Қоянжүрек

Бұл бетте «Қоянжүрек» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бұл күнде көбейіп тұр ірі, ноян,
Міңезі, іс-қылығы баршаға аян.
Белгілі байпатшаның еркесіне
Қалыпты қажет болып тірі қоян.
Аңшылар енді мылтық кезенбеді,
Шарлады жыра-сайды кезеңдегі.
Алайда, ілінетін қармағыңа
Қояндар балық емес өзендегі.
Кез де емес оқты текке шығын қылар,
Тор құрды жүгіргенге жырындылар.
Қояндар торға түскен өліп кетті,
Мұндайды көрмеп еді бұрын бұлар.
Оларды өлген деген зорыққаннан
Пікірдің қате екені анықталған.
Қараса сойып көріп, ішін ашып,
Жүрегі жарылыпты қорыққаннан.
«Кісімсіп, елден қалып қоям ба деп,
Көп қуса, батыр болар қоян да», – деп
Айтқан сөз құлағымда қалса-дағы,
Қояндар болады екен қоянжүрек.
Фәниде бауыр жазып, серпіле алмай,
Қаймықпай, қапаланбай, желпіне алмай,
Жүрегі тарс жарылып кетсе керек,
Өлдім деп тұяғын да серпи алмай.
Болсыншы деп жүргенде ояу жүрек,
Көргенде кей тірлікті қалам жүдеп.
Қорқатын көлеңкенің өзінен де,
Аз емес адамдар да қоянжүрек.
Аң мен құс жалпақ дала төсіндегі
Тірлігі бір-бірінен көш ілгері.
Тасалап әр бұтаны, тар жықпылды
Бұғумен өткен өмір осы ма еді?!
Үміт қып дүние-боқтан, жалған тақтан,
Адам көп арын сатқан, жанын сатқан.
«Түгі бар жүрегінде» – деген сөзді
Бабамыз тауып айтқан әлімсақтан.
Мұндайда кейде еріксіз қысыласың,
Өмірді көре-көре ысыласың.
Жүрегің бір қалыпты соғып тұрсын,
Жауыңнан жығылсаң да күші басым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері