Бала күнді сағындым
Бұл бетте «Бала күнді сағындым» атты Ақылбек Шаяхмет жазған бала туралы өлең берілген.
Досым!
Сонау бала күнді сағындым,
Сағынғаннан сан тарапқа сабылдым.
Өндім-өстім, гуілдестім, есейдім,
Өтірік пен өсекке де таңылдым,
Жұлым-жұлым тозған шұлық секілді
Жан жарасы жабырқаулы жанымның.
Жақыным да ұқпай қойды ниетімді,
Япыр-ай! Осы жұртқа не қылдым?!
Бала едік біз жаз – дәурені бал-шырын,
Жасырмайтын бір-бірінен жан сырын.
Жалған дүния қызыл құйрық түлкідей
Көлбеңдейтін көз алдында аңшының.
Қайран, аңшы!
Жолдан әнтек тайды ма,
Үркітті ме мылтығымен ар сынын?
Бала болып қызықтасақ, күнә емес,
Балалығын жоғалтқанға қарсымын!
Көңіліммен көкжиекке сүйреген,
Кей күндері симай кетем үйге мен.
Екеумізде бәрі, бәрі, бәрі бар,
Бір күн тұрмыс, бір күн өнер билеген.
Жандар да бар сын тақпайтын түйеге,
Мін табатын кіп-кішкентай түймеден,
Жылы сөзбен жұбатса да достарым,
Улы тілмен дұшпандарым түйреген.
Қолымызға ағаш түссе, мылтық қып,
Бала кезде қанша жанды үркіттік?!
Енді бізді полиция қорғайды,
Қолдарында шоқпары бар бір пұттық,
Қарын майды шірітсе бір құмалақ,
Қаламгерден ашымаған жыр күттік,
Көк мылжыңдар сөз сөйлесе тұра қап,
Сүтті-дағы жібермей ме іркіт қып.
Өкініштер өзекті өртеп көптеген,
Жетсем дейсің мақсатыңа діттеген.
Нені сепсең, соны ғана орасың,
Өнім жинап ала алмайды екпеген.
Сондай сәтте қандай күйде боласың,
Не шығады қара қазан – өкпеден?!
Қайраткердің сөзін, досым, сағындым,
Жүрегінен балалығы кетпеген…
Құбыжықтар туып жатса Семейде,
Өксік келіп тіреледі көмейге,
Соған барған, қару жарған адамдар
«Кім жерге ие? Мұнымыз не?» – демей ме?!
Тек бұйрыққа бағына ма, әлде олар,
Өз жеріне, өз еліне өгей ме?
Сан сауалдан суыртпақтап сыр тартсам,
Жүрегіме қадағалады көп ине.
Қиын жолда табысым аз, қатем мың,
Ақтадым ба үмітін мен әкемнің?!
Өткен күндер, не қалдырдың сен маған,
Келген күндер, маған нені әкелдің?
Өшуі үшін жер бетінен аты елдің,
Әлде өсуі керек пе екен атомның?!
Жер мен суда жарылыстар тоқтамай,
Жоғалуы мүмкін емес қатердің.
Зеңбіректің көмейіне қорғасын
Құйылса деп армандайды жолдасым.
Қару сынап, әбігер боп жүргендер
Көп адамның көрмей ме екен көз жасын.
Тілемей ме Семейдегі сәбилер,
Невадада жарылыстың болмасын.
Туған тілім үнім болса жырлаған,
Шалғайыма жармасады кей надан.
Сүйтер ме еді ана сүтін емген жан,
Сүйтер ме еді ата салтын сыйлаған?!
Өзге емшекті сорып жүріп, жетіскен,
Аз емес-ау жетілмеген «милы адам…»
Көз алдыма елестейді күшіктер
Енесінің төсін тістеп, қинаған.
Жанарымды арбап өмір сыйқырлы,
Тағдырымнан көріп жүрмін «сый» түрлі,
Жан жадырап жамыраса қозы-лақ,
Құлын-бота көзіме ыстық бір түрлі.
Аю болып көрсетпеген тырнағын,
Томпаңдаған қонжық қандай сүйкімді,
Сәл өскен соң өзгереді неге олар?
Осы бір ой бұзды менің ұйқымды…
Қайран, досым!
Достығымды сағындым,
Кір шалмаған жас күнімді сағындым,
Ақша таппай, арып-ашып жүрсек те,
Күліп өткен аш күнімді сағындым,
Алда қандай бөгет болсын, жапырып
Бұзып өтер тасқынымды сағындым.
Жел өтінде жалаудайын желбіреп,
Жайқалатын жастығымды сағындым,
Досым!
Сонау бала күнді сағындым…
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі