Жан жарасы асқынды

Бұл бетте «Жан жарасы асқынды» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жан жарасы асқынды
(Жазылар тән жарасы) –
Дүниені қара бастырды
Адамзаттың Баласы.
Түтініне ыстаған
Бәрі шала тірліктің.
Қыңыр басқан күс табан
Күні қараң Бірліктің.
Іште – төртеу – шалағай,
Сыртта – алтау – алауыз.
Өлетұғын баладай
Қайда... лағып барамыз?!
Шонтық, шолақ белсенді
Шала құдай әлі күн –
Көтертпейді еңсеңді
Үптеп көңіл жарығын.
Жалпасынан өседі,
Желкесінен қиылып –
Атқамінер кешегі
Бүгін де қамшы үйіріп.
Тағы ұрады – жылама,
Жағыңды ашпа, үндеме?!
Ертеңіңді сұрама –
Айналғандай мүрдеге!
Күннің соқыр-кереңі,
Жер мылқауы – досым-ау,
Қайталана береді
Қасіретің осынау!
Күшін қозға миыңның
Қор болғанша омалып –
Басқа түскен қиынның
Бір амалын табалық?!
Артымызға байланған
Құтылалық шаладан –
Құртуға әбден айналған
Арылалық наладан!
Шала таным-сананың
Тіккен туын құлатып –
Ашты ажал-аранын
Шалажансар Уақыт.
Түбімізге жетеді
Шалапісті шикілер.
Іс қылар ма жетелі
Шалажүйке күйкілер?!
Дүмше жалған даналар,
Шикі, шала көсемдер,
Жартыкеш ой-шалалар,
Бүтіндіктен есендер!
Жылмаңдайды не түрлі
Шала майлы қалақша.
Пайым парқын кетірді
Шартық сауда, шала ақша.
Шала сауат-білімді
Жез жекініп темірге –
Шала орта бүлінді
Шала-шарпы өмірде.
Шала сұрақ-жауапты
Шала пиғыл жарамас –
Шала обал-сауапты,
Шала ұйқылы, шала мас.
Өлі ұйқыдан оянды
Құныс күдік қаншама?!
Жалған өмірбаянды
Шошынтады шал шала.
Ұшырады үрейді
Надандықтың таласы.
Теспей теріңді ірейді
Қам жігіттің шала ісі.
Бастауыңды шегендеп,
Тұнығыңды ылайлар –
Бас-еркіңді көгендеп,
Құдайдан да былайлар.
Сезсе осал жеріңді
Селебесін сұғады –
Шала қазып көріңді,
Жарға итеріп жығады.
Сау қалмайсың сұқтанса,
Қиылады өркенің –
Құйтұрқысын ұққанша
Қой бастаған серкенің.
Әдетіне басады,
Арандатып бітіріп –
Қайқы пышақ қасабы
Қақпа артында күтініп...
Шынайы аз да, шала көп –
Ақыретті, азапты.
Шалғайынан ала кет,
Көрсең – шала қазақты!
Шала естінің мазасы
Кетсін – көзі алайып.
Иттің де адал тазасы
Жақсы емес пе, халайық?!
Шала күйден жерінген
Шала күйек – төл кеміп,
Қалай шала сеніммен
Күнелтеміз ел болып?!
Туды шала толғақтан
Кемтар – ғарып сәбилер –
Шайқалды зор салмақтан
Қызыл үйлер, ақ үйлер...
Тарих – шала, тіл – шала,
Ділсіз Адам – Адам ба?!
Не көрінді мұншама,
Заң да – шала, заман да!
Аспан – шала, Бұлт – шала,
Жер де Көктей солмасын?!
Халық – шала, Ұлт – шала,
Қоғам шала болғасын!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері