Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң
Бұл бетте «Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң» атты Дәркен Танабаев жазған мұң туралы өлең берілген.
Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң,
Шым қалада мезі болып, ауырдым.
Қайдасың деп, Қазығұртқа тартып ем,
Рахаты-ай! Рахаты-ай! ауылдың.
Төркіндетіп қуанып жүр көктем кеп,
Жоталар да сайлары да көкпеңбек.
Көлшіктенген дымқыл жолдың жиегі,
Кеше ғана жаңбыр сеуіп өткен деп.
Ашуы да сезілмейді ызғардың,
Жүрек тулап алып ұшса ұстар кім?
Сағынышты сазды әуенмен сайраған,
Саңқылдаған әні қандай құстардың.
Тырналардың үні естілді үзіліп,
Көк аспанға көз тастадым сүзіліп.
Қырға шығып жыл құстарын қарсы алдым,
Сарбаздардай сап түзеген тізіліп.
Кім бойлаған гүл көктемнің сырына,
Жұпар сепкен Қазығұрттың қырына.
Жүз түрлі гүл жұлдыздардай жымыңдап,
Жайқалады күннің сиқыр нұрына.
Осы күнді қанша күттік, аңсадық,
Құмырсқа да илеу салған жан салып.
Тіршіліктің туған күнін тойлауда,
Масаң тірлік «наурыз» дейді жар салып.
Беу, Табиғат! құдіретіңмен таң қылған,
Көз ашпай-ақ қойды дала жаңбырдан.
Қар астында үш ай ұйықтап мызғып ед,
Жапан біткен қайта гүлдеп жаңғырған.
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі