туралы аңыз» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құлбаба – зеңбірек құюшы ұста болған.

Ор бойында жиын болып, сөз бастапты Құттықадам:
«Қайран, елім!
Ойраттардың ойранынан шықтың аман.
Алдымызда – қалың орыс,
Күнбатыста – башқұрт жұрты,
Күншығыста – Көшім елі,
Жәрдем берсін Хақ-тағалам!»
Бидің сөзі тебірентіп осы өңірдің кәрі-жасын,
Байтақ елді емірентіп, аударыпты ықыласын:
«Қазақ халқы мал баққан ел,
Малын бағып жай жатқан ел,
Орыс, башқұрт, татарда да үлгі алатын өнер басым.
Түйін түймей темірден де күрмеу қиын қысқа жіпті,
Өз әліңді шамалай жүр, бағалай біл басқа жұртты.
Сондықтан да орыстардың қаласына орын теуіп,
Басқа атаның ұлдарынан үйренейік ұсталықты».
Құттықадам қолмен нұсқап ең кенже ұлы Құлбабаны,
«Ұсталардың шәкіртінің бірі, міне, бұл болады» –
Деген сәтте бас изесіп, тілек айтты өзгелер де,
Би бастаған игі іс болса, одан қалай құр қалады?!
Темір үні шыңылдаған,
Көрік дауысы күмпілдеген,
Бір демменен балға соғып жатқан жандар іркілмеген.
Міне, осылар ер қаруы – бес қаруды соғатындар,
Көрген кісі қимылына тәнті болып:
«Шіркін!» – деген.
О, сол сәтте көрген болсаң қалжыраған Құлбабаны,
Қайратына қарсы болып, қарсы алдына кім барады?
Қылыш ұстап, атқа мініп, желге қарсы шапқан шақта,
Наркескеннің ақ жүзінен күміс сәуле сырғанады.
Келсе жандар сол қылыштың қасиетін көрмек болған,
Жүзінде оның жел өтінен жыланбауыр өрнек қалған.
Жуандығы шынашақтай шегені де түсер кесіп
Қылпылдаған алмас қылыш бір-ақ рет сермеп қалған.
Маңайында бозбалалар мұрты жаңа тебіндеген,
Ұстазынан ұсталықты үйренуге ерінбеген.
Мұндай алмас қылышы бар
қазағымның ырысы бар,
Жауға шапса қыбын тауып, кері қарай шегінбеген.
Орал-таудың жота-жота өркештенген белестері
Құлбабаның дулығасы болып маған елестеді.
Жантас-таудың қасындағы
мына бейіт басындағы
Құлпытасты Құлбабаның өзі құйған емес пе еді.
Пугачевтың заманында зеңбіректі құйып қолдан,
Елім деген есіл ердің еңсесі де биік болған.
Әділетті Салауаттың туы астында бас қосыпты,
Бозбалалар теперіштен іштеріне күйік толған.
Жел гуілдеп, қурай сыңсып,
өткенді ойлап, мұңдана ма,
Бұл жалғанда ажал жетсе, жер бетінде кім қалады, ә?!
Патша әскері қоршауға алып, қос өкпеден қысқан кезде
Қан-төбеде қақтығыста оқ тиіпті Құлбабаға.
Есіл батыр үш ұмтылып жатқан жерден тұра алмады,
Орындалмай қалғаны ма іште жатқан мың арманы?!
Достар келіп, жүзін көріп,
соңғы сөзін айтпай тұрып,
Қысылса да қапелімде жан-тәсілім қыла алмады.
Достарын да, дұшпанын да қонағым деп қабылдаған,
Қанқызыл боп дала жатты қасіреттен арылмаған,
Сарбаздардың бірі келіп қымыз құйса торсығынан,
Ішкен сусын ағып жатты сөгілген қос қабырғадан.
Етігімен суды кешкен жодлдастарға бірге дейді,
Ақырғы рет көзін ашып, келген екен тілге дейді.
«Қош болыңдар, бауырларым!
Бұзып-жарып шықпасаңдар,
Ол дүния көр болса егер, бұл дүния да түрме», – дейді.
Жер теңселіп, тау қозғалып,
тұман жапты теңбіл көкті,
Қара сақал, Пугачев та ерін жоқтап еңірепті.
Серіктері қас батырдың жасырған соң асыл жүзін,
Құлпытас қып орнатыпты өзі құйған зеңбіректі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері