Жерініп естен танасың

Бұл бетте «Жерініп естен танасың» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жерініп естен танасың,
Қорынып қаның қайнайды.
Ұмытшақ Адам Баласын,
Құр үмітке жіпсіз байлайды.
Туа сап қасірет шегеді,
Шикілік түбі – әріде.
Қисынсыз кәрін төгеді,
Қарамай жас па, кәрі ме.
Болмасын дей ме ортағы,
Қалардай арты ашылып –
Қиямет жүгін артады
Теңдесе кетсең тасынып.
...Дүние-жардан кұладың,
Қосылып көрге түспедім.
Құл болдым кескен құлағын,
Сен бар да –
Құдіреті Күшті едім.
Бұл фәни – жалған... ашына –
Оттан да ыстық өткенше.
Тиеді таяқ басыңа
Аяғыңа қашан жеткенше...
Тозбастан тағдыр-табаным,
Өлдім деп, ұлым, өкінбе?!
Дағдардым білмей не барын –
Қызығардай Жердің Бетінде!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері