Онсыз да ақ тер, көк термін

Бұл бетте «Онсыз да ақ тер, көк термін» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Онсыз да ақ тер, көк термін,
Көңіл аулап, көз бояп –
Приватизацияға тап келдім,
Басқа қайғым аздай-ақ:
«Ауызы қисық болса да,
Сөйлесін бай баласы!» –
Ей, қу кедей, шаршама,
Шаңыраққа қарашы?!
Ес жимақсың ерулеп,
Төр, байғұс-ау, не теңің?!
Жыртығынан жел улеп,
Желпілдейді етегің.
Басқа тартпа, бейшара,
Жетпей жатып бұтыңа?!
Уақыт – көрбан, не шара,
Сұры қашқан құтыңа!
Тегің түбіңе жетеді,
Бұралқы иттей сұғанақ.
Ендігі ғұмырың өтеді –
Босағадан сығалап.
Ішін берген бұл өмір
Тысын бере – көнесің.
Дөй тоқ аштың, біле-біл,
Ұрады ұдай енесін!
Қашан қурап солғанша
Сорлап өту – кесімің.
Дәрет алып болғанша
Күзетесің есігін.
Тәу етіп тәж-тағына,
Ыстық күйің салқындап –
Айтақтаған жағына
Жүгіресің арпылдап.
Таусап тірлік қиынын,
Жан-жағыңа алақтап –
Қабысып қос бүйірің,
Тілің текке салақтап...
Атқа қонған тартыспен
Сана сепсіз көмекке –
Қайран Карл Маркс пен
Ленинге жоқ өкпе.
Ұрды тәңір тосыннан
Тас-төбеден қос-қолдап.
Жатқа жолай қосылған
Марксизм – баспалдақ.
Салды қыспақ-темірге
Жаратушы аямай.
Жөгі қимыл жебірге
Ленинизм – саяжай.
Социализм дегеннің
Ұмыт болды жоқ-бары.
Уайымын жегеннің
Ақыл-кені – көкпары.
Хоштығыңды сезінген
Жарқын шағың – арманда.
Барлық пәле – өзіңнен,
Ерік берген жалғанға.
Кері тартып шалқаяқ,
Керден кеткен кезіміз.
Ми-жүйкені жалқаяқ
Су еткен де – өзіміз.
Ғасыр бойын құзарлап.
Сырық байлап құрыққа –
Құдды өгізбұзаулап,
Мөңіредік тұлыпқа.
Теріс бағын сағалап,
Оңның сорын кайнаттық –
Бейне шошқа тағалап,
Аспан аңдып, ай бақтық.
Кісі ақысын малданып,
Ырыс мойынын дау үзген –
Құр қиялға алданып,
Орақ ордық ауызбен.
Азып мазмұн-мәніміз,
Кім-көрінген биледі.
Жүрегіміз-жанымыз –
Құрт-құмырсқа илеуі.
Сұрқай тұсқа шүбәлі
Надандығың – кінәлі.
«Күшті үстіңе шығады!» –
Ертеңгінің ұраны.
Кез келгені – пір-нұсқа,
Кереметтей көшкін боп.
Жасалынған қылмысқа
Жауап берер ешкім жоқ.
Жария қайта кұрудың,
Міне, адыра қалғаны –
Жетпіс жылғы ЦРУ-дың
Орындалды арманы.
Шаһит болды – жоғалды,
Дұға оқыдық, зират қып –
Қалыптасқан қоғамды
Көрер көзге қираттық.
Бірімізге біріміз
Аш бұқадай аларып –
Өлімізге тіріміз
Хас дұшпандай қарадық.
Қалмағандай мерей түк,
Қасіреттей суынып –
Аяқ-қолын серейтіп,
Алдық көрден суырып.
...Аждаһаның кесілген
Жалғадық та құйрығын –
Тайқып нақты шешімнен,
Тостық нарық бұйрығын.
Ақ-қарасын айыршы,
Өткен дәуір – көзайым:
Еңбек еткен – қайыршы,
Желге бөккен – қожайын.
Дер бабына зар құмай –
Қуса қоян алмайтын.
Күнің туды, Дарвин-ай,
Жоқ-жітікті жалмайтын!
Жеумен қамын артының,
Күпті болды көмескі ой.
Саттық елдің алтынын,
Алтын Адам емес қой?!
Кетті тәртіп бетімен,
Жариялықтан жасқанып –
Түрпі тиіп шетінен,
Түгел сата бастадық,
Добын қуған думанның
Еңіретіп ер саттық.
Тамырын кеулеп туғанның,
Топырақ саттық... жер саттық
Қияметті қыл-көпір –
Жұлмыр кезең қату ма?!
Айналмасына кім кепіл –
Отанын да сатуға!
«Ұрыста не тұрыс бар!» –
Түн етеді күніңді?!
Рухани құныстар
Өшіреді үніңді?!
Қондығады құлқын кеп
Ақ ордаңа өртенген –
Шығарады біртіндеп
Жегеніңді желкеңнен?!
Тайдырып бақ-құсыңды,
Тамұғына түскенің –
Ірітеді ішіңді
Ірің болып ішкенің?!
Қыр-арқаңды майырар
Құбыл құлық пысықтар –
Жар-құшақтан айырар,
Құнтың бар да құшып қал?!
Есіреді-ақ еркіндеп,
Жуан шығып білегі –
Тұрмысыңды төркіндеп,
Төсегіңді тіледі?!
Шелі кеуіп қатқан көн
Қалыбына тартады –
Заман солай тап келген:
Тірі Құдай –
Қалталы?!
Құдіреттей –
Қарынды,
Қашырады күйтіңді –
Шағып мұң мен зарыңды,
Сығып жейсің битіңді?!
Толайыңмен жұтады –
Обыр Өңеш Қомағай:
Көнбіс Халық –
Не ұтады?!
Әттеген-ай...
Обал-ай!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері