Әлди жыры

Бұл бетте «Әлди жыры» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

І
Өмірдің сырын ұқпастан,
Тірлік мәніне үңіліп –
Тал-бесіктен белің шықпастан,
Барады көзің жұмылып.
Әлди, ұлым, әлди.
Әтірдей иісің бұрқырап,
Жарлауға біткен жалбызым,
Шыбыным – жаным шырқырап,
Талайдан күткен жалғызым.
Әлди, әлди, әлди.
Ернімді тиген бетіңе
Қозданған шоқтай қарыдың.
Қалдырып желдің өтіне,
Таусылды көрер жарығың.
Әлди, ұлым, әлди.
Арзасы болса – сен де кеш,
Ақ сүтін емген кешті Анаң.
Періште бейне пенде емес –
Әкеңді де кеш, кеш, балам.
Әлди, әлди, әлди.
Аңыраймын да аңсаймын,
Айрылған жыннан бақсыңмын.
Топырағына Кеңсайдың
Тәніңді қимай тапсырдым.
Әлди, ұлым, әлди.
Көңілім – суық көрдейін,
Зар құшқан Адам Затымын.
Жоқтайын – жырмен тербейін,
Жер-бесігіңе жат, ұлым.
Әлди, әлди, әлди.
Төбеленіп тайқы маңдайым,
Тарыққанымды ұғарсың –
Ағарып атқан таңдайын,
Алдымнан боздап шығарсың.
Әлди, ұлым, әлди...
II
Жампоздықтың шарты ма –
Жалғызым-ау, неткенің:
Тастап кетіп артыңа,
Нахақ еңіреткенің?!
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Жемісіңді көрмедім,
Жайқалмады желегің –
Құрғамастан жөргегің,
Жер-бесікке бөледім.
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Қайғы зілін көтердім,
Түнек басты сананы.
Шөккен таудай әкеңнің,
Жан-жүрегі жаралы.
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Қарап қабақ-қасыма,
Хош айтады Адамдар.
Қимас өмір осы ма,
Бұл итіңде не мән бар?!
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Ғұмырыңның шолағы-ай,
Есік пенен төрдейін.
Бар қызығың, обал-ай,
Бесік пенен Көрдейін...
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Толды жасқа етегім,
Кім бар, кім жоқ кепкенше?!
Әлдилеумен өтемін,
Басым жерге жеткенше!..
Әлди, әлди,
Әлди, Мұнар, әлди-ай.
Әлди, әлди, әлди,
Әлди... ұлым... әлди-ай....


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері