Бұзықтық жоқ пейілімде

Бұл бетте «Бұзықтық жоқ пейілімде» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бұзықтық жоқ пейілімде,
Оң де, мейлің, теріс де:
Ақ Шайтан – бір иінімде,
Бір иінімде – Періште.
Бақ-сорымды саралап,
Елден ерек санадым –
Екеуіне, алалап,
Екі бөлек қарадым.
Зәбір шегіп, зар қақсап,
Жастық шағым кетті өтіп –
Періштемді қорғаштап,
Шайтанымды шеттетіп.
Зейнетті деп айта алман,
Жігіт кезім желөкпе –
Періштемді Шайтанға
Жығып беру керек пе ед?!
Осы сұрақ дәйімі
Көкейімде тұрады.
Адассам – не айыбы,
Басқаға артпан кінәні!
Өлеңім де, өзім де
Періштеге айналып –
Кір түсірдім сезімге,
Көңіл көгін қайғы алып.
Шайтанымды құл еттім,
Күндіз-түні басқа ұрып –
Дерті меңдеп жүректің,
Жан жарасы асқынып.
Періштемді – Құдай қылдым,
Содан тапқан не олжам бар –
Жалғызымнан айрылдым,
Жәй-күйімді болжаңдар?!
Заманға сай кәсібі
Жын-Періге – бөтенмін.
Тірі емеспін, әсілі,
Өліден де бетермін.
Көргеніме – мақұлмын,
Көретінім – әлі көп.
Азып бара жатырмын,
Албастыдан әрі боп...
...Басты тағдыр иықтан,
Алған беттен қайтамын –
Шығарар ма тұйықтан,
Қол созар ма Шайтаным?!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері