Менің Құлагеріме

Бұл бетте «Менің Құлагеріме» атты Бақытжан Алдияр жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Әркімнің өз Құлагері болады…». Сәкен сері Жүнісов

Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,
Көңілім көп кещеден жырақта өлді.
Уақыттың бәйгесінен Құлагерім
Құдай-ай, құлап келмей жылап келді.

Құлагер құламады, жылады кеп,
Құдайдың қандай қиын сынағы деп.
Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,
Тым құрыса, жұбатсамшы бір-ақ рет.

Тұрады тұлпар Құла тұралаған,
Туатын жан едік-ау бір анадан.
Жануар, сен – жылқы едің, мен – жалқы едім,
Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған.

Жануар, сен де жүйрік, мен де жүйрік,
Жүрекке мұң да жидық, шер де жидық.
Қазаққа болсын деп ек қаз-қаз басқан,
Малшынған маңдайымыз терге жидіп.

Сен жоқта жабылардың жел сорды іші,
Ер жоқта кеще шешен – ең сорлысы.
Ішінде жүйріктердің – сен соңғысы,
Ішінде ақындардың – мен соңғысы.

Қанатты саған бермей құсқа берген
Құдайдан айналайын ұста келген.
Балтасын Батыраш бар ұстап өлген,
Батырда Бақытжан бар дұшпаны өрген.

Жануар, кетейікші осы арадан,
Жан ұғар аттайықшы босағадан –
Қотыраш қан қыстамас құтты іргеден,
Батыраш балта ұстамас Қособадан.

Көп кеще мен Бөріні жылатты Айға,
Сені де мазақ етті шұнақ тайға.
Қазаққа жүйрік осы тұрақтай ма?!
Жануар, кетейікші…
Бірақ қайда?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері