Ақылдың азабы

Бұл бетте «Ақылдың азабы» атты Софы Сматаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақылдың қайтем азабын тартып,
Оянбай қойса ой мүлде.
Кетер ем жонға таза мұңды артып,
Тоқтамай қойса той күнде.
Шыңғыртып жанды адасып табар
Азаптың түбі – кекті өлім.
Бір-бірін бүгін таласып қабар
Кешегі қайран текті елім.
Намыстың құлы бола алмай қазақ
Ұмытты Шоқан, Абайын.
Болды ғой сұмдық ой, Алла-ай, ғажап
Туысқа жау боп ағайын.
Шығыстың тонап дәстүрін Батыс
Күл қылып жақты көнемді.
Шарт та шұрт айқас, қаскүнем атыс
Жұмарлап жатыр Әлемді.
Оятпай ойды, үрейді үйіп,
Жүректің қабын тілгілеп.
Қабығын мидың күрейді күйік,
Өңештен зарды үргілеп.
Тәңірдің тапқан талқысы ма екен
Ақылды жексе азапқа.
Жалқысы түгіл жалпысы бөтен
Атар ма таңы қазаққа.
… Ақылдың жүрміз азабын илеп,
Оята да алмай ойды есті.
Төрдегі топтың ажары билеп,
Жаңғыртып жатыр тойды ескі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері