Хан-қамау

Бұл бетте «Хан-қамау» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғабит Мүсірепов көне ойын – шахматты хан-қамау деп атаған.

Көтерсек те көңілді,
Мына дүния жалған-ау.
Соқпақтары өмірдің
Секілді ғой хан-қамау
Сабылысқан сан сарбаз
Сардар болу – ойыңда.
Жеткің келсе мақсатқа,
Атты әскерді дайында.
Ойыншының саны аз ба,
Ойын шартын бұзбасын.
Жем болады сабазға
Онбасы мен жүзбасың.
Қолың жүрсе, кім білсін,
Бола аласың қолбасы,
Хан-қамауға, бұл бір сын,
Тіреледі жол басы.
Қол ниеті қап-қара,
Бүйіріңнен қадалған,
Алақандай тақтада
Қиын екен қамалған.
Біреулерге тақ арман,
Біреулерге бақ арман,
Көрдім талай пендені
Төрт бұрышқа қамалған.
Ары қалай кірлейді,
Дұрыс болса есебі,
Үйіне оның кірмейді
Өзгелердің кеселі.
Тартпаса да темекі,
Күлсалғышы хрусталь,
Қымбат шылым шегетін
Басшыларға туысқан
Сұмдардың көп екенін
Шыққыр көзім көріп жүр,
Қасиетті мекенде
Қасиетсіз өріп жүр.
Түймедейдің сөзі кей
Болады екен түйедей,
Байтал бедеу болса да,
Кісінейді биедей.
Өрмектердің барлығы
Үй емесін білемін,
Өрмекшінің барлығы
Бүйі емесін білемін.
Жылан көйлек келіншек
Бақа түстес мебельге
Құмар болса не дейсің
Жаратушы шеберге?!
Жылмаңдаған еркенің
Жылтыраған бетінен,
Ей, есі бар еркегім,
Опа іздеме, өтінем!
Дүние де осылай,
Қызыл-жасыл түлкідей,
Қолға жұмсақ тигенмен,
Жүрегіңе түрпідей.
Келер күнге әрбір жан
Қалдыра алса аманат,
Айтар едім мен бұған
Болса екен деп қанағат.
Хан-талауың екі ұдай,
Хан-қамауың екі жақ,
Бірін бірі тұрғаны
Іштей аңдып, бақылап,
Бірін бірі қорқытып,
Бұғып жатып, атып ап,
Женген дағы – ақылды,
Жеңілгені – ақымақ.
Осыншама сұмдықты,
Осыншама қулықты
Қалай ойлап тапты екен
Дәті барып бір мықты?!
Айла жүрген жерінде
Алынбайтын қамал жоқ,
Қарсыласың сұм болса,
Қу болмасқа шараң жоқ.
Сырық жалғап құрыққа,
Қулыққа әбден үйретіп,
Мына жалған әкетер
Құрдымына сүйретіп.
Ойлап тұрсаң, өзгерген
Өмір де осы хан-қамау.
Бізге дейін, біздерден
Кейін де осы болған-ау…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері