Мені көрсеңдер, қашыңдар

Бұл бетте «Мені көрсеңдер, қашыңдар» атты Оспанхан Әубәкіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

О, құдірет-ай!
Жұрттың басы кәдімгі бас секілді.
Ал менің антұрған басым
Өзіме қас секілді, –
Қайдағы бәлеге бейім тұрады,
«Кім жақсылық істейді?» десе,
Жұрттың соңында қалып кейін тұрады.
Арамдықты айнытпай сезе қалады.
«Кім иттік істейді» десе,
Азаннан тұрып кеп кезек алады.
Иттігі сол емес пе,
Көрмеген дауға айғақ болады.
Қаны қарайған пышаққа қайрақ болады.
«Анау сені сүйтем, – деді, –
Қолыма түссе шашлық жасап,
Секесуілдің шоғына қақтап үйітем, – деді», – деп,
Есінеп жүрген екеуді жұлыстырып,
Жоқ жерде жұмыс құрып,
Тұнықты лайлап сапырып кетеді.
Түбі керек бола ма деп,
Миллициясын да шақырып кетеді.
Біреуді өсіру жайлы сөз болса,
Сондай бір сөзге кез болса,
«Өй, ол қояншықты білемін,
Қазанын шағып, кескілеп кілемін,
Әйелін балконнан лақтырып,
Шешесін балағаттап,
Әкесін құлаққа ұрған,
Осы кеше ғана көрдім,
«Құритын болдым» деп жылап тұрған», – деп,
Үміт туғызып отырған адамға
Күдік туғызып,
Артынан жар, алдынан құдық құрғызып,
Танымайтын, білмейтін адамына,
Өрт қойып қадамына,
Жұрттың ақ пікірін ірітіп кетеді.
Мұнысына алтын тапқандай қуанып,
Ойламаған жерде бір «ұтып» кетеді.
Міне, осындай басым бар.
Жан сақтағыларың келсе,
Мені көрсеңдер, қашыңдар!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері