Бастықтар және олардың әйелдерi

Бұл бетте «Бастықтар және олардың әйелдерi» атты Оспанхан Әубәкіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Елдiң аты ел емес пе,
Кейде көл, кейде шөл емес пе?
Ел болған соң ел iшiнде,
Өсек-аяң көп емес пе?
Сондай өсек өрiп жүр
Мына бiздiң Қастекте.
Жұрт шындықты өсек дейдi,
Шындықты айтқан кiсiнi
«Өсекшi» деп есептейдi.
Алайда, бұлай десек те.
Ал, ендi мынау өсек пе?
Мысалы:
Майлыбаев деректiр,
Әйелi Мәруә кадр бөлiмi.
Сонда деректiр не деп тұр?
«Шығар» десе, шығарады,
«Қабылда» десе, қабылдайды.
Деректiрiң үшiн
Мұндай маман табылмайды.
Бұл – бiр деңiз.
(Құдай сақтасын өсек деп жүрмеңiз).
Сосын:
Өзiңнiң досың,
Зоотехник Әбiлқасым
Ой, керемет пысық кiсi.
Айтысып жүрiп (түсiп тiсi),
Бұл да шаруасын тындырды.
Фарида дейтiн жұбайы,
Орталық қойманың құдайы.
Ет, сүт, қант, шәй үйiне,
Ағылып жатады ұдайы.
(Әй, дегенмен бiледi-ау,
Пайдалы жердi бұ байы).
Қош деңiз:
Емеген дейтiн бас бұғалтыр,
Емегеннiң әйелi,
«Құрылыс бөлiмiнде жас бұғалтыр.
Тұра алмайсыз қоштамай,
Құдай екеуiн қосқаны-ай!..
Бiрiнiң кемiсiн бiрi жаппай ма,
Әйтеуiр.., ебiн таппай ма?
Осындайын бiлмесе,
Халық босқа даттай ма?
Сосын инженер Көшеков,
Мұның да басы шақша боп,
Әйтеуiр әйелiне орын тапты,
«Жұрттан қалмаймын» – деп жүрiп.
Шапқылап жүрiп орындапты.
Қаукен деген бiр пысық,
Бастықтармен жұлқысып.
Бұ да орыннан дәм еттi,
Сүйтiп жүрiп ақыры
Бұ да әйелiн дәу еттi.
Екеуi де агроном,
Тұра алмайсың қоштамай
Құдай екеуiн қосқаны-ай!..
Тағы бiрнеше бастықтың
Әйелдерi бос екен.
Алдағы жылы деректiрдiң
Шұғылданатыны осы екен.
Өсек, өсек десек те,
Ал, ендi осы өсек пе?
Көрiп жүрмiз көбiмiз.
Сенбесеңiз осыған,
Келiңiз де көрiңiз.


Күйеуi:

– Мынау iстi бүйтер ек,
Анау iстi сүйтер ек.
Кешке дейiн жалпиып,
Отырасың жүйкелеп.

Әйелi:

– Маза бершi-ей, күйгелек,
Анау шөптi жый бөлек.
Ұзақ күнге жатасың,
Көзiңе шыбын үймелеп...

Күйеуi:

– Жисаң өзiң жый бөлек,
Айттым маған тиме деп.
Өсек десе, шiркiн-ай,
Кiрер ме едiң кимелеп!

Әйелi:

– Тағы ұтқыздың серкенi,
Жат ендi илеп көрпенi.
Тауды үйiне тасып жүр,
Елдiң сендей еркегi.

Күйеуi:

– Уа, кемпес ақырын,
Бұл сөзiңнiң аты кiм?
Бермесiңдi алады
Көрдiң бе, елдiң қатынын!

Әйелi:

– Сапылдап қал шешенiм,
Дұрыс болсын есебiң.
Бәрiн салдың картаға,
Қалды жалғыз есегiң.

Күйеуi:

– Тарт әй, байқұс тiлiңдi,
Не дүниең бүлiндi?
Сенi де салам картаға,
Төлегемiн құныңды.

Әйелi:

– Шығып па едi тиының,
Өттi маған күйiгiң.
Орта жолда өлмеп пе едi,
Бiзге апарған сиырың?!

Күйеуi:

– Ой, көгергiр көсегең,
Қиқуладың кешеден.
Қонақ отыр ұят қой,
Неткен өзiң есек-ең?!

Мен:

– Оу, кiдiршi туысқан,
Жаман ғой сөз қуысқан.
Айтысам деп жеңгеймен,
Қаласың ғой жұмыстан.

Әйелi:

– Әй, қайыным, қайыным,
Қайтем айтып айыбын!
«Мал табады» картамен,
Бұл отырған жайының.
Сауыншы ем мен фермеде,
Суретiм тұр көрмеде.
Жiбермедi қызғанып,
Мына надан көрмеге.
Кеше мынау мас едi,
Былай дедi Кәсенге:
Осы бiздiң Құйқабай,
«Как собака на сене».

Мен:

– Бармаса өзi жұмысқа,
Сiздi ұстаса қуыста.
Ендеше сол Кәсендi,
Бұлай деуi дұрыс па?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері