Жаратушы бір Алла!
Бұл бетте «Жаратушы бір Алла!» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жоқтан бар жасайтын,
Барды жоқ қылатын,
Кеңді тар жасайтын,
Азды көп қылатын
Айтшы!
Кім деп ойлайсың?
– Жаратушы бір Алла!
– Судан мұз жасайтын,
Қарды су қылатын,
Сордан тұз жасайтын,
Суды бу қылатын
Айтшы!
Кім деп ойлайсың?
– Жаратушы бір Алла!
– Соның бәрін қайдан білдің?
– Жазылған ғой Құранда!
* * *
Ия, Алла!
Несібеңнен құр тастама,
Жаманатқа бастама.
Келіп қалдық еріксіз жер ортасы жасқа да.
Таба қылып дұшпанға, күлкі қылма досқа да,
Ағайынға жұлысқан көрсетерім сес қана.
Түбі тесік кемеден іздемеймін бос пана,
Береке бер алдымда даяр тұрған асқа да.
Екі дүние қызығын көрсін деймін есті аға,
Тартсын тозақ шыжығын жүрген пенде төс қаға.
Мейіріміңді төге көр қайғы көрсе, басқаға,
Жылуыңды бере көр қатқан қара тасқа да.
Ақын едім сайран қып, елді аузына қаратқан,
Қолдан келер қайран жоқ,
Жарылқай көр, Жаратқан!
* * *
Ауыздан шыққан әр сөздің иесі менмін,
Зардабын сөздің көтерер түйесі менмін.
Сөздердің, бірақ, бастапқы иесі – Алла,
Тіл-көзден сақтап, қорғайтын киесі – Алла!
Ауыздан шыққан сөздердің патшасы менмін,
Семіртер жанды лебіздің жақтасы менмін.
Сөздердің кісі сағынар өзегі менмің,
Күн сайын ашып-жабылар қақпасы менмін.
Ауыздан шыққан сөздердің құлы да менмін,
Кетілген жүзі пышақтың қыры да менмін.
Өзгенің сөзін өзгертіп, өзім деп айтсам,
Ең қымбат затын қымқырған ұры да менмін.
Буынсыз тілім тәтті мен ащыны сүйген,
Татам деп дәмін, кей кезде отқа да күйген.
Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлгендер де бар,
Өзінің тілі басына пәле боп тиген.
Үзіліп түскен кездейсоқ түймеге алаң,
Тозаққа кіріп кетпес пе кимелеп надан.
Жұмақтың, бәлкім, төрінен мекенін табар
Көбірек тыңдап, азырақ сөйлеген адам.
Жалғанға жалпақ жарығын таратқан Алла,
Тіліме тәтті балды да жалатқан Алла,
Құлына мына көз салшы, Жаратқан Алла,
Аузыма жақсы сөз салшы, Жаратқан Алла!
* * *
Ең әуелі Сөз келген,
Содан кейін көз берген.
Көзі тоймай бұл пенде
Қалай жылдам өзгерген?!
Көзі көріп тұрса да,
«Көрмедім!» – деп сөз берген.
Сол қылығын тастамай,
Жамандыққа кез келген.
Істі Алладан бастамай,
Ізгілерді қоштамай,
Қалай ғана, ағайын,
Теңесеміз өзге елмен?!
* * *
Құстың соры – тор,
Аңның соры – ор,
Торға, орға түссе,
Адам болар қор.
Бірақ, әлі алда
Қиямет бар зор…
* * *
От шығады тамұқтан,
Нұр келеді жарықтан,
Медет тілер Алладан
Жабыққан мен қамыққан.
Су шығады бұлақтан,
Сөз тарайды құлақтан.
Ел-жұртқа да жағады
Жаратқанды ұнатқан.
Күн шығады шығыстан,
Сыйласады туысқан.
Жаратқанға жақпайды
Жақынымен суысқан.
Бал тамғанда тіліңнен,
Көтерілер бүгілген.
Хақтан жәрдем сұрайды
Жығылған мен сүрінген.
Иланған соң Құранға.
Адаспайсың тұманда.
Жол бастайтын, жөн сілтеп,
Жарылқайтын бір Алла.
* * *
Ісіп-кепкен,
Буға бөккен
Қанша байлық жиса да,
Сана сөнген,
Ұят өлген,
Имансызға не шара?!
Көзі көрген,
Шайтанға ерген
Қалай жейді кісі ақын?!
Басқа төнген
Қасқа көнген,
Бұлқынбайды мүсәпір.
Өрттей қаулап,
Жұртты жалмап,
Арсыздардың атағы,
Ағызған қан,
Шыққанша жан,
Қабырғаңа батады.
Пайда көрген
Құрттай өрген,
Адалдан да арам көп.
Ішің қайнап,
Бармақ шайнап,
Қылар қайрат, амал жоқ.
* * *
Арсыздардың ашылғанда етегі,
Имандылар бетін басып өтеді.
Байқап тұрсаң, бұл қара жер ежелден
Көргенді мен көргенсіздің мекені.
Көзі күліп, тасы жүріп Жаланың,
Арамдық та ашып алса аранын,
Адалдықтың әрекеті әлжуаз,
Қылығындай есеймеген баланың.
Көп бөлігін алып жатқан құрылықтың,
Мысы басым, сұсы қатты Сұмдықтың.
Құлағы үлкен, ұзын тілі Өсектің,
Қолы шолақ, аяғы ақсақ Шындықтың.
* * *
Біреу жүрсе болар іске бекініп,
Біреу жүрер өткен іске өкініп.
Шыңдығыңды сабап жатыр шыңғыртып
Тілі тәтті, беті жылтыр Өтірік.
Ара түспек болғанда оған Мейірім,
Арамзалар ішке бүгіп пейілін,
Өсек келіп айдап кетіп барады
Азынаған ақиқаттың үйірін.
Күннің көзін бүркегендей әңгүдік,
Қара бұлттар қайдан келді қаңғырып?!
Айдалада үйірінен адасқан
Құлын дауысы естіледі жаңғырып.
* * *
Аң мен құсты үйренгендер торда ұстап,
Өздері де кетеді екен аңға ұқсап.
Бұлбұлды әкеп қамап қойсаң қапасқа,
Ауырмай ма жан-жүрегің қан қақсап.
Ермек үшін құс ататын аңшылар
Арамызда әлімсақтан бар шығар.
Қызық көріп, қанын төксе хайуанның,
Бір күні оның өзінен де қан шығар.
Төрт түлікті жер бетіне таратқан,
Азық қылып адам үшін жаратқан.
Қыбырлаған, жыбырлаған жәндікті
Қылғи берме өтеді деп тамақтан.
Әйелдердің толтыруға кемісін,
Ішік қылсаң тышқандардың терісін,
Кесір болма көзі тоймас ешқашан,
«Алла бәрін жаратты! –деп, – мен үшін!»
Тәтті екен деп құйылғанды ыдысқа
Жұта берсең денсаулыққа дұрыс па?!
Жаратқанның несібесі өлшеулі,
Қанағат қыл берген, келген ырысқа…
* * *
Жер бетін жаңартуға бел байлаған
Көп жайға көзі көрмей сенбейді адам.
Кемені қауырсындай көкке ұшырып,
Жаратқан бұлтты қозғап, желді айдаған.
Болмаса көзің соқыр, құлақ керең,
Мәңгі емес жер бетінде тұрақ деген.
Тал-шыбық нөсер құйып, тазаланса,
Тау мен тас бетін шайған бұлақпенен.
Жартастың жатқан сүйіп суық тасын,
Судың да біл Құдайды ұмытпасын.
Жағажай – жайнамазы толқындардың,
Жағаға жатады олар ұрып басын.
Болғанда тау мен орман, дала тыныш,
Тағы да ашылғандай жаңа тыныс,
Аллаға жалбарынып, жақын барған
Жаралған мұсылман боп жаратылыс.
Биік қып көтермесек аласаны,
Елімнің жарқын болар болашағы,
Ендеше жердің бетін бүлдіретін
Жандарды кәпір десек жарасады.
* * *
Жақсылыққа жүргенді үміттеніп,
Жағасынан алады күдік келіп.
Не істер едің тосыннан Әзірейіл
Жалаңдатса қылышын кіріп келіп?!
Дейсің бе оған: «бітпеген ісім қалды…»
Бәлкім, қимай фәниді, ішің жанды.
Жалынсаң да, жазмышқа бағынсаң да,
Ажал аяр деймісің мұсылманды.
Шіренгенмен жетеді кімге күшің,
Сәйкес келмес өңіңмен мүлде түсің.
Жаратқанның құлысың, бірақ-та сен,
Ғалайсалам Мұхамбет үмбетісің.
Адам бар ма, ойласаң, сүйінбеген,
Бастар бар ма ешуақыт иілмеген?!
Өткелдерін өмірдің өтер шақта
Түзу жолда жан бар ма сүрінбеген?!
Көрсетпесек кісілік, кінәліміз,
Әзәзілдің кей кезде құралымыз.
Жаза бастық, жаңылдық, жапа шектік,
Азды-көпті баршамыз күнәліміз.
Ойда намыс, бар болса бойда жігер,
Ақ боз аты арманның алда жүрер.
Адам болып анадан туғаннан соң,
Аз ба, көп пе күнәміз, Алла білер…
Қалады артта сұм жалған – жайма кілем,
Көрген қызық жарқылдап ойға келер.
Жазалай ма, жаныңды тазалай ма,
Алдағы істі тек қана Алла білер…
* * *
Кейбір пенде сыналар жоқшылықта,
Кейбір пенде сыналар тоқшылықта,
Жаратқанның сынағы фәнидегі
Байлық, мансап, ауру, тапшылық та.
Біреуде бар біреуде жоқ болады,
Біреулер аш, біреулер тоқ болады.
Жандайшаптар жабылып жаралыға,
Жазықсыздар жаламен сотталады.
Тез кетпейді күздің де салқыны әлі,
Жүйріктер де көп шапса, алқынады.
Асып-тасып толған да тартылады,
Ағыл-тегіл болған да сарқылады.
Патша болса көп жұрттың бағынары,
Өзгертуге келмейді оның да әлі.
Тірлік кешу, өсу мен өлу, өшу,
Бұл фәнидің сынағы – соның бәрі.
* * *
Егін болып көктесе егілген дән,
Қуанасың марқайып көңіл бұған.
Туған жерде есіл ер жер жастанса,
Гүл боп шығар сол жерге төгілген қан.
Адамдар да өмірден алғаны көп,
Жүргеннен соң жер басып арманы көп.
Дос-жараны жырақта қаза болса,
Өкінеді: «топырақ салмадым», –деп.
Алуан шөптер өседі атырапта,
Бәрі бидай емес қой соқыр атқа.
Топырақтан жаралдың әуел баста,
Түбі қайтып барасың топыраққа.
* * *
Кісінің ішкі сырын кім біледі,
Түбінде не жатқанын кім көреді?!
Адамдар жол таппаған саңылаудан
Бір күні шайтан кіріп, бүлдіреді.
Жүректің тез табылмай, құрғыр, емі,
Тырнақпен шайтан оны тілгіледі.
Өт, бүйрек, өкпе, бауыр, асқазанның
Барлығын түгел былғап үлгіреді.
Пенделер ажыратып оң мен солын,
Былғамай қи мен күлге аяқ-қолын.
Тәні мен жанын сүттей таза ұстаса,
Табады құтылудың жалғыз жолын.
* * *
Құлшылықтың нәрі болса тіршілік,
Тіршіліктің мәні болған құлшылық.
Алла жар боп, бағы жанған кей кісі
Түлен түртсе, отырады қырсығып.
Құлшылықпен қатар жүрсе тіршілік,
Жапан түзге кетеді екен гүл шығып.
Қатарыңмен ойнап-күлсең – ғанибет,
Пайда бар ма аһ ұрғанмен, күрсініп?!
Гүлге толып тұрмас күнде жан-жағың,
Таусылмайды адамзаттың арманы.
Жолың болса, ден сау болса, бай болсаң,
Бір Алланы есіңе алсаң болғаны.
* * *
Көптен бері астан, судан тыйылған,
Тамағынан өтпей қалған түйір дән,
Сырқаттар да ақтық демін аларда
Жаратқанға жалбарынып, сыйынған.
Сараңдар да тиын салған дорбаға,
Дінсіздер де бұрылмаған Қағбаға,
Ұшақтары жанып бара жатқанда,
Кешу сұрап, жалбарынған Аллаға.
Елді ойлаған әділетті патша да,
Жомарттар да табынбаған ақшаға,
Бар парызын орындаған сопы да
Раббым деген жүрсе, тұрса, жатса да.
Тіршілікте дәмін татып бұйырған,
Құр қалмаған Бір Аллаға сыйынған.
Алла деген тілек тұрсын жүректе,
Алла деген сөз шықпасын миыңнан.
* * *
Ақ ниетпен бастағанда жол басын,
Таза жүру болған кезде арға сын,
Өрістерде көбейгенде мал басы,
Диқандардың толған кезде қамбасы,
Шабандоздар сүріндірмей жорғасын,
Тізгіншілер бүліндірмей арбасын,
Игі істердің жалғай біліп жалғасын,
Азаматтар жүдетпесе жолдасын,
Бұл жалғанға қонақ болып келгенде,
Жаратушы адалдарды қолдасын!
* * *
Адам аз тура сөзге тоқтайтұғын,
Адам көп ала жіптен аттайтұғын.
Адамның жараспайтын қылығы көп,
Аллаға ешқашан да жақпайтұғын.
Адам көп жолдағыны таптайтұғын,
Адам көп жазықсызды соттайтұғын.
Көбірек ішсем, жесем, байысам деп,
Жүреді тіршілікте таппай тыным.
Аз емес адамдар да мақтайтұғын,
Ақ сүтін анасының ақтайтұғын.
Сөзі шын, ісі түзу пенделерді
Алланың білсең болды жақтайтынын…
* * *
Жеткізсін жақсылыққа Алла десем,
Әруақтар қолда десем, қорға десем,
Әруаққа емес менің табынғаным,
Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,
Келгенім осы күнге аман-есен.
Істеген ісімді Алла білсін десем,
Әруақтар желеп-жебеп жүрсін десем,
Әруаққа емес менің табынғаным,
Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,
Шер кетпес, Алланы айтып, күрсінбесем.
Барғанда ата-анамның қабіріне,
Шүкірлік қылған болсам өміріме,
Әруаққа емес менің табынғаным,
Тағзым қып Жаратқанға, жалынғаным,
Алланың бойсұнғаным әміріне.
Жалғанның шыдай біліп қорлығына,
Құдайдың шәк келтірме барлығына.
Құранды оқығанда ұйығаным,
Әруаққа емес менің сиынғаным,
Алланың көнгендігім жарлығына.
Қаз басқан керегі не еліме егес,
Жік түссе жүректерге, сенім емес.
Сарқылғаның,
кем болмақ, бар болмағың,
Артылмағың,
тең болмақ, қор болмағың –
Бір Алладан басқаға мәлім емес.
* * *
Сұрағанда Алладан тілек кісі,
«Болсам дейді адамның жүректісі».
Кейбіреуі көрсетсе білек күшін,
Аяр тілге сенеді кіл ептісі.
Атқарылып жатса да қанша зор іс,
Ағыл-тегіл төбеден жауса да ырыс,
Жүректі деп пендені мақтағанмен,
Жүрек іші тап-таза болса дұрыс.
Жүрегінің дүрсілін кім тыңдаса,
Озбырлардай болам деп ұмтылмаса.
Жер бетінде қиянат болмас па еді,
Іштің кірін тазалау мүмкін болса…
* * *
Алла деген Абай сөзі – жан-сырым,
АллаҺ десе қазақ, оған қарсымын.
Алла атынан қашқандарға таң қалам,
Алла деген есімі деп әншінің.
Алланы айтып соғады екен жүрегім,
Алла есімін барлық жерден көремін.
Алла – сенің жарылқаушың, сүйеуің,
Алло десең – ол да Алла дегенің.
Алла десең, елжірейді ел іші,
Алма жесең – ол жұмақтың жемісі.
Адам ата – ең алғашқы пайғамбар,
Адам болсаң – болмас сөздің терісі.
Қарсы алғанда тамылжыған таңымды,
Ана тілден бар қасиет танылды.
Адам ата дәуірінен басталған
Қазақ сөзі Құдайға да жағымды.
* * *
Оңнан солға оқысам Алла деймін,
Солдан оңға оқысам Алла деймін,
Араб әрпін сол сөзге қосып алған
Не қылған «оқымысты» молда деймін?!
* * *
Барлық сөздер айтылған,
Қайталанған сан рет,
Айтса-дағы қай тұлғаң,
Айтқыздырған Құдірет.
Барлық әндер айтылған,
Қайталанған сан рет,
Айнымасаң қалпыңнан,
Айнытпаған Құдырет.
Барлық күйлер шертілген,
Қайталанған сан рет,
Айыға алсаң дертіңнен,
Айықтырған Құдірет.
Таза болса болғаны
Денедегі жұмыр ет,
Сенің берік қорғаның
Жаратушы Құдірет!
* * *
Тұңғиықта – тұма сыр,
Тым биікте – шын асыл,
Көзі жетіп тұрса да,
Кім айтады расын?!
Ат көтермес кінәсін,
Нар көтермес күнәсін
Көтере алған пендесін
Алла тағы сынасын…
* * *
Таласқандар тәж бен таққа
Оранады майдан-отқа,
Былғанады дүние-боққа,
Болады ақыр ойран-ботқа,
Жауап берер күн келеді
Қияметте болған сотта.
* * *
Өмірдің жалғасына иланбаған
Пендені көзім көрді қиналмаған.
Барлығын түгел жұмсап үлгермейді,
Байлығын бұл фәнидің жиғанда адам.
Мұнафиқ – екі жүзді қазақтағы
Білер ме алар орнын тозақтағы.
«Кісіден нені естісем, соны айттым!» — деп,
Өзіне шақыра ма азап тағы?!
Сенгендер көп болған соң уәсуасқа,
Рәсуа болды сөзім есуасқа.
Әйтеуір, ырзалықпен берсем дедім,
Өкінбей шығын болған есіл асқа.
Жер көрдім ат үстінде желіп жүріп,
Дос жидым ағайынға беріп жүріп.
Дән ексем топыраққа, жауын болсын,
Жайқалып көктеп шығар егінді күт.
Көп болса дос-жараным менде қимас,
Бола алса өлең-жырым елге мирас,
Кетпесе ғұмыр-зайғы өтіп босқа,
«Нені ексең – соны орасың!» деген рас!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі